Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылындағы №1мектеп-лицейде ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының, Талдықорған қаласының, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, қаламгер, публицист Күмісжан Байжан атындағы кабинет ашылды.
Салтанатты жағдайда кабинеттің лентасы қиылып, алғашқы келушілер ішін аралап көрді. Қазақ журналистикасына 40 жылдан астам уақыт қызмет етіп, өңір баспасөзін дамытуға елеулі үлес қосқан журналистің бүкіл еңбегін енді осы білім шаңырағынан табуға болады. Кабинетті қаламгер жеке қаржысына ыждағатпен жабдықтап, өз туындыларымен қоса 200 ақын-жазушының кітаптарын әкелді. Мұнда баспа өнімдері молынан жинақталумен қатар, әр жылдардағы фотосуреттер ретімен орналастырылған.
Осы айтулы шараға орай мектеп-лицейдің кең де жарық спорт залында әдеби кеш өтті. Жылы жүздесуге оқушылар мен ұстаздардан бөлек алыс-жақыннан зиялы қауым өкілдері, Күмісжан Байжанның рухани шәкірттері, туыс-жақындары келді. Жиын тізгінін қолына алған белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы кеш барысында Күмісжан Құдайбергенқызының өмірі мен шығармашылығынан сыр тарқатып отырды.
Алдымен аудан әкімі Нұрлан Ертас сөз алып, баспасөзде өзіндік қолтаңбасымен айшықты із салған авторға деген тілегін жеткізді.
– Бұл кабинеттің ашылуы – аудан өміріндегі маңызды оқиға. Ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан жазушы-публицист Күмісжан Байжан халықтың мұң-мұқтажын жүрегіне түйіп, өзінің бай шығармашылығы арқылы елінің рухын асқақтатып келеді. Оның туындылары көркемдігімен ғана емес, әлеуметтік маңыздылығымен де ерекшеленеді. Әрбір жазған мақаласы мен баспадан шыққан кітабы оқырманға терең ой салады. Мектепте оқушылар қаламгердің мағынасы терең, бай еңбектерімен етене таныса алады. Жалпы ақын-жазушылармен жүздесіп, еңбектерін тереңнен түсініп, ұлы тұлғалардың өмір жолынан, шығармашылық белестерінен сабақ алуға жақсы мүмкіндік жасалып отыр. Бұл бөлме жас ұрпақтың еліміздің мәдениеті мен әдебиетіне деген сүйіспеншілігін арттырып, рухани дамуына ықпал ететін орын болмақ. Жастарымызды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуде осындай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тапқаны құба-құп. Өмірден көргені мен түйгенін жүрегіне жазып, елі мен жерінің асылын көзмоншақтай теріп, кітаптарына арқау еткен публицистің бойында өмірге деген құштарлық, адами қасиеттер менмұндалып тұрады. Үлкенмен үлкендей, кішімен кішідей тіл табысады. Тәрбиелік мәнді сөздерімен өзгелерге өнеге көрсетіп келеді. Өскелең ұрпаққа үлгі болар тұлғалардың еңбектерін насихаттау біздің басты міндетіміз десек, ұлттың асыл мұраларын дәріптеудің жарқын үлгісінің бірі – бүгінгі шара, – деген Нұрлан Ертасұлы болашақта журналист, ақын немесе жазушы болар баланың шырағы осы жерде жағыларына сенім білдірді. Қаламгер кабинетінің есігі басқа мектеп оқушылары үшін де ашық болуға тиіс екенін айтты.
Кездесуде Күмісжан Байжанның мектепте бірге оқыған сыныптасы, белгілі жазушы, қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, жиынды жүргізіп отырған Нағашыбек Қапалбекұлы тағылымды ой өрбітті.
– Біз бір кластан 6 қаламгер шықтық. Олар – жазушы Жұмабай Шаштайұлы, әдебиеттанушы-сыншы Рафат Әбдіғұлов, кезінде «Орталық Азия» халықаралық газетінің бас редакторы болған Молдахан Мұқатаев, «Жетісу» газетінде қызмет істеген Баян Нұрғалиева, Күмісжан және мен. Себебі неде? Өйткені біздің мектеп директорлары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, жалпы ұстаздарымыз мықты болды. Алматыдан ай сайын ақын-жазушылар оқушылармен кездесуге келетін. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Зейнолла Қабдолов сияқты үлкен ақын-жазушылармен кездесу кештері өтетін. Одан бөлек қазіргі Саурық батыр ауылындағы мектепте әдебиеттанушы-ұстаз Жолсейіт Еспаев деген ағамыз болды. Ол да қаламгерлермен кездесу өткізгенде біздің мектептің әдебиетке құмар балаларын алдыртатын. Нәтижесінде әдебиетке қызығушылығымыз оянып, өлең жаза бастадық, бір-бірімізге қарап қанаттанып, қайраттандық, одан газетке мақала жаздық. Күмісжан мектепте үздік оқыды, қоғамдық істерге белсене араласты. Аудандық газетке үзбей мақала жазып тұрды. Сол 14 жасынан бері, мінекей, 60 жылдан асты, қаламы қолынан түскен жоқ. Жазған дүниелерінің барлығы мәнді де мағыналы. «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі ретінде еліміздің басты басылымының әр санынан мақалалары үзілмейтін. Өзінің қайраткер қаламгер екенін еңбегімен дәлелдеді. Аудандық газетті 1990 жылдардағы экономикалық қиын кездері басқарған уақытта көптеген басылым жабылып жатты. Күмісжан басылымның сол кездегі «Екпінді еңбек» атауын «Атамекен» деп өзгертіп, қаржылық-шаруашылық жұмысын жолға қойды. Газеттің сапасы артып, республикада аудандық газеттердің ішінде бірнеше рет байқау жеңімпазы болып, өзі Журналистер одағының сыйлығын екі мәрте ұтып алды. Газет тілшілерінің тұрмыстық жағдайын жақсартып, бірқатарының баспана алуына көмектесті. Сайдың тасындай журналистер тәрбиеледі. Аудандық газетті 20 жыл басқарғанда бір шоғыр журналистің қалыптасуына, шығармашылық өсуіне зор үлес қосты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін туған жеріне оралып, тарихи-танымдық кітаптар шығарды. Барлығы 18 кітабы жарық көрді. «Жамбыл елінің жайсаңдары» кітабында ерінбей-жалықпай қаншама дерек жинақтап, осы аймақтың бүкіл ардақтыларының галереясын жасады. Туған жерінің алдында перзенттік парызын бір кісідей өтеген кім десе, мен Күмісжанды айтар едім, – деген Нағашыбек Қапалбекұлы кеш иесін «Бәйдібек баба» қорының арнайы төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, ғалым Мұхтар Ботабайұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, «Егемен Қазақстан» газетінен Айнаш Есалы, қаламгерлер Өмірбай Өмірзақұлы, Нүсіпбай Әбдірахым, Манарбек Ізбасаров, Гүлнар Өмірзақова сөз сөйлеп, журналистің еңбегін сан қырынан атап өтті.
«Халқы сүйген қаламгер» атты әдеби кеште оқушылар жырдан шашу шашып, Күмісжан Байжанға арнап жазылған Рәтбек Терлікбаевтың «Ақиқат іздеп қаламнан» өлеңін оқыса, жас дарын Қалмахан Нұрмахан жүрекжарды арнауын жеткізді. Қара сөздің майын тамызған Күмісжан Байжан өлеңмен де өрнек салған, осыған орай өрендер оның жырларын мәнерлеп оқыды. Айтыскер ақын Жалғас Садырұлы арнауын айтты.
Күмісжан Байжан зейнеткерлікке шығар алдында 10 жылға жуық ата басылым «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарды. Журналистігін жазушылықпен ұштастырып, киелі мекенде туып-өскен тарихи тұлғалар мен ардақты азаматтар туралы кітаптар жазды. Оның туған өлке жайлы тағылымға толы «Кие», «Жақсылардың парызы», «Көз ілмейтін көңіл», «Сөнбейтін сезім», «Туған жер – тұмарым» сияқты кітаптары да оқырманнан өз бағасын алған. Танымал қаламгер бүгінде отбасында ардақты ана, аяулы жар, немерелерінің ақылман әжесі.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы