Дүниеде азаттықтан артық қандай бақыт бар?! Ел еркіндігінің арқасында ұлттық ерекшеліктер ұрпақтарға дариды. Халқымыз көгеріп, көктейді. Ата-бабаның арманы келешекпен ұштасады. ХХ ғасыр қазақтың маңдайына осы қуанышты бұйыртты. Әлем картасында Қазақстан деген мемлекет пайда болды. Жасампаз жұрт, жаңа ұрпақ, мінеки, 33-ші кезеңге қадам басып отыр.
Тәуелсіздікке қол жеткізу оңай болған жоқ! Еліміз ақ таңның атуын зарыға күтті. Талмай іздеді. Қайраткерлері қажымауға серт етті. Батырлары басын бәйгеге тікті. Тасқа өсиетін қашаған Күлтегін бабаның сөзімен айтқанда «Түнде ұйықтамады, күндіз отырмады». Мұның аты – ар-намысын ту еткен күрескерлік! Ақын Қадыр Мырза Әлінің: «Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» дегені осыны білдірсе керек. Бүгін «ақтаңдаққа» ұшыраған азаттық шежіресі қайта түгенделуде. Ұлт тарихы қайта жазылуда.
Азаттық жолында төгілген қан мен тердің мөлшері қисапсыз. Басқасын есептемей-ақ, ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы ақырып теңдік сұраған, атқа мінген оқиғаларды ғана санасақ, ерліктің тарау-тарау шежіресіне жолығамыз. Бодандық шынжырын үзуге тырысқан Кенесары ханның ғазауат майданындағы ұлы шайқастары намыс отын лапылдатты. 1916 жылдың өнбойы арпалысқа толы. Осы кезеңде 300-ден астам көтеріліс бой көрсеткен екен. Кешегі алашордалықтардың атқарған жанкешті істері де қасиет пен қайсарлыққа толы. Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы «мың өліп, мың тірілетін» болмысты тағы бір паш етті.
Сондықтан біз үшін Тәуелсіздіктің құны қымбат. Оның теңдессіз бағасын жан-жүрегімізбен сезінуге тиіспіз. Өзіміз куә болған 2000-ші жылдардағы өтпелі кезең күш-қуатымызды сыннан өткізді. Бір партия билеген, өндірісі мен шаруашылығы мемлекеттік меншікке ғана негізделген, коммунистік идеологиясы сананы жайлаған ескі формацияны өзгерту үдерісі үлкен жауапкершілікті талап етті. Қарапайым еңбек адамдары тұрмақ, зиялы қауым мен билік басындағылар да абдырап қалғаны рас. Алайда, өзімізге тән мінезбен шыдадық. Өрелі істерді жүзеге асырып ілгеріледік.
Ең алдымен кешегі бүкілодақтың қарауындағы республикадан тәуелсіз мемлекет қалыптастырдық. Егемендігіміз заң жүзінде жарияланды. Әлемдік қауымдастықпен дербес қатынастар орнатып, халықаралық алыс-берістер жолға қойылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының белді мүшесі атандық. Семей полигонын жоюға, ядролық қаруды қазақ жерінен біржолата аластауға мүмкіндік таптық. Астананы еліміздің орталығына көшірдік. Алып көршілеріміз – Ресей және Қытаймен арадағы мемлекеттік шекараларды мықтап шегендедік. Осының бәрі небәрі ширек ғасырдың ішінде орындалды.
Қазір көшіміз түзелді. Енді мемлекетті өркениет талаптарына сай дамытуға кірістік. Қазақстан бейбітшілікті берік сақтайтын құтты мекенге айналды. Инвесторлардың біздегі өндірісті өркендетуге белсене қатысатыны сондықтан. Жаңа жұмыс орындарының ашылғаны әлеуметтік жағдайды жақсартатын басты себептер. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелден білім алған жастарымыз білікті кадрлар қорын жасақтады. Тәуелсіздікті нығайтуға керек факторлардың тізімі көбейді.
Қазақстан – әлемдегі құқықтық мемлекеттер қатарында. Оның басты ережесі Ата Заңмен бекітілді. Осы арқылы демократиялық принциптердің негізі қаланды. Азаматтардың теңдігі мен еркіндігі қамтамасыз етілді. Заңдарды қабылдау барысында қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі барлық саланың өзекті мәселелері ерекше ескеріледі. Оның ойдағыдай жүзеге асуы қадағаланады.
Тәуелсіздік мүддесіне сай еліміздің Заң шығарушы органдары жаңаша қалыптасты. ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенаты халықтық биліктің қос қанатындай болып, өзара үйлесті. Қабылданған әрбір заң қоғамның ойын дөп басады деген ойдамыз. Себебі, депутаттар мен бұқараның арасындағы байланыстар бұрынғыдан нығая түсті. Депутаттар партиялық тізім арқылы ғана емес, можариторлық жүйе бойынша да сайланып, жаңашылдықтар жанданды. Сонымен қатар мемлекет облыстық және аудандық мәслихаттардың пәрменділігіне жіті мән бере бастады. Егер кеше мен бүгінді салыстырып қарасақ, көп нәрсенің адам игілігі үшін жүзеге асып жатқанын аңғарамыз.
Тәуелсіздік жылдары ішінде облыс орталығы Алматыдан Талдықорғанға ауысты. Енді атақты Іле өзенінің бойындағы жаңа қалаға қоныс тепті. Қаланың Қонаев атануы өткеннің өнегесіне арналған құрмет деп білемін. Ұлы тұлғалардың жолы ешқашан ұмытылмақ емес. Қонаев қаласын – тәуелсіздік табыстарының жарқын мысалына жатқызамыз. Сондай-ақ осынау жаңа мегополиспен қатарласып Алатау қаласы да бой көтеруге дайындалып жатыр. Көз алдымызға туған жердегі көркем болашақтың жарқын суреттері келеді.
Азаттық – ақ таңымыз! Оның нұры
айналасына жарық шаша береді. Еліміздің ертеңі бұдан да кемел,
бұдан да биік болатыны сондықтан.
Жанболат Жөргенбаев,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты