Мемлекетіміздің басты байлығының бірі – табиғат. Ал оны аялап, ардақтау – адамзаттың ортақ парызы. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп бабаларымыз айтқандай, келер ұрпақтың ырыс-құтты, бақ-берекелі болуы қоршаған ортаға деген құрметтен басталады. Осы орайда табиғи қорларды көздің қарашығындай сақтап, ну орманның көркемдігін арттырған орман қорғаушылардың еңбегі еселі. Жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде елімізде орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Дәстүрлі мереке биыл да өз жалғасын тауып, Қонаев қалалық Мәдениет үйінде табиғат қорғаушылары құрметтелді.
Өңіріміз бойынша орман шаруашылығында 700-ден астам білікті де жауапты мамандар аса маңызды жұмысты адал атқарып келеді. Күз бен қыстың бұрқыраған бораны мен қақаған аязына, жаздың аптап ыстығына қарамай табиғаттың сұлулығын сақтап еңбек етіп жүрген жандарға деген құрмет зор. Мерекелік шарада алғашқы құттықтау сөзді алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым мамандарды кәсіби мерекесімен құттықтап, орман алқаптары ең үлкен ұлттық қазынамыз екенін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде:
– Орман – еліміздің рухани әлеуеті мен денсаулықтың қайнар көзі. Облыстағы орман қорының жалпы ауданы 2, 2 млн гектарды құрайды. Ормандарды қорғау, күзету және нығайту саласында қызмет атқаратын 7 орманшаруашылық-коммуналдық мекеме бар. Осы салада жұмыс атқаратын қызметкерлердің саны өткен жылы 165 адамға көбейіп, қазіргі уақытта 722 адамға жетті. Сонымен қатар 2023 жылдың 1-шілдесінен бастап орман қорғаушылардың және осы жылдың 1-шілдесінен бастап орман өрт сөндіру стансасы қызметкерлерінің жалақысы 100 пайызға көтерілді, – деп жағымды жаңалықты жіпке тізіп, өңіріміздің орман қорын нығайтуға және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты.
Сондай-ақ Нұрлан Ерғалиұлы орманды қорғау мен күзетуде облыс әкімдігінің ықпалымен орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығая түскенін айтты. Осы салада жылдар бойы тынбай еңбек еткен бірқатар мамандарға сый-сияпат көрсетіп, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті. Әкімдік тарапынан орман шаруашылығы саласындағы зейнеткерлер де марапатталып, тау мен таста табиғат қорғаудан тынбаған ардагерлер де құрметтелді. Сонымен қатар Нұрлан Ерғалиұлы орман шаруашылығындағы жоғары жетістіктері мен ерен еңбегі үшін «Кеген орманшаруашылығы» коммуналдық-мемлекеттік мекемесіне су жаңа автокөліктің кілтін табыс етсе, Бақанас орманшаруашылығы ұжымына мотоциклды сыйға берді.
Салтанатты жиында келесі сөз кезегін алған облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Бақытжан Жұманов орманшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, табиғат қорғаушыларына ізгі тілегін арнады.
– Сіздердің жұмыстарыңыз күш-жігерді, тиянақтылық пен жанқиярлықты талап етеді. Орман шаруашылығын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін, – деп орманшылардың ерен еңбегін айтып, олардың білімі мен тәжірибесі өскелең ұрпаққа үлгі екенін сөз етті. Шарада бірқатар сала мамандары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Қазақстан қорын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Салтанатты кеш Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концертіне ұласып, әуелеген ән мен мың бұралған би табиғат жанашырларының мерекелік көңілін асқақтата түсті.
Құралбек СӘБИТОВ,
Қонаев қаласы