Кім білмес
Соқпақбаев Бердібекті?!
Кім білмес Соқпақбаев Бердібекті?!
Демейміз ол өмірге келді – кетті…
Тәлейі үшін тағдырмен тайталасып,
Еңсесін түсірместен ерлік етті!
Таниын деп қолыма тарихты алдым,
Көш керуен…
Бекеңді танып қалдым.
Адасып арманымнан қалмайын деп,
Артынан ерген екен алыптардың…
Бір кезде Бердібек те бала болған
Есіл-дерті ойнайтын дала болған.
Көргенін көңіліне түйіп жүріп,
Ержеткенде қолына қалам алған.
Қашанда өмір – бақыт, өлім – қайғы,
Тірлікті іздемепті жеңіл, жайлы.
Тек қана саясаттан сәл жасқанып,
Ақиқатты айта алмай көп ымдайды…
Деді ме, тұрмыс төмен кез ғой десін,
Атын бүркеп…
Киіпті «сөз жейдесін»,
Азып-тозып жетімдік көргенімен,
Өшпейтіндей қалдырған өз бейнесін.
Уақыт қайырылмайтын қандай «зәлім»,
Санаңда сағыныш боп самғайды әнің.
Бекең де тамсанумен жазып кеткен,
Тата алмай балалықтың балдай дәмін…
Қу тірлік!
Қуанышы аз, азабы көп,
Ешкім бұрын айта алмас
озамын деп.
Жазушының алайда жайы бөлек,
Ол – оның мойнындағы таза міндет!
Әрқашан ақиқатқа белсенді едің,
Біреулер басқаша айтса мен сенбедім.
Өйткені ойларыңнан аңғардым мен,
Өнегелі өмірдің өлшемдерін.
Бермейік асыл жанның мінін іздей…
Әркімнің әртүрлі ғой табысы да,
Әркімнің әртүрлі ғой намысы да.
Біреу шыдап, біреулер шыдамаған,
Өмірдің адуынды ағысына.
Адамдардан қорынып бірге жүрген,
Жылағаны көп екен күлгенінен.
Қоғамның қолтығына қорғаламай,
Өмір сүрген өзінің білгенімен.
Болған ғой мінезі де аса қызық,
Еріксіз дегендейсің «жаса бұзық»
Сөйлесе айналасын күлдіреді,
Парлатып, екі көзден жас ағызып.
Бермейік асыл жанның мінін іздей,
Жамандыққа жаны қас дініміздей!
Ал, енді, шығармасын жазған кезде,
Ойы – орман, көңілі – көл, тілі – біздей!
Қаламгер монологі
Жақсы болып көрмедім,
Жаман болып өлмедім.
Қуанғанда көлдедім,
Қуарғанда шөлдедім.
Сүріндім талай құламай,
Жұбанып жүрдім жыламай.
Біреулерге ұнасам,
Біреулерге ұнамай.
Құлдық ұрдым Құдайға,
Бір жеңілдік сұрамай.
Еске түссе «Қостөбем»,
Түсіме енер дос деген.
Бес-алты үйлі «Қостөбе»,
Ойпырмай, неғып өспеген?!
Көзімде тұр ғой сурет боп,
Көңілімнен әлі өшпеген….
Менің айтарым
Тыңдасақ айтатұғын әні бөлек,
Ойының түйіндеген мәні бөлек,
Болмысы, табиғаты, жаны бөлек,
Санасы, сүйенетін заңы бөлек,
Оқыған оқырманы ойлансын деп,
Беріпті ойындағы барын «елеп».
Қазіргі алмағайып заманда да,
Қазаққа өзіңіздей дарын керек!
Даниал Әметұлы
Есік қаласы, Еңбекшіқазақ ауданы