Бүгінгі сұхбатымыз Ұлттық ұланында қызмет етіп жүрген кинолог-маман кіші сержант (топ бастығы) 5571 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальонының жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының кинология қызметі мамандар тобының бөлініс бастығы Әліпбек Құрманбек жайлы болмақ.
Әліпбек Құрманбек Қарағанды облысы, Абай ауданының тумасы. 2018 жылдан бері алып мегаполисте орналасқан 5571 әскери бөлімінде қызмет етеді. Отан алдындағы борышын өтей салысымен, 2011 жылы келісімшарт бойынша 6505 әскери бөліміне қызметке орналасқан. Содан бері ел мүддесі жолында еңбек етіп келеді.
– Әскери салаға қалай, қашан келдіңіз?
– 2009 жылы әскер қатарына шақырылып, мерзімдік қызмет сарбазы атанып, Отан алдындағы борышымды Тараздағы шекара отрядында өтедім. Онда кинолог қызметінде болдым. Әскер қатарындағы қызметімді болашақ өміріммен байланыстырып, 2015 жылдың желтоқсан айында құқықтық тәртіп әскерінің 5571 әскери бөліміне тыл қызметінде іс жүргізуші маманы болып келісімшарт бойынша қызметке орналастым. Кейін араға бір жыл салып, 2016 жылы Қаракемердегі оқу орталығынан білім алып келгеннен кейін кинология қызметіне ауыстым. Бүгінде қарамағымда алты әскери қызметшісі бар кинология тобын басқарып отырмын. Осы жолды таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Ал оған менің ата-анам әрқашан сеніммен қарап, демеп отырады.
– Қызметтік итіңіз туралы кеңірек әңгімелеп беріңіз. Қанша итіңіз болды? Иттерді қалай баптайсыз? Қандай тәсілдермен жаттықтырасыз?
Тоғыз жылдық қызметімде өзім жеке үйреткен үш итім болды. Қазіргі қызмет етіп жүрген итім «Ройя» деп аталады. Ол белгиялық овчаркалардың малинуа деген түріне жатады.
Кинолог болу – өте қызық кәсіп. Қызмет уақытымда өзіме бекітілген итімді жаттықтырамын, серуендетемін, күтіп-баптаймын, тұрған орнын тазалап, оның дұрыс тамақтануына көңіл бөлемін. Дегенмен, иттермен күнделікті жаттығу жасап тұру қажет. Біз жаттығудың көбіне ойын әдісін қолданамыз, Тәтті беріп еркелетеміз. Ит – өте сезімтал жануар. Ол иесінің көңіл күйін сезіп тұрады. Иесіне өте адал.
Қазіргі қызметтік итім осындай жаттығулардың арқасында еңбегімді ақтап адал қызмет етуде. Бірнеше республикалық жарыстардан жүлделі орындарды иелендік. Төрт аяқты сенімді серігім – қазір күш-қуаты тасыған қызметтік ит.
– Өз итіңізбен бірге қызметте қандай көрсеткіштерге қол жеткіздіңіздер? Қылмыскерді ұстауда, жоғалған адамды іздеуде немесе есірткі заттарын табуда және тағы басқа атап өтерлік оқиғалар болды ма?
– Бірінші итім «Барыс» әскерге 8 жыл қызмет етіп, «зейнетке» шыққан. Неміс овчаркасы қызмет еткен жылдары түрлі қылмыстардың ашылуына ат салысты. Алматыға ауысқанға дейін сол итпен қызмет атқардым. Жақсы жағынан көзге түсіп, жарыстарда үнемі жүлделі орындарға ие болатынбыз. Ол қызметтік ит патрульдік ізге түсуші ит болатын. Қызмет атқару барысында адам өлтіру фактісі бойыншы қылмысты ашты. Полиция бізден көмек сұрап, итті ізге салдық. Сол қылмыс жасаған жерден 800 метр қашықта тығылып отырған жерінен қылмыскерді таптық. Әскерде өткен жарыстарға қатысып, алғыр ит ретінде талай жүлделерді де жеңіп алдық.
Ал Ройямен екі рет жарысқа қатыстым. Екі жарыста да үшінші орынға ие болдық. Біздің міндетіміз жарылғыш заттарды іздеу болды.
Одан кейін «Рой» есімді итпен топ бастығы болғанға дейін жұмыс істедім. Бұл иттер жарылғыш заттарды іздейді. Мұндай иттермен бірінші жұмыс істегенде біз итті алдымен күшік кезінен бастап таңдаймыз. Допқа қызыға ма, типі қандай соны ескереміз, іздейміз. Ол холерик пе, сонгвиник пе соны анықтаймыз. Екіншіден, үйрету барысында итті ойнату арқылы жұмыс істеп, оны қорқытып алмауға тырысамыз. Одан кейін жайлап иіске үйрету әдістерін қолданамыз. Ит 1 жасқа толғаннан кейін жарылғыш заттардың иісіне қойылады. Мәселен, әртүрлі жарылғаш заттардың иісі болажы. Төрт аяқты сенімді серік толық қызметтік ит болып саналу үшін 7-8 иісті толық сезіп ажырата білуі керек. Екі жастан кейін осындай күтіп-баптау, үйретудің нәтижесінде ит қызметке дайын болады.
– Қызмет пен отбасы қатар жүреді. Өзіңізге қолдау көрсетіп жүрген отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Жұбайым Ақбөпе Бегімбетовамен 2013 жылы шаңырақ көтердік. Бүгінде екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Қызым Раяна 9 жаста. Одан кейін Нұртілек жеті жаста, Рамазан 4 жаста, 8 айлық Айым есімді кенже қызым бар. Мен оқу-жаттығуларға кеткен кезде үйдегі бала-шағама ата-анам бас көз болып отырады. Үйдегі жарым да қас-қабағыма қарайды. Мені түсініп, үнемі сыйлап отырады.
– Ұл балаларды тәрбиелеп отыр екенсіз. Балаңыз әке жолын қуып, әскери боламын деген таңдау жасаса, қалай қарайсыз?
– Әрине, егер әскер жолын таңдап жатса, қуана қабылдаймын. Баламның таңдауын әрқашан қолдаймын! «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлым мен үйге келген кезде әскери киімдерімді киіп алып ойнайды. «Әке, мен өскенде полковник боламын» – дейді. Болашақта балаларымнан үлкен үміт күтемін. Отан қорғау – абыройлы іс. Абыройлы істі абыроймен алып жүргенге жететін дүние жоқ.
– Сұхбатыңызға рақмет! Қызметіңізге табыс тілеймін!
Аяулым Мадиканова,
Алматы қаласы