Бүгінде әлеуметтік желілерде биологиялық белсенді қоспалардың саудасы қызып тұр. Тырнақ сынып, шаш түскеннен бастап, беттегі әжімді кетіріп, қара дақпен күресетін, денедегі жағымсыз иіс пен артық салмақтан арылтып, бұлшық етті тоқпақтай қылар, еркектік күш-қуатты арттырып, әйелге нәзіктік берер, иммунитетті көтеріп, бас ауырып, балтыр сыздағанда мың бір дертке шипа болар түрлі қасиетін айтып, жер мен көкке сыйғызбай мақтайтын жарнамасы жер жарады. Тыңдап отырып, бұл неткен керемет, қандай ғажап деп таңғаласың. Бірақ жарнамадағы сіз естіген сиқырлы күш ББҚ-ның қасиеті емес, маркетинг құрбаны қылар мықты методика ғана емес пе? Биологиялық белсенді қоспа аларда неге мән беру керек? Бұл сұрақтарды өзіңізге қойып көрдіңіз бе?
Шын мәнінде, олар ауруды емдейтін дәрі емес, тағамның құнарын биологиялық белсенді заттармен байытатын қоспа, яғни ағзада қандай да бір элементтің, дәруменнің, минералдың жетіспеушілігі болса, соның орнын толтыру үшін қолданылады. ББҚ-ны түріне қарай тағаммен де, жекелей де қабылдауға болады. 25 жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігер Гуляра Тәжімұратова: «Дәрі-дәрмекті пайда болған аурудың белгілерін жою үшін ішсе, ББҚ ферменттердің түзілуі үшін керек. Ол дәрілік зат болмаса да, оны дәрігердің тағайындауымен ғана ішкен дұрыс. 35 жастан кейін кез келген дәруменнің өзін байқап қолданған жөн. Себебі ағзада ұйықтап жатқан онкологиялық гендер болса, оларды оятып жіберуі мүмкін. Мысалы, кейбір онкологиялық ауруларда В тобының дәрумендерін, С дәруменін ішуге болмайды. Өйткені олар ауруды қоздырады. В3 дәруменін шамадан тыс қолдану жүрек-қан тамырларының ауруын асқындырып, инфаркт пен инсульт қаупін арттырады.
Қазіргі уақытта «әжімді азайтады, теріні жасартады» деген желеумен қыз-келіншектер арасында коллаген ішу сәнге айналды. Егер қандай да бір органда жылауық өскіні (киста) болса, коллаген оны одан сайын өсіріп, үлкейтіп жібереді. Сондай-ақ ББҚ мен дәрі-дәрмектерді бірге қабылдауға болмайды, бір-біріне кері әсер етіп, аллергиялық реакция беруі мүмкін. Тіпті ББҚ-ны жүйесіз, бақылаусыз пайдалану жасушаларды зақымдап, қатерлі аурулардың дамуына себепші болуы да ықтимал.
Жалпы ББҚ ішудің өз тәртібі, белгілі бағдарламасы бар. Ағзаны тазалау, қажетті элемент, минералдармен толықтыру, қайта қалпына келтіру сынды сатылардан тұрады. Оны нақты бағдарламамен, соған сай мерзімі, дозасымен ішу керек. Ал ең дұрысы, қандай да бір ББҚ қолданбас бұрын, медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің нұсқауымен ғана бастаған жөн», – деген дәрігер: «Қазіргі заманауи медицина симптоматикалық терапиямен шектеледі, яғни аурудың белгілерін жоюға бағытталған, оның даму механизмдеріне мақсатты әсер етпейді. Мысалы, пациенттің қан қысымы көтерілсе, оны түсіретін дәрі береді, бірақ «неліктен қысымы көтерілді?» деген сұраққа жауап іздемейді. Ал шығыс медицинасы негізінен этиотропты емдеумен ерекшеленеді. Яғни, аурудың себебі мен оған қолайлы жағдай туғызатын жайттарды анықтап, қоздырғышына әсер етеді. Мысалы, қан қысымы көтерілуі бүйрек ауруынан, өт қабының толуынан немесе күйзелістен де болуы мүмкін. Егер оның нақты себебін тауып, соны емдесе, адам гипертониядан арыла алады. Мұны айтып отырған себебім, биологиялық белсенді қоспалар дәл осы этиотропты емдеуге жатады. Аурудың негізгі себептерінің бірі – ағзада қандай да бір элементтің жетіспеушілігінен туындайды. Ал ББҚ сол элементті толықтыру үшін керек. Олар ішкі органдардың негізгі жүйелерінің жұмысын қалпына келтіреді. Осылайша организм түрлі ауруларға төтеп бере алады», – дейді. Сонымен қатар «Құрбым ішті, мен де ішемін» деп, дәрігердің тағайындаусыз ББҚ-ны қабылдай беруге болмайтынын айтқан маман, емдеу шаралары әркімге жеке жүргізілетінін жеткізді.
Кез келген қоректік заттардың, дәрумендердің немесе минералдардың жетіспеушілігі денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіреді. Биологиялық белсенді қоспалар олардың ағзадағы қорын толықтырып, иммунитетті көтеретінін ескерсек, ББҚ-дан бас тартуға болмайтынын тағы түсінеміз. Әсіресе, тамақты талғап жеп, табақтағы дәрумендер – көкөністерді теріп тастап, сорпа орнына қызыл-жасыл сусын ішіп, құнарлы тағамды тәттімен алмастыратын балалардың дене бітімі ғана емес, ой-өрісі де жасына сай дамуы үшін ББҚ керек-ақ. Ағзаның қалыпты дамуына қажетті көптеген пайдалы зат тек жануарлардан алынатын өнімдерде кездесетінін ескерсек, ет тағамдарынан бас тартқан вегетариандар да бұған тәуелді. Әрине, жоғарыда айтқанымыздай, тек медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің кеңесімен ішу маңызды. Өйткені ағзаңызда қай дәруменнің қоры азайып, қай элементті қажет етпейтінін айнаға қарап білу қиын. Қанша жерден шашыңыз түсіп, тырнағыңыз сынып жатса да, ол тек кальцийге қатысты болмауы да мүмкін. Сол үшін де маманның кеңесі керек.
Зертханалық зерттеулерден толық өтіп, дәрігер тағайындап бергенімен, көзге түскен ББҚ-ны ала салуға асықпаңыз. Өйткені биологиялық белсенді қоспалар арнайы тағам өніміне жататындықтан, Кеден одағының «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» және «Тамақ өнімдерін таңбалауға қатысты» техникалық регламенттерінде мемлекеттік тіркеуден өтуі міндетті. Сонымен қатар техникалық регламент талаптарына сәйкес белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана өндіруге, сақтауға, тасымалдауға және өткізуге рұқсат беріледі. Мемлекеттік тіркеу туралы куәліксіз өнімді Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында заңды түрде таратуға болмайды. Бұл куәлік – мемлекеттік тіркеу рәсімінен өткен тауардың барлық санитариялық және гигиеналық нормасына толығымен сай келетінін куәландыратын ресми құжат. ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің және Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайттарында еліміздің аумағында қолдануға рұқсат етілген ББҚ-лардың тізбесі жарияланған және үнемі жаңартылып тұрады.
ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Азық-түлік тауарларына арналған техникалық регламенттерді бақылау басқармасының басшысы Әйгерім Садубаева биыл жыл басында халықты қауіпті тағамдардан абай болуға шақырып, интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында онлайн сауда арқылы мемлекеттік тіркеу туралы куәліксіз биологиялық белсенді қоспалардың сатылғанын, олардың ішінде құрамында психикалық белсенді заттар бар, қолдан дайындалған өнімдердің болғанын айтқан еді. Мониторинг нәтижелері бойынша 1800-ден астам құқық бұзушыға қатысты шаралар қабылданған. Сонымен қатар халықты ақпараттандыру үшін комитеттің сайтында өнімдер тізілімінде тіркелмеген, тиісті талапқа сай келмейтін, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін 43 ББҚ тізбесі жарияланды. Бұдан бөлек, жосықсыз өндірушілер белсенді заттардың құрамы мен пропорцияларын өзгерткені, адам денсаулығына қауіп тудыратын уытты заттардың және олардың қосындыларының рұқсат етілген құрамынан асып кетуі, көп дозалануы, құрамдауыштардың массалық үлесінің сәйкессіздігі, биологиялық белсенді қоспалардың аты затына сай келмейтін жағдайлар туралы түрлі зерттеу қорытындылары БАҚ беттерінде жарияланып жатады.
Бұл мысалдар ББҚ-ны дәріханалардан, арнайы дүкендерден және сауда желісінен мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті талап ете отырып сатып алу керектігін көрсетеді. Тұтынушы ретінде оған толық құқығыңыз бар. Егер сатушы ол куәлікті ұсына алмаса, өнімді алмаңыз, әрі бұл заңсыз жайт туралы тиісті мекеменің сенім телефонына хабарлаңыз. Өйткені «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 56-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі жоқ ББҚ-ны сату және жарнамалау – заңсыз әрекет болып есептеледі.
«Биологиялық белсенді заттарды жарнамалау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы «Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудағы және қадағалаудағы мемлекеттік тіркеуге жататын өнімдердің жарнамасын жүзеге асыру қағидалары» туралы бұйрығының 2-тарау, 4-тармағына сәйкес жүргізілуі тиіс», – деген Еңбекшіқазақ аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау және бақылау, техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің бас маманы Алма Тукаева бұл бұйрықтағы ББҚ-ны жарнамалауға қатысты талаптарды тізіп берді. Жарнамада ББҚ-ның сауда атауы, өндірушінің атауы, өнімнің тағайындалуы, қай санаттағы адамдарға арналғаны, негізгі және қолдануға қарсы көрсетілімдер, жанама әсерлер, олармен танысу қажеттігі туралы нұсқау, сонымен қатар өнімнің құрамына кіретін белсенді компоненттер туралы мәліметтер, қолдану тәсілі мен дозалары, балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ бала емізу кезеңіне қатысты ерекше нұсқаулары, қолдануға көрнекі және түсінікті ұсынымдары, өндірушісінің және өндіруші Қазақстан Республикасында шағымдарды қабылдауға уәкілеттік берген тұлғаның атауы, мекен-жайы, жарнамалау объектісінің дәрілік зат болып саналмайтындығы туралы ескерту сынды негізгі ақпараттар болуы керектігі айтылады. Сонымен қатар ББҚ жарнамаларын қоғамдық көлікте, оларды тағайындауға, пайдалануға және сатуға қатысы жоқ ұйымдарда, өнеркәсіптік өнімдерде, рецептуралық бланкілерде таратуға және орналастыруға тыйым салынған екен.
Мұндай тыйымға қарамастан, әлеуметтік желілерде, соның ішінде танымал блогерлер, спортсмендер мен әртістердің парақшаларында тағамға биологиялық белсенді қоспалардың қасиеттерін асыра сілтеп, жалған жарнама жарияланып жататыны аян. Өнімді өткізу үшін олардың жанама әсерлері жайында жақ ашпай, қаупі жасырын қалады. Дегенмен, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 56-бабының 2-бөлігіне сәйкес ББҚ-ның жарнамасы тұтынушыларға анық болуы қажет, арнайы құралдарды қолданбай-ақ түсініп-танитындай, тұтынушылардың сенімін теріс мақсатта пайдалану арқылы оларды жаңылыстырмауы керек.
«Осы орайда біздің тарапымыздан басқарманың әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Жарнаманың сөзіне сеніп, маркетинг құрбаны болмау үшін, бастысы, денсаулығыңыз бен өміріңізге қауіп төндірмеу үшін қандай да бір тағам өнімін, оның ішінде биологиялық белсенді қоспаларды сатып аларда ең алдымен өнімнің қаптамасына, сыртқы жазуларына, яғни мемлекеттік немесе орыс тілінде түсінікті жазылған ақпаратқа назар аударуға, ондай мәлімет болмаған жағдайда өнімді сатып алудан бас тартуға кеңес береміз», – деген Алма Есболқызынан биыл жыл басынан бері тұтынушылардан ББҚ-ға қатысты басқармаға арыз, шағым түскен-түспегенін сұрадық.
«Тұтынушылардан ешқандай арыз түспеді. Десе де, биыл ақпан айында Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасынан ҚР Әкімішілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 802-бабы негізінде басқармаға берліген құжаттарға сәйкес аудандағы базарлардың бірінде жұмыс істейтін С.П. есімді жеке кәсіпкердің биологиялық белсенді қоспаларды қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз сатқаны белгілі болды. Басқарма мамандарымен осы жайт бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, аталған жеке кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 203-бабы 1-тармағына сәйкес 45 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды», – дейді.
Осы сынды келеңсіз жайттардың алдын алу үшін Еуразиялық экономикалық одақ аумағында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2024 жылғы 24 қыркүйектегі № 99 «Тағамға биологиялық белсенді қоспаларды сәйкестендіру әдісімен таңбалау туралы» шешімі қабылданды және ол биыл 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі. Ол таңбалау кодтарын қалыптастырудың және БАД-тың трансшекаралық саудасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай қағидаларын, оның ішінде экспорттаушы елдің ұлттық операторы арқылы шетелдік таңбалау кодтарын алу мүмкіндігін белгілейді.
Әр нәрсенің екі жағы бар секілді биологиялық белсенді қоспалардың да пайдасы мен зияны қатар жүреді. Денсаулықты нығайту да, керісінше өмірге қауіп төндіріп, қиындыққа тап болу да өз таңдауыңызға байланысты. Сондықтан ББҚ аларда жоғарыда айтылған ақыл-кеңесті ескеріп, дұрыс таңдау жасау керектігін есте сақтаған жөн.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ