1979 жылдың шілдесінде Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, Нарынқол ауданының бірінші хатшысы Шахман Есенамановтың қабылдауына келдім. Ол кісі бюро мүшелерімен ақылдаса келіп, Ленин атындағы ұжымшардың бастауыш партия комитетінің жетекшісі қызметіне жіберді. Шаруашылық басшысы – көпті көрген, есімі республикаға танымал Нүсіпбек Әшімбаев.
Ұжымшар бастығы нағыз көшелі адам екен. Кім еңбексүйгіш, соны ең жақыным деп есептейді. Ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жай-күйі ол кісінің жіті назарында. Өз қатарластарымен бас қоса қалса, ұлттық танымға жетік екенін көрсетеді. Өлке тарихынан бастап сан тарау шежірені ақтарып, сара сөздің майын тамызады. Жады мықты еді. Жүзге жеткенше жаңылғанын көрмедім.
Шаруашылықтағы үлкен-кіші мамандардың барлығы – көз алдында өсіп, жетілген жергілікті жастар. Оларға ұжымшар атынан жолдама беріп, жоғары оқу орындарына түсіретін. Н.Әшімбаев сияқты талапты басшының тәлімі – олар үшін екінші университет. Мәселен, бөлімше меңгерушілері Әшірбек пен Тілеужан еңбек жолын қара жұмыстан бастап, білікті мамандар қатарынан көрінді. Нүсікең жастардың дербес шешім қабылдауына ерік беретін. Сол арқылы ізденістерге, жаңалықтарға арна ашатын. Басқарма отырыстары мен жалпы жиналыстарды созбайтын. Нақтылыққа жүгінетін. Сынды да орнымен, дәлелімен айтуды қалайтын. Партком хатшысының жазатын хаттамасы, аупарткомға жолдайтын ақпараты да аз емес. Кеңседе ұзақ отырып қалғанда: «Әбілбек, қане, малды ауылды аралайық, жағдайын білейік, жұмыстарын көрейік», – деп ерте жөнелетін. Алғашқы күннен қасынан қалдырмады. Қазір ой елегінен өткізсем, үйренсін, білсін деген қамқорлығы, жанашырлығы екен ғой. Қариялық парасаты да биік еді. Осындай басшыдан алған тәрбием мен тәжірибем маған бағдаршамдай жол көрсетіп отырды.
Нүсіпбек Әшімбаев 40 жылдан аса уақыт дәулеті тасыған, экономикасы шалқыған миллионер ұжымшарды басқарды. Билік қызметін халыққа жұмсады. Пендешіліктен аулақ болды. Ауылдың ішін жаяу аралап, шеберханаға, кеңсеге жаяу келетін. Анда-санда тор төбел сәйгүлігіне мініп, ферма зоотехниктерімен жайлауға аттанатын.
Нүсікеңнің 70 жылдық мерейтойын өткізуге қатыстым. Мейрамханада аста-төк дастарқан жасап, ат шаптырып думандатуға өзінің де, әулетінің де мүмкіндігі жететін. Алайда тойды қара шаңырағында өткізді. Меймандарымен емен-жарқын сырласып, мерейге бөленгенін көзімізбен көрдік.
Басқарма бастығы болып жүрген жылдары қазақтың бұлбұл әншілері Бибігүл мен Роза да осы үйден дәм татып, абыз қарияның ақ батасын алды. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаровтар құтты қонағы болды. Бірде қызметтік сапармен Сарыбастауға Құрылыс министрі келді. Еңсесі биік дәрігерлік амбулаторияны, жобалы мектепті, Мәдениет үйін, балалар клубын, стадионды, кеңсе ғимаратын, тағы басқа әлеуметтік құрылыстарды аралап, тұрғындармен сөйлескен министр: «Мұндай нысандар республиканың ең алдыңғы, мақтаулы деген шаруашылықтарында толық салынбаған. Сыртыңыздан атыңызға көп мақтау айтылатын. Оған соншалық сене бермейтін едім. Барлығын көрдім, өте қуаныштымын. Тағы бір қосарым, осындай бай шаруашылықтың басшысына лайықты екі қабатты үй салуға мұрындық болайық», – дейді. Сонда Нүсікең: «Ниетіңе рақмет! Бірақ ауылда өзің көргендей, мектеп, аурухана, балабақшадан басқа биік ғимарат жоқ. Төбені шошайтып елден жоғары тұрғанды қаламаймын», – деген екен. Нүсікеңнің ұл-қыздары да әке өнегесімен тәрбиеленді. Мәселен, қызы Света сыныптастарымен бірге қысы-жазы шаруашылық жұмыстарына белсене қатысқан. Оқудың да үздігі атанған. Өмірлік қосағы Сағатбек екеуі ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырып, аталық парыздарын орындап жүр.
Әлі есімде, Көмірші ауылында жеті жылдық мектепте оқып жүргенімде бізге Мият деген бала қосылды. Екі жылдан соң басқа мектепке ауысты. Арада жылдар өткен. Сарыбастауға көшейік деп дайындалып отырғанбыз. Есік алдына «ГАЗ-51» автокөлігі келіп тоқтады. Кабинадан еңгезердей жігіт түсті. Тани кеттім, баяғы Мият. Фамилиясы Әшімбаев еді. Ұжымшар бастығының ұлы болып шықты. Озат жүргізуші, үлгілі отағасы екен. Нүсікеңнің ізін басқан ұлдарының бірі – Мақсат. Қатардағы агрономнан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына дейін көтерілді. Бүгінде кәсіпкер. Беделді азамат. Апай да Нүсікеңе лайық жар еді. Мал төлдету кезінде ертеден қара кешке дейін малшы қосындарын аралап, түннің бір уағында үйге оралатынбыз. Нүсікең шаңырағының шамдары жанып тұратын. «Әбілбек, түс үйге. Шөлдедік қой. Апаңның құла қасқа шайын бірге ішейік», – дейді төраға маған қарап. Не айтасың, ағаның үйі – ақжайлау. Зақан апай өзгермейтін қалпымен отағасын күтіп, ұйықтамай отырады. Жас кезіндегідей ширақ қимылдап, ас мәзірін алдымызға тосады. Сұрақ қоймайды, қабақ шытпайды. Ол кісілердің сыйластығына әрі сүйініп, әрі қызығып қарайсың.
Нүсікең жаңалыққа жаны құмар адам еді. Айтайық, 1960-1966 жылдары Қазақстанның көптеген аймағы телеарналардың қызығын көріп, тамашалап жатты. Ал Нарынқол өңірі мұндай жетістіктен шет қалды. Осы жүйені аудан игілігіне айналдыру ісін қолға алған Нүсіпбек Әшімбаев болатын. Оны бүгінгілердің біреуі білсе, біреуі білмейді. Телекорпорация төрағасының есігін тоздырып жүріп келісімін алды. Тұзкөл тауына қиялап жол салды. Ұшар басына телемұнара орнатты.
1979-1981 жылдары бірсыпыра ауданда тұз тапшылығы туындады. Көпті көрген басшы тағы да алға шықты. Техникасын сайлап, механизаторларын жұмылдырып, Тұзкөлден 200 тоннадай тұзды сүзіп алғаны бар. Өзіміздің шаруашылықты да, ауданның ұжымшар, кеңшарларын да тұзбен қамтамасыз еттік. Осы жылдары аудан басшылары мәдениет саласындағы жұмыстарды жақсартуға ден қойып, көркем өнерпаздар үйірмелерінің байқауын өткізе бастады. Біз де талантты жастардың басын қостық. Оларды музыкалық аспаптармен, ұлттық киім-кешектермен қамтамасыз еттік. Нүсікең бірінші басшы ретінде осы шараны барынша қолдады. «Қазақконцерт» бірлестігіне барып, келісімшартқа отырып, мәселені уақытында шешті. Еңбек еш кетпеді. Байқауда жүлделі бірінші орынды иелендік. Осыған орай, «Қазақстан» телеарнасынан да шақырту алдық. Оған Нүсікең де қатысты. Қол жеткен табыстарымызды тыңдаушыларға әңгімелеп бердік. Сол жылдары ұжымшардың 50 жылдық мерейтойы аталды. Тойға шаруашылықтың қазығын қаққан ардагерлердің бәрін шақырдық. Бердібек Соқпақбаев бастаған жазушылар қауымы, осы жерден түлеген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаев өз құттықтауын жолдады.
1981 жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың алғашқы мерейтойы Нарынқол өңірінде өткізілгені баршаға аян. Біздің ұжымшар да үш бірдей ақшаңқан киіз үй тігіп, Мұқаңның жары Лашын әпкемізді, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Т.Молдағалиев сынды атағы аспандап тұрған ақын-жазушыларды қонақ еттік. А.Сүлейменов, Ф.Оңғарсынова сияқты тағы басқа таланттар төрімізден орын алды. Нүсікең дастарқан басында қонақ кәдесін жасап, Бердібектей атақты жазушыны, Мұқағалидай дүлдүл ақынды, Көдектей жыр жампозын тілге тиек етті. Отырғандар Нүсікеңнің ой-өрісінің кеңдігіне, танымына таңғалып риза болысты.
Ұжымшар басқармасы мен партия комитеті білім, мәдениет және денсаулық саласын дамытуға да ерекше көңіл бөлді. Нүсікең Алматыдағы Ғылыми зерттеу институттарының басшыларымен кездесіп, оларды ауылға шақырды. Медицина ғылымының докторы Ғалым Ұлданов бастаған институт дәрігерлері техникасымен, құрал-жабдықтарымен 3-4 жыл қатарынан Сарыбастау тұрғындарын дәрігерлік тексеруден өткізді. Қолма-қол емдеді. Ота қажет ететін науқастарды институтқа арнайы жіберіп, сауығып кетуіне көмектесті.
Осы жазғандарым Нүсікеңдей көреген, болашақты болжаған басшымен бірге жүрген кездегі атқарған жұмыстардың бір парасы ғана. Ол кісі маған риясыз сенім артты. Ұжымдағы басшы мен ондағы ұйымдардың ынтымағы, ауызбірлігі бір арнадан шығып жатса, алынбайтын қамал болмайтындығына көзімді жеткізді. Сол жылдары Хантәңірінің ұшар шыңына шығып, ту тіккендей болған басты жеңісіміз, қуанышымыз ауыл академигі атанған Нүсіпбек Әшімбаевқа Социалистік Еңбек Ері атағының берілуі еді. Нүсікең екеуміз қарашаның қарлы кешінде мал қыстату жөнінде жоспар құрып отырғанбыз. Бір кезде телефон шыр ете түсті. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Алдан Оспановтың дауысы естілді.
– Әбілбек, Нүсікең қайда? Сүйінші! Мәскеуден хабар келді. Ол кісіге Еңбек Ері атағы беріліпті, – деді көтеріңкі дауыспен саңқылдап. Осыны естіген сәтте Нүсікеңнің жүзі нұр жайнады. Тұлпардай сілкініп орнынан тұрды.
«Келші Әбілбегім, ақжолтайым, ризамын!» – деді толқығаннан мені қаттырақ қысып. «Ақжолтайым» деген ыстық лебізді аузы дуалы ақсақалдың маған берген ақ батасындай сезіндім. Осы дауысты жадыма сақтап, әлі ұмытпай келемін. Басшымыз ғана емес, сонымен қатар бірсыпыра механизатор, егінші, малшы орден-медальдарға ие болды. Олардың қатарынан мен де көріндім, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталдым.
Нүсікең «Ғасырға ұласқан ғұмырым» деген естелік кітабында былай деп жазыпты: «Ол уақытта «Комсомол – партияның сенімді ізбасары» деген қанатты сөз көп айтылатын. Сол ұйымнан тәрбие алғандар қатарында көп жыл партия қызметінде болған жаны жарқын жандар – Шайхислам Баймұханбетов, Құрманбек Насыров, Тауыпалды Шәңгериев, сол секілді Шоғанбек Мұсаев, Назар Измахунов, Мәдениет Ұнаспаев пен Әбілбек Айтақыновтарды атар едім. Оларды өз істеріне шынайы берілген, ел-жұртты ізгілікті істерге үйрете алатын ысылған жетекшілерге балаймын». Нүсікеңнің мені де алдыңғы толқын ағалар қатарына қосып, атымды атағанына төбем көкке жеткендей болды.
Тәуелсіздік алған бірнеше жылдардан кейін Нүсікең екеуміз Алматыдағы «Атакент» мейрамханасындағы тойда бас қостық. Емен-жарқын, құшақ жая амандастық. Қазақтың тойы кешігіп басталатыны белгілі. Осы аралықта қалаға қоныстанғалы бері ішіне жиналып қалған әңгімені бастады-ай келіп. Ол кісінің алаңдайтын мәселесі – өзі негізін қалаған сәулетті ауылдың, дәулетті ұжымшардың қазіргі жағдайы екен.
– Әбілбек-ау, Сарыбастауға бардым, бәрі өзгерген! Қайран өмір, қайран еңбек, далаға кеткендей күйде! Тірнектеп жинаған дәулетті уыстап шашып тастапты. Сәулетті ғимараттардың көпшілігі жарамсыз болып қалған. Оның барлығын өз қаржымызға салмап па едік?! Асыл тұқымды қойлар да талан-таражға түсіпті, – деді күйінгендей.
Үлкен кісі ішіне шемендей қатқан шерін түйдек-түйдегімен шығарды. Жаңа ғана ақжарқын отырған қарияның жүзі түтігіп, өңін мұң басып кеткендей. Осыны ойлап түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалған секілді. Шар болаттай сомдалған алып дүние жұқалаң тартып, шөгіп бара жатқандай сезіледі. Жүрегі де шым етіп сыр бере бастаған ба, қалай? Арасында дәрісін аузына салады.
– Сенің әріптесің Айтақын Әбдіқал баламыз да бір өлеңінде ауылдың жағдайын керемет суреттепті, – деп әңгімесін ары қарай жалғастыра бергенде той да басталып, сөзімізді музыканың әуені басып кетті.
Көшіп жатыр Қарасаз, бәрі қайда барады?
Мұқағали ақынның, әні қайда қалады?
Ұлы жайлау Шалкөде, сәні қайда қалады?
Таумен егіз өмірдің мәні қайда қалады?
Кәрі жүректі толқытқан әкем аттас ақын досым Айтақынның «Ауыл көшіп барады» деген ойлы өлеңі ойыма орала береді. Айтыкең де қыран қанат ағалары Мұқағали мен Еркіндер сияқты бір сәтте көзден ғайып болды. Өмір дегенің бір есікке кіріп, екінші есіктен шыққандай, жалт еткен сәуледей өтетіні тым жылдам екен-ау!..
Иә, Нүсіпбек Әшімбаевтың өмір жолы ерлік пен еңбекке толы. Өз заманының жоғарғы марапаты – Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерін иеленді. Социалистік Еңбек Ері атанды. Ол кісі, ең алдымен, қуат пен ақылға сүйенді. Қиындықты аз көрген жоқ. Бала кезінде дүркіреп қашқан ел-жұртпен бірге амалсыз шекара асқан үшін нақақтан-нақақ қызыл империяның қаһарына ұшырады. Карлаг-тың тозағына төзді. Сонда да рухын түсірмеді. Болашақтан үмітін үзбеді. Жүрек түкпірінде ата-бабадан қалған аманатын адал сақтап, Алла Тағаладан тілеу тіледі. Сонда да өзін идеяға берілген коммунистер қатарынан санады. Ақты – ақ, қараны – қара деп, басшыға да, қосшыға да шындықты айтудан еш жасқанбады.
Үш дәуірдің күнгейі мен көлеңкесін көрген, жақсылық пен жамандықты теңдей бастан кешірген, еңбекпен шыңдалған нар тұлға қаланың төрт қабырғасына кейде сыймай кететін. Кілемдей құлпырған кең жайлауы – Шалкөдені аңсайтын. Ойқарағай мен Айғайтастың құздарында арқар ойнаған асқар-асқар тауларының құт қонған қойнауларын сағынатын. Келешектің иесі жастарымыз біз көрген зобалаңды көрмей өсіп, білім, ғылым биігіне шықса екен, жеріміз тыныш, еліміз аман болса деп тілеуден танбады.
Жасы 100-ге таяп қалса да, газет-журналдарды ақтарып, шолып өтетін. Соңғы күндері ғана бойы байсал тартып ұйықтағанды ұнатқандай халге түскен. Көзін жұма қалса, өткен күндер естелігіне кіріп кеткендей болады. Әсіресе ата-бабасының құтты қонысы, қасиетті мекені Үйсін тауларын аралап жүргендей сезінеді. Шартастың дөңгеленген қой тастарының үстіне шығып алып, алысқа көз салып тұрғандай күйге түседі. Кенеттен тау қырқасын қиялап, ақбоз атқа мінген арғы атасы Сүйіндікті көреді. Үстінде қазақы өрнекті ақ шапан, басында бөркі. Өзіне қол бұлғап, «Маған кел» деп шақырғандай. Бар күшін жинап атасына қарай ұмтылады. Бабасына жетемін деп алқынып, жүрегі атша тулап кетті. Сөйтіп, бақилыққа жол тартқанын сезбей қалды. Осы мезетте әкесінің соңғы дауысын естіген қызы Света да: «Әке, әке, не болды?!» – деп қасына жетіп келеді. Жүзі нұрланып, мамыражай күйге бөленіп мәңгілік ұйқыға кеткен әкесін көреді…
Кетсең де көзден ғайып мәңгілікке,
Жайқалып тұрсың бүгін шынардайын.
Атыңды есте сақтар қалың елің,
Ойымнан мен де өзіңді шығармаймын.
Нүсіпбек Әшімбаев жайлы баспасөз бетінде талай-талай очерктер жарияланды. Тіпті Швециядан Сарыбастауға арнайы келген шетел журналисі Нүсікеңмен кездесіп, қазақы қонақжайлылықты, шаруашылыктың табысын көріп «Соқадан – алып тракторға дейін» деген мақаласын жариялаған-ды. Жетістіктерді еш боямасыз, тамсана, таңдана жазыпты. Нүсіпбек Әшімбаев тірі болса 115 жасқа келер еді. Ол кісімен бес жылдай қызметтес болып, ұстаз бен шәкірттей аралас-құралас жүрген жылдардан естігенімді емес, көзбен көргенімді жазып отырмын. Алып тұлғаның бейнесін қаламгерлер толықтыра береді деген сенімдемін.
Әбілбек Айтақынов,
Райымбек және Еңбекшіқазақ аудандарының
Құрметті азаматы