1995 жылы 25 қазан – Республика күні деп жарияланып, 2001 жылы мемлекеттік мереке санатына өтіп, 2009 жылы «Мерекелер туралы» Заңға енген өзгерістерге байланысты елімізде бұл мейрам мүлде аталып өтілмейтін болды. Жаңа Қазақстан құруға қадам басқан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Ұлттық құрылтайда Республика күніне мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысының бұл ұсынысы халық тарапынан зор қолдауға ие болды. Көп ұзамай Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізді. Сол Заңға сәйкес 25 қазан – Республика күні болып бекітілді.
Республика күні – бірлік, рухани келісім және бейбітшілік мерекесі. Татулықты ту еткен еліміздің әрбір азаматы үшін ортақ мейрам. Бірлік пен ынтымақ – Қазақстан халқы үшін басты құндылық және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары. Қазақстандық патриотизмнің, өз Отанына шынайы берілгендіктің жарқын көрінісіне айналып үлгерген мереке елімізді мекен ететін өзге этнос өкілдерінің достығы мен татулығының, ынтымағы мен келісімінің белгісі. «Бірлік болмай, тірлік болмас» қағидасын ұстанған қазақ халқының арқасында Қазақстан солақай саясаттың құрбанына айналып, тағдыр тауқыметімен келген барлық этнос өкілдеріне алтын бесік бола алды.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде қоғамның бірлігін нығайтуға, қоғамдық келісімнің үлгісін қалыптастыратын және этносаралық өзара іс-қимылдың тиімді институтына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы қалыптасты. Халықтың еркіндігі, тең құқығы мен бостандығы бәрінен қымбат. Мұны жақсы түсінген қазақстандықтар бір шаңырақ астында ынтымағы жарасып ғұмыр кешуде. Өйткені еліміздің әрбір азаматы бейбітшілік пен тыныштықтың, достықтың қадірін бағалай біледі. Сол себепті, ел тұрғындары бұл атаулы күнді мерекелік көңіл-күйде ерекше атап өтеді. Айтулы күннің кең көлемде тойлануы Отанға деген сүйіспеншілікті оятатыны сөзсіз.
Халқымыз ынтымақ пен татулықтың арқасында барлық қиын-қыстауды бастан өткеріп, азаттыққа қол жеткізді. Біз бабалар аманатына адал болып, ел бірлігін бекемдеп, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында аянып қалмауымыз керек. Егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтау – баршамыздың парызымыз болуы тиіс. Осы орайда отандастарымыздың ел бірлігін бекемдеу мен ынтымақтастықты нығайту бағытында барлық күш-жігерін жұмсап, мемлекеттің өркендеуі жолында өз үлестерін қосатынына сенімім кәміл.
Биыл еліміздің басты ұлттық мерекесін жаңа мәртебеде, жаңаша мазмұнда үшінші жыл атап өтеміз. Осы қысқа мерзімде татулықты ту еткен Қазақстанда бұл ерекше қастерлі күн тарихи дамудың жаңа кезеңінде бүкіл халықты біріктіретін мерекеге айналып үлгерді десек, ақиқаттың ауылынан алыстай қоймаспыз.
Он жылдан астам уақыт бойы аталып өтілмей келген Республика күнінің қайта оралуы Жаңа Қазақстанның қарыштап дамуына септігін тигізетіні анық. Ұлттық мереке құтты болсын! Ел бірлігі мен тұтастығына бұзылмай, Қазақстан халқының айнымас достығына сызат түспесін!
Гамзе ГЕЙДАРОВ,
ҚХА мүшесі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары