Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақытжан Алдиярдың «Аналардың анасы» атты әдеби-сазды кеші өтті.
Түркістан – қазақ халқының хандары мен билерінің мәңгілік мекені болған киелі жер. Осы өңірде дүниеге келіп, бақытын қасиетті қаламнан тапқан Бақытжан Алдиярдың Түркістан қаласының төрінде өткен кешіне еліміздің түкпір-түкпірінен ат арылтып келген танымал тұлғалар қатысты.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ашты. Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысының атынан құттықтау сөзін арнап, елі сүйген ақынды «Алтын барыс» төсбелгісімен марапаттады. Ал Алматы облысы әкімінің Бақытжан Алдиярға деген ыстық лебізін белгілі ақын, аймақтық басылымдардың басын қосқан «Өлке тынысы» ЖШС директоры Кәдірбек Құныпияұлы мен Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Тоқтар жеткізіп, облыс басшысының атынан ақын иығына шапан жапты.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Түркістан облысы