Еңбекшіқазақ ауданында «Сонар – 2024» халықаралық турнирі өтті. 26-мәрте ұйымдастырылған саятшылар жарысы төрт күнге созылып, оған Монғолия, Қытай, Қырғызстан сынды шет мемлекеттермен қатар еліміздің 13 облысынан барлығы 80-нен аса құсбегі қатысты.
Құсбегілік өнер – ұлттық спорт қана емес, мәдениетіміздің бір бөлшегі, кешегі қазақ даласының өмір салты. Түз тағысын қолға үйретіп, жаратылысынан жабайы, жыртқыш құсты дегеніне көндіріп, тұрмыста пайдасына жарата білген бабаларымыз осынау бекзат өнерді әлемге танытты. Ғасырлар бойы жалғасқан саятшылық ел тәуелсіздігімен бірге қайта жанданып жатқаны рас. Еңбекшіқазақ ауданы Төле би ауылы аумағындағы «Қыран» дәстүрлі аңшылық орталығында өткен халықаралық турнир – соның бір дәлелі.
ҚР Туризм және спорт министрлігі, Алматы облысының әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасы, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, «Құсбегілік федерациясы» РҚБ-ның бас серіктесі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен ұйымдастырылған жарыста саятшылар 67 бүркіт, 16 қаршыға мен 14 ителгіні қосып, мықтыларды анықтады.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде: «Саятшылықты ұлттық спорттың бір саласы ретінде дамытуға мүдделіміз. Осы орайда көнеден келе жатқан көшпелі халықтың құсбегілік өнеріне соңғы жылдары жастардың қызығушылығы арта түскені қуантады», – деген Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділов бекзат өнерді ел арасында насихаттап жүрген жандарға алғысын білдіріп, жарыста жеңіс тіледі.
«Сонар» халықаралық құсбегілер турнирінің дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылуына мұрындық болып, осы істің басы-қасында жүрген ҚР Құрметті спорт қайраткері, ҚР Құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы: «Биыл Астана төрінде өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тізімі құсбегілікпен толығып, үлкен қуанышқа кенеліп отырмыз. Бұл еліміздегі осынау бекзат өнердің насихатталып, мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отырғанын көрсетеді. Көк байрағымызда бейнеленген қыран құсты қалай әспеттесек, рухымыз да солай биіктей бермек», – дей келе, құсбегілік өнері 2010 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне тіркелгенін тілге тиек етті.
Иә, бір қызығы, ЮНЕСКО-ның тізіміне құсбегілік Монғолия атынан кіргенінен де хабардармыз. 1999 жылдан бері аймақ көлемінде бүркітшілер тойын тойлап келе жатқан Баян-Өлгей халқы бұл мерекені бүгінде бүкіл әлемнен қонақтар келіп тамашалайтын үлкен деңгейге жеткізіп отыр.
«Баян-Өлгей аймағында құсбегілік өнер мен байырғы көшпелі қазақ халқының салт-дәстүрі қаймағы бұзылмай, жақсы сақталған. Атадан балаға мұра болып отырған саятшылық жарысқа шетелдіктер де үлкен қызығушылық танытып, жыл он екі ай ағылып келіп жатады», – деген Баян-Өлгейдегі Қазақ құсбегілік одағының президенті Атай Аятханұлы «Сонар – 2024» халықаралық турниріне ресми шақырумен келіпті. «Жақында ғана Шығыс Қазақстан облысында өткен «Салбурын – 2024» халықаралық бүркітшілер фестиваліне, Ақмола облысындағы Біржан сал ауданында өткен Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық «Қансонар» құсбегілер турниріне қатысып, жүлделі орындар иеленіп қайттық. 2013 жылы Ақмола облысында өткен
І Халықаралық бүркітшілер фестиваліне Монғолиядан біз жиырма адам болып келгенімізде мұндағы бүркітшілердің саны елудің үстінде ғана еді. Ал қазір екі жүзден асқанын естіп, қуанып жатырмын», – деген Атай Аятханұлы Баян-Өлгейде бүгінде 300-дей бүркітші барын айтты.
Көкте самғаған құсты қолға үйретіп, оны додаға қосқан саятшылардың өнері мен қыран құстарының самғауы, қанат қағуы, аң мен шырғаға түсуін төрешілер кірпік қақпай қадағалап, әділ бағасын берді. Жарыс қорытындысы бойынша, бүркіт баптаған құсбегілерден бірінші орынды Астана қаласынан келген Ерасыл Серікбекұлы, екінші орынды Жетісу облысынан Жасұлан Бүркітбай және жүлделі үшінші орынды Ринат Алымғазин алды. Ал ителгіні серік қылған серілер ішінде бірінші және екінші орын Қарағанды облысынан келген Таңат Оспанқұловқа бұйырса, үшінші орын Павлодар облысының намысын қорғап келген Ермек Иманзайыптың еншісінде кетті. Қаршығалар сайысында алғашқы екі орын да облысымызда қалды. Бірінші орын Бексұлтан Сейітжанға, екінші орын Сағыныш Байетбайға бұйырды. Ал үшінші орынды Берікболсын Бабажан Жамбыл облысына алып кетті.
Түлкі тымақ, саптама етік, тон мен ішік киіп, белге күміс белдік таққан, қолына қыранын қондырып, алысқа көз тастаған құсбегінің бойынан еркін, асқақ рух пен айбын, жігер, табиғатпен ерекше үйлесім байқалады. Ал ақ қарда қызыл түлкіге төбеден төнген қырандардың қиқуы, желмен жарысқан тазылардың қоян алғандағы шапшаңдығы саятшылардың делебесін қоздырып, даланы дүбірге бөледі.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы