Күні кеше Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» шағын ауданында жаңадан пайдалануға берілген мектеп-гимназияға балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың есімі берілгенін естіп, қуанған едік. Енді сол мектепте қаламгерге арналған мұражайдың ашылғаны туралы сүйінші хабар келіп жетті. Мұражайдың ашылуына арналған салтанатты шараға жазушының қарындасы Несіпхан Аманбаева, ауданның қадірменді азаматтары мен ұлағатты ұстаздар қатысты.
Өскедең ұрпақты елімізде балалар әдебиетін қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан классик-жазушының балалық және жастық шағымен таныстыру, олардың әдебиетке деген қызығушылығын оятып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, жастардың бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерін сіңіру мақсатында өткізілген «Балалық шаққа саяхат» атты әдеби-сазды кеш қаламгерге арналған мұражайдың ашылуымен басталған болатын.
Салтанатты рәсімді атқару кештің қадірменді қонағы Несіпхан Аманбаева мен аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаеваға жүктелді. Мұражайдың лентасы қиылғаннан кейін ақ жаулықты әжелер еліміздің ежелгі дәстүрі бойынша шашу шашып, қуанышты сәттің салмағын еселей түскен. Осыдан кейін қонақтар мұражай ішіне кіріп, онда қойылған құнды жәдігерлермен, жазушының өмірі мен шығармашылығынан мағлұмат беретін фотосуреттермен танысты.
Осыдан кейін салтанатты шара арнайы жасақталған жиынжайда жалғасын тапты. Бірінші болып сөз алған білім шаңырағының директоры Қорлан Тұрсынова Бкрдібек Соқпақбаевтың қазақ әдебетіне қосқан үлесі жайлы айта келіп, жазушының әңгіме, повесть, романдары және пьессаларында балалық шаққа саяхат жасап, сол бал дәурен шақты тамсандыра, таңдандыра қағазға түсіргені жайлы баяндады.
Бұл кеште жиылған жұртшылық жазушының өлең өркесіне де өзіндік өрнек салғанын танып-білді:
Жазып та көрдім мен де өлең,
Жазып та көрдім қара сөз.
Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,
Өлмейді тек дана сөз!
Немесе:
Өлеңде мінезі бар жас баланың,
Жылатып алам ба деп жасқанамын.
Өлең – нәзік шегіндей домбыраның,
Үзіп алса үлкені масқараның.
Бұрқыратып өлеңді жазып тастап,
Жастық етіп жасырын жастанамын. – деген жолдар қаламгердің ақындық қарымын аңғартса керек. Иә, осы себепті де мектеп оқушылары өлеңді мәнерлеп оқуға ден қойған екен. Жас бүлдіршіндер өлең оқып, тағы бір тосынсый жасады.
Енді бір сәтте салтанатты жиынға қатысушылар Бердібек Соқпақбаевтың қарындасы Несіпхан апайға даңқты ағасына қатысты сұрақтар қойып, қанағаттанарлық жауап алды. Жас жеткіншектерді ағасының қаламгерлікке келу жолы, оның отбасы, жазушының сүйіп атқаратын шаруалары, алғашқы туындыларын кім оқығаны, жары мен балаларына қатысты тірліктері қызықтырады екен.
Бердібек туралы сөз қозғалғанда оның кейіпкері – Қожа туралы әңгіменің алдымен қозғалатыны ақиқат. Бұл жолы да кеш барысында «Менің атым Қожа» фильмінен кесінділер көрсетіліп, романнан үзінділер оқылды. Жазушының өз кейіпкеріне қатты ұқсайтыны, оның да ауылдың қарасирақ баласы болып, түрлі оқиғаларды басынан кешіргені айтылды. Ал, мектептің драмалық үйірмесіне қатысушылар шығарманы сахналап, Қожаның қызықты қылықтарын тағы бір көрермен назарына тарту етті.
Әрине, әдеби-сазды кешке білім шаңырағының өнерпаздары да өз үлестерін қосып баққан. Мұнда мың бұрала билеген бишілер мен әуелете ән салған әншілер сахна сәнін келтіріп, кештің шырайын аша түскен. Соңынан мәртебелі мейманға сый-сияпат көрсетіліп, артына өлмейтін мұра қалджырған балалар әдебиетінің бәитерегі – Бердібек Соқпақбаевтың рухын асқақтатты.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы