Әлемде сирек кездесетін, көркімен көзді баурайтын Шарын шатқалы мен Ерен тоғайы – Қарадаланың тұмарындай. Осынау тұмса табиғатқа бай өлкеде қоршаған ортаны қорғауға арналған игі шара өтті. Аталған жиын Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 20 жылдығына арналды.
Шарын – экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Ұлттық парктің көлемі 127050 гектарды құрайды. Мұнда 4 туристік бағыт – «Шарын ерен саяжайы», «Шарын шатқалы – Қамалдар аңғары», «Бейіттер мен қорғандар», «Темірлік – кіші шатқалы» бар. Аң-құстардың түр-түрі кездеседі. 1000-ға тарта өсімдік пен омыртқалы жануар тіршілік етеді, олардың 27 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген. Жалпы парк аумағы флора мен фаунаға өте бай. 2018 жылы Шарын МҰТП ЮНЕСКО-ның халықаралық биосфералық резерваттар желісіне енді. Бүгінгі таңда табиғи парк халықаралық маңызға ие болды.
Шонжыда өткен мерейтойлық шараға көршілес мемлекеттерден ғалымдар және республикамыздағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басшылары, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Зоология институтының мамандары қатысты. Аудандық Мәдениет үйінде Шарын МҰТП аумағында кездесетін аң-құстардан, өсімдіктерден ақпар беретін көрме қойылды.
Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевқа берілді. Ол еліміздегі ерекше қорғалатын аумақтардың жұмысына аз-кем тоқталып, табиғат байлығы саналатын Шарын шатқалы мен Ерен тоғайы мемлекетіміздің қазынасы екендігін ерекшелеп айтты. Осы аумақты қорғауда еңбек сіңіріп жүрген жандарға алғыс айтып, бірқатар парк қызметкерлерін арнайы төсбелгімен марапаттады. Ұйғыр аудандық мәслихатының төрағасы Нұрәкім Есжан, Алматы облысының Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы, география ғылымдарының докторы Медеу Ахметқалдар ақжарма тілектерін ақтарды.
Шарын МҰТП директоры Гүлмира Нысанбаева парктің 20 жыл ішінде жеткен жетістігін көпшілікке паш етті. Парк аумағы 20 айналымға бөлінген, 20 мемлекеттік инспектор қорғайды. Жыл сайын мұнда келетін туристер саны артуда. Парк құрылған жылы 635 турист келсе, қазіргі таңда демалушылар саны 113 000-ға жетті. Сонымен қатар мекеменің техникалық базасы да жақсарған. Мамандардың жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған. Гүлмира Нұрәліқызы парк тек өз ішінде ғана емес, аудан аумағындағы мекеме, мектептермен де тығыз байланыс орнатып, оқушыларды табиғатты қорғауға, оған жанашырлық танытуына тәрбиелеу мақсатында үздіксіз жұмыстардың да жүргізіліп жатқандығын сөз етті.
Бұдан кейін салтанатты жиын ғылыми конференцияға ұласты. Шетелдік және отандық ғалымдар Шарынның ерекшеліктері туралы баяндама оқып, парктің келешегін кеңінен сөз етті. Ертесі алыс-жақыннан келген қонақтар Шарын шатқалы мен Ерен тоғайын аралады. Табиғаттың ерекше сұлулығын өз көздерімен көріп, таңданыстарын жасырмады.
Осылайша Шарын МҰТП-ның 20 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өтті. Конференция барысында Шарын шатқалы туралы 50-ден астам ғылыми баяндама жинақталған кітап, парктің аң-құстары мен өсімдіктері толықтай қамтылған фотоальбом қонақтарға сый ретінде табысталды.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы