Алматы облысының киберполицейлері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте интернет-алаяқтықпен күрестің кешенді шаралары жайлы ақпарат берді. Құқық қорғау органдарының өкілдері азаматтарды киберқауіптен қорғаудың жаңа әдістері мен алаяқтық схемаларды дер кезінде анықтау үшін іске қосылған жобалар жайлы баяндады.
«Antifraud-орталық» – Ұлттық банкі мен Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, биылғы 22 шілдеден бастап жұмысын бастаған жоба. Бұл орталық қаржы ұйымдары, құқық қорғау органдары және байланыс операторларын бір жүйеге біріктіріп, алаяқтық әрекеттерді жылдам анықтап, бұғаттауға мүмкіндік береді.
Орталық іске қосылғалы бері облыс аумағында 200-ге жуық күдік тудырған әрекеттерге тосқауыл қойылып, жәбірленушілерге қаржыларын қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде”, – деді полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Кеңесханұлы.
Жыл басынан бері облыста интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың 1136 дерегі тіркелген. Қазіргі уақытта жәбірленушілерге 40 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.