Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Ақшолақовты еске алуға арналған бокстан XXVI халықаралық турнир өтті. Осынау байрақты бәсекеде Балқаш ауданының былғары қолғап шеберлері сынға түсіп, жүлдемен оралды.
Атап айтар болсақ, Әлихан Нұрзақ 80 келі салмақ дәрежесі бойынша ІІ орын иегері атанса, ал Еркебұлан Әкімбай 86 келіде жүлделі ІІІ орынды еншіледі. Ересектер арасында ұйымдастырылған халықаралық турнирде аудан абыройын асқақтатқан спортшылардың жүлдегер атануына аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қосқан үлесі зор. Жаттықтырушылар Айбол Құрманбеков пен Самат Байтілесовтің еселі еңбек сіңіргенін ерекшелеп айта кеткеніміз жөн. Өйткені олар шәкірттерінің топ ішінен суырылып шығуына барын салды. Ел намысын қорғап, жүлделі орындардан көрініп жүрген жерлестеріміздің бұл алғашқы жеңісі емес. Былғары қолғап шеберлері осыған дейін де бірнеше бәсекеде топ жарып, мерейлері үстем болған.
Аудан мақтанышына айналған қос спортшымыз қазақ боксының беделін әлемдік аренада жоғары ұстап, шаршы алаңда қарсыластарынан еш қаймықпай, әрқашан күштері басым түсіп, шоқтығы биік екенін мойындатып, жекпе-жекте қайсар мінез танытып, жұлдыздары жарқырай беруіне тілектеспіз.
Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ
Балқаш ауданы