Кітапханашылар күні – мәдениет пен білімге қызмет ететін, кітап әлемінің қыр-сырын ашатын, рухани байлықтың сақшыларына арналған мереке. Бұл күн – кітапхана ісінің қоғамдағы орнын және ондағы қызметкерлердің еңбегін дәріптейтін мерейлі сәт. Осыған орай Қонаев қаласында салтанатты жиын өтті.
Шара барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев облыс әкімі Марат Елеусізұлының құттықтауын жеткізіп, ыстық ықыласын білдірді. Еңбегімен ерекшеленген кітапханашылар аймақ басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қоса, бірқатар қызметкер Кітапхана ісінің үздігі және Қазақстанның құрметті кітапханашысы атанды. Ал саланы ілгерілетуге өлшеусіз үлес қосқан жандарға «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісі табысталды.
– Кітапханашылар күні – білімге, мәдениетке, тарихқа деген құрметтің белгісі. Олар қоғамды ақпаратпен қамтамасыз етіп қана қоймай, оны рухани байытады. Сіздердің еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Қоғамның дамуында, жастарды тәрбиелеуде, мәдениетімізді сақтауда атқарып жатқан игі істеріңізге сәттілік тілеймін. Келер жылы облыс орталығында заманауи кітапхана бой көтеретін болады. Мұнан өзге де кітапханалардың материалдық-техникалық базасының нығаюына жағдай жасалады, – деді Данияр Әлиев.
Шара аясында облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген бірқатар ақын-жазушылардың жанры мен жазылу ерекшелігі әрқилы 15 кітаптың таныстырылымы өтті. Облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев пен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұхтархан Қалиұлы жаңа кітаптардың тұсауын кесті. Өз кезегінде Қуат Сұлтанұлы кітапханашыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, өңір руханиятына үлес қосып жүрген жандарға шығармашылық табыс тіледі.
Биыл қазақ және балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. Кітапханашылар бас қосқан салтанатты жиында сөз алған қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева мерейтойға барынша қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мен зиялы қауым өкілдеріне алғыс айтты. Тыңнан оқырман қауымға жол тартқан кітаптар арасында әдебиетіміздің классигі Бердібек Соқпақбаевтың көп томдығы, Мереке Құлкенов, Исраил Сапарбай, Жанболат Аупбаев, Жақыпжан Нұрғожаев сынды елге танымал авторлардың еңбектері бар.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы