Баспасөзге қатысты жоспарлы іссапарын Райымбек ауданында жалғастырған «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кәдірбек Құныпияұлы мен облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауыл әкімдері, мектеп директорлары, мекеме басшылары, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Жиынды аудан әкімінің бірінші орынбасары Ғалым Жусанбаев ашып, басқосудың мән-жайы туралы көпшілікті хабардар етті. Кездесу барысындағы негізгі әңгіме баспасөздің қоғамда алатын орны, бағыт-бағдары, ұстанымы, бүгінгі таңдағы жай-күйі төңірегінде өрбіді.
Биыл Атырау жерінде өткен III Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Оқитын ұлт» бастамасын көтергені белгілі. Бұл бастама тегіннен-тегін қозғалған жоқ. Өйткені әлеуметтік желіге байланған бүгінгі қоғамда бұқаралық ақпарат құралдарына, әсіресе газет-журнал мен әдеби кітапқа деген ынта-ықыластың төмендеп кеткені жасырын емес. Мұндай керағар құбылыстың ұлттық құндылықтарға, тәлім-тәрбиеге тән қасиетті ұғымдарға кері әсерін тигізіп отырғаны күнделікті тіршілік тынысында анық байқалуда. Ал көзге ұрып тұрған кемшіліктерден арылудың негізгі жолы – газет-журнал, кітаппен достасу. Былайша айтқанда, үлкен-кіші болып түгелдей мерзімді баспасөз бен ұлттық әдебиеттің тұрақты оқырманына айналу. Отбасы болып оқитын дәрежеге көтерілу.
Алматы облысында «Алатау арайы» газетінің жарық көріп келе жатқанына екі жарым жылдың жүзі болды. Бұрынғы «Жетісу» газеті Жетісу облысында қалған соң, орнын басып отырған басылымның аты өзгергенмен, заты өзгерген жоқ. Жұмысын бұрынғысынша жалғастырып, облыс тұрғындарын тың ақпарат, соны жаңалықтармен қамтудағы бір ғасырдан бергі өзінің басты міндетін мінсіз атқарып келеді. Оның айқын көрінісін газеттің әр нөміріндегі облыстың қоғамдық-саяси ахуалы, экономикалық тұрғыдағы даму барысы, әлеуметтік жағдай, өнер, білім, мәдениет, басқа да сан-салалы мәселелерге қатысты жарияланымдар арқылы аңғаруға болады. Аспантаудың етегі, Райымбек баба мекенінің ақ пейіл жұрты да газетті рухани сырласы, етене жақын жан серігіне балап, байланысын үзген емес. Бәсі бөлек басылым о бастағы ұстанған бағыт-бағдарынан еш уақытта айнымай, өзін сүйетін, асыға күтетін қалың оқырманның көзі, құлағы, тілі бола беретіні анық.
Жарық көріп келе жатқанына бір ғасырдан астам уақыт болған «Огни Алатау» газетінің де облыс тұрғындары үшін орны бөлек. Тілі орысша болғанымен, жүрегі қазақша соғатын басылымның жұмысы соңғы кезеңде тың жаңалықтармен толыға түсуде. Соның бірі ретінде газет бетінде орыс тіліндегі мақалалармен қатар, қазақ тіліндегі материалдардың да берілуін айтуға болады. Мұны мемлекеттік тілге, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа, ұлттық тәлім-тәрбиеге көрсетілген құрметтің ең жоғарғы көрінісі деп қабылдаған абзал.
Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасын қолдау барысында Текес ауылының тұрғындары осыдан бірнеше ай бұрын облыс халқына «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттерін отбасы болып оқу жөнінде Үндеу жолдаған болатын. Оны облыс тұрғындары ауылдың ғана емес, аудан халқының Үндеуі ретінде қабылдады. Өз аудандарында келелі жиындар өткізіп, Райымбек ауданы тұрғындарының бастамасын кеңінен қолдайтындарын білдірді. Қазір аталған қос басылымды келесі жылға жаздырып алуға деген құлшыныстың арта түсуі осыны аңғартады. Осы орайда мына мәселені айтпай кетуге болмайды. «Әлеуметтік желі кеңінен қолданысқа енген бүгінгі уақытта газеттің қажеті қанша? Күнделікті ақпаратты содан-ақ алып отырмыз» деушілер көп. Рас, жаңалықты, оқиғаларды жылдам әрі қысқа да нұсқа таратуда әлеуметтік желінің десі басым. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар екенін естен шығармаған жөн. Әлеуметтік желідегі дүниелердің басым бөлігі сараланбаған, талданбаған күйінде ұсынылып жатады. Содан барып жалған ақпарат тарайды. Бүгінгі қоғамда мейірім, қайырым, сүйіспеншілік, бауырмалдық сияқты адами құндылықтар азайып, адамдар арасындағы қарым-қатынастың суынуы, тәлім-тәрбиенің кеміп бара жатқаны, қатыгездіктің, қылмыстың етек алуы әлеуметтік желідегі жалған ақпараттардың нәтижесі десек, қателесе қоймаспыз.Әлеуметтік желінің тағы бір кемшін тұсы – ақпараттың сақталмайтыны. Ал газеттің әлеуметтік желіден бәсі басым екені – оның шынайылығы мен мазмұндылығында. Жарияланған әрбір материалдың жан-жақты талданып, сараланып, зерттеліп барып, қалың бұқараға ұсынылатындығында және ғасырлар бойына сақталатындығында. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деп бағаланатыны сондықтан. Айта кету керек, әлеуметтік желіні ойлап тапқан алпауыт мемлекеттерде газет-журналдар әлі күнге өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Оқырмандары миллионнан асып жығылады. Бұл – мерзімді басылымның шынайылығы мен өміршеңдігінің, күнделікті тыныс-тіршілікке қажет екені мойындалғанының белгісі. Мұндай пайымды пікір, парасатты көзқарас республика көлеміндегі үздік төрт газеттің қатарына кіретін «Алатау арайы» мен «Огни Алатауға» да тән. Мерзімді басылым, оның ішінде Алматы облысының жылнамасы саналатын қос газет жөніндегі ойларын осылайша түйіндеген Кәдірбек Құныпияұлы мен Қуаныш Тұнғатар өздерімен бас қосып отырған аудан тұрғындарын «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттеріне жазылуда белсенділік танытуға шақырды.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы