Алматы облысындағы ең беделді мерзімді басылымдар «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттеріне жазылу науқаны басталды. Қос газеттің редакторлары Қуаныш Тұнғатар мен Зәбира Сайдильдина аудандарды аралап, оқырмандармен кездесу ұйымдастыруда. Мақсаты – қоғамдық көзқарастың қалыптасуындағы газеттің рөліне қалың оқырманға жеткізу және президентіміздің тапсырмасы бойынша «Оқитын ұлт» жобасын насихаттауда. Жарты жылға және бір жылға баспасөзге жазылу науқаны басталған кезде дәл осылай кездесуді дәстүрге айналған. Осы дәстүрлі кездесудің жалғасы ретінде бас редакторлар апта басында жаңа қала Алатауға ат басын бұрып, Ынтымақ ауылындағы қалалық білім бөлімінде ауыл азаматтарымен шағын дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Түрлі сұрақтарға жауап беріліп, жиынға қатысушылардың талап, тілектері де тыңдалды.
Кездесуде сөз алған «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Зәбира Сайдильдина:
– Бүгінгі күні Сіздерге жазылуға кеңес беріп отырған газеттер ақпаратты түрлендіріп емес, оқырманына нақты дерек көзінен алып беретін, шынайы, тексерілген ақпаратты ғана жариялап келе жатқан газеттер. Мемлекетіміздің басшысы Қ. Тоқаевтың «Оқитын ұлт» жобасы дұрыс бағалануына, сол арқылы қоғамдық пікірдің қалыптасуына үлес қосушы баспа құралдары. Кітап оқудан алшақтап, ойын қағаз бетіне түсіре алмайтын ұрпақ өсіп келе жатқан кезде газеттен бас тартуға болмайды. Газет болған, бар, бола да бермек, – деді.
Сөз арасында гаджеттер мен олардың ұсынып отырған әлеуметтік желілерден келетін жалған ақпараттың да ақ қарасын анықтайтын осы баспасөз құралы екені айтылды.
Алатау қаласының жаңа тұрғындары қашан да өзінің білімі мен мәдениетінің тәй-тәй басып, дұрыс қалыптасуына ерекше көңіл бөліп келе жатқандығымен ерекшеленді ғой. Осыны білген «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар өз пікірін бөлісті:
– Интернет үстемдік құрған заманда газеттің болашағы жоқ дегенді де естиміз. Бірақ, газет көтерген мәселенің шешілмей қалған күні жоқ. Газет бетінде жарияланған әр қызықты мақалаға тақырып ұсынатын халықтың өзі. Халықтың тағдырына бей-жай қарамаған газет арқылы айтулы мәселелер көтерілді, өңір өмірі – осы газеттердің беттерінде, – деді.
Шағын кездесуден кейін қонақтар Алатау қаласындағы «Дольче фарм» компаниясының жұмысшыларымен кездесті. Пікір алмасты, сөз бөлісті.
Кездесу соңында «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттеріне жазылудың маңыздылығын атап өтіп, оларға Алатау қаласының пошталарының кез келген бөлімшесінде жазылуға болатындығын айтты. Редакторлардың айтуынша, газетке жазылуда облыс тұрғындары салғырттық танытып отыр. Екі қала мен тоғыз ауданның мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері бар екенін назарға алсақ, олардың әрқайсысы осы аталған газеттердің кем дегенде біреуіне жазылса, жоспарды толық орындар еді деген уәждерін де алға тартты. Бүгінде баспасөзге жазылу – ерікті. Бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезеңде сенімді, әрі шынайы ақпарат алғысы келген, елінің ғана емес, өзінің де тағдырына бей-жай қарай алмаған кез келген азаматтың газетке жазылудан қалыс қалмасы анық. Саналы ұрпақты тұрмыстың қиындығымен емес, сананың биігімен өлшейтін уақыт жеткен сияқты.
Бағдат ШОЙБАС,
Іле ауданы, Алатау қаласы