Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылында қазақ жырының қара жорғасы атанған Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың 135 жылдығына арналған «Дүлдүл жырдың дүбірі» атты ғылыми конференция өтті. Осындағы ақын музейінің қызметкерлері ұйымдастырған жиынға белгілі мәдениеттанушы, әдебиетші ғалымдар қатысты.
Жиынға қатысушыларды музей ауласында Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектептің домбыра оркестрі күмбірлеген күймен қарсы алды. «Бөпежан» әжелер ансамблінің ақ жаулықты әжелері шашу шашып, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын, Үмбетәлі Кәрібаевтың немересі Әуелбек Ысқақов арнауын айтты. Белгілі жыршы, термеші Жылбек Тоқтасынов Үмбетәлі мен Нұриланың айтысынан үзінді орындады. Құрметті қонақтар музей ішін аралап көргеннен кейін, ақынның биылғы мерейтойына орай шығарылған «Нұр тілек» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
«Халық үшін қаламды қолға аламын, Әділдік, ақиқатты қолданамын» деп ғұмырын қазақтың сөз өнеріне арнаған жырдың қара жорғасы, айтыс өнерінің ерен жүйрігі Үмбетәлі жөніндегі ғылыми жиынды филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы жүргізді. Конференция барысында Үмбетәлінің өмірі мен шығармашылығы, сондай-ақ қазіргі кездегі зерттелуі ғылыми-теориялық жағынан жан-жақты талқыланды. Бұл орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Анарбай Бұлдыбай «Жамбылдың ізбасары» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш «Кезең шындығының кейіпкері» тақырыбында ақынның алар орнын тұжырымды ойларымен айшықтады. Сондай-ақ аталған институттың «Қолжазба және текстология» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жұмашай Рақыш Үмбетәлі қолжазбаларының жиналуын, жариялануын, зерттелуін зерделесе, осы орталықтың ғылыми қызметкері Алмас Оралбек Үмбетәлі мен Әбдіғали айтысы жөнінде сөз тарқатты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Нүсіпбай Әбдірахым ақын өлеңдері туралы әңгімеледі. Ал Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы өнертану факультетінің бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасы меңгерушісі Әйгерім Еспенова ақынның сурет өнерінде бейнеленуін баяндады. Филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Өтен Үмбетәлі мен Кенен шығармашылығындағы әдеби байланысқа тоқталды.
Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов сөз алып, биыл өңірде ақын-жазушылардың мерейтойларына байланысты жүзеге асқан шаралардан хабардар етті. Келесі сәтте Үмбетәлі Кәрібаевтың 135 жылдық мерейтойына арнап Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің қаламгер, ғалымдарының конференция қатысушыларына бейнежолдаулары экраннан көрсетілді.
Қазақ ауыз әдебиетінің ірі өкілі Үмбетәлі Кәрібаев 1889 жылы Қарғалы ауылында дүниеге келіп, 1969 жылы 80 жасында өмірден озған. Заманында Жамбыл, Кенен, Иса, Қалқа, Баймұрат, басқа да ақындармен тығыз шығармашылық байланыста болып, қырғыз, өзбек елдерінің де жыр жүйріктерімен араласқан. Үмбетәлі мен Нұриланың айтысы қыз бен жігіт айтысының ерек үлгісі ретінде тарихта қалды.
Серік Сатыбалдиев
Үмбетәлі ауылы, Жамбыл ауданы