Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» шағынауданында жаңадан пайдалануға берілген мектеп-гимназияға балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың есімі берілгенін естіп, қуанған едік. Енді сол мектепте қаламгерге арналған мұражайдың ашылғаны туралы сүйінші хабар келіп жетті. Аталған шараға жазушының қарындасы Несіпхан Аманбаева, ауданның қадірменді азаматтары мен ұлағатты ұстаздар қатысты.
Өскелең ұрпақты классиктің туындыларымен таныстыру, олардың әдебиетке деген қызығушылығын оятып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, жастардың бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерін сіңіру мақсатында өткізілген «Балалық шаққа саяхат» атты әдеби-сазды кеш қаламгерге арналған мұражайдың ашылуымен басталды.
Салтанатты рәсімді атқару кештің қадірменді қонағы Несіпхан Аманбаева мен аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаеваға жүктелді. Мұражайдың лентасы қиылғаннан кейін ақ жаулықты әжелер еліміздің ежелгі дәстүрі бойынша шашу шашып, қуанышты сәтті еселей түсті. Осыдан кейін қонақтар мұражай ішіне кіріп, онда қойылған құнды жәдігерлермен, жазушының өмірі мен шығармашылығынан мағлұмат беретін фотосуреттермен танысты.
Әдеби кеште сөз алған білім шаңырағының директоры Қорлан Тұрсынова Бердібек Соқпақбаевтың қазақ әдебиетіне қосқан үлесіне тоқталды. Шараға жиылған көпшілік жазушының өлең өлкесіне де өзіндік өрнек салғанын танып, білді:
Жазып та көрдім мен де өлең,
Жазып та көрдім қара сөз.
Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,
Өлмейді тек дана сөз!
Немесе:
Өлеңде мінезі бар жас баланың,
Жылатып алам ба деп жасқанамын.
Өлең – нәзік шегіндей домбыраның,
Үзіп алса үлкені масқараның.
Бұрқыратып өлеңді жазып тастап,
Жастық етіп жасырын жастанамын, – деген жолдар қаламгердің ақындық қарымын аңғартса керек.
Салтанатты жиынға қатысушылар Бердібек Соқпақбаевтың қарындасы Несіпхан апайға сұрақтар қойып, қанағаттанарлық жауап алды. Жас жеткіншектерді ағасының қаламгерлікке келу жолы, жазушының отбасы, сүйіп атқаратын шаруалары, алғашқы туындыларын кім оқығаны қызықтырды.
Бердібек туралы сөз қозғалғанда оның кейіпкері Қожа туралы әңгіменің алдымен қозғалатыны – ақиқат. Кеш барысында «Менің атым Қожа» фильмінен үзінділер көрсетілді. Жазушының өз кейіпкеріне қатты ұқсайтыны, оның да ауылдың қарасирақ баласы болып, түрлі оқиғаларды басынан кешіргені айтылды.
Әрине, аталған шарада білім шаңырағының өнерпаздары да өз үлестерін қосты. Мектептің драмалық үйірмесіне қатысушылар «Менің атым Қожаны» сахналап, көрермен назарына ұсынды. Сонымен қатар мың бұрала билеген бишілер мен әуелете ән салған әншілер сахна сәнін келтіріп, кештің шырайын аша түсті. Соңынан мәртебелі мейманға сый-сияпат көрсетіліп, артына өлмейтін мұра қалдырған балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың рухын асқақтатты.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы