Түркі жұртының рухани орталығы – Түркістан төрінде мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі болған саясаткер, ғалым, тарихшы, публицист, біртуар тұлға – Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай «Тұрар Рысқұлов және Түркістан идеясы» атты халықаралық конференция өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Түркістан облысы әкімдігі мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың бірлесе ұйымдастыруымен өткен жиынға Түркия, Өзбекстан, Монғолия елдерінен арнайы өкілдер мен еліміздің танымал ғалымдары мен тарихшылар қатысты. Шараға жиналған көпшілік, ең алдымен, Тұрар Рысқұлов туралы құжаттар көрмесін тамашалап, тұлға тарихы таспаланған фото-шежіремен танысты.
Ауқымды жиынды академик, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі жүргізді.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев алғашқы болып сөз алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізді.
«Құрметті қауым, сіздерді аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына арналған халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын!
Тұрар Рысқұлов – мемлекеттігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Ол төл шежіремізге ұлтымыздың болашағына қатысты көптеген мақалалар мен ғылыми еңбектер жазды. Күрделі кезеңде ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, талай игі бастамаға ұйытқы болды. Нәубет жылдары халықты аштықтан құтқаруға атсалысты. Қазақтың біртуар перзенті еліміздің егемендігі, түркі жұртының азаттығы жолында табанды күрес жүргізді. Тұрар Рысқұлов есімі тұтас Түркістан идеясымен тығыз байланысты. Оның түркі мемлекеттерінің бірлігіне қатысты идеясы әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ», – делінген Президент құттықтауында.
Келесі кезекте ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаты оқылды. Наурызбай қажы, Монғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Баярхуу Дорж, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Зауытбек Тұрысбеков, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова сөз алып, қайраткердің сан қырлы қасиетіне тоқталды.
Шараға Тұрар Рысқұловтың ұрпағы Адель Робертқызы арнайы келіп, ең алдымен, бүгінгі конференцияны ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
«Бүгінгі конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанын атап өткім келеді. Көрменің өзінде бұрын-соңды көрмеген, білмеген құжаттарды көрдім, дайындық жұмыстары өте жақсы жүргізілген. Шыны керек, мұндай деңгейдегі шараны бұған дейін көрмедім. Мінберде де Тұрар Рысқұлов туралы тың ақпараттар айтылып жатыр. Осы мәліметтердің барлығы жастарға жетсе, келешек ұрпақ Тұрар Рысқұловты, оның еңбегін ұмытпаса екен деймін. Өкінішке қарай, қазір тұрартанушылар саны аз. Сондықтан студенттер үшін Тұрар Рысқұловқа арналған сағаттар ұйымдастыру, білім беру бағдарламаларына қосу туралы ұсыныс айтқым келеді. Тұрар Рысқұлов сан салада қызмет еткен, тарихтың ашылмаған ақтаңдақ беттері әлі де бар, қаншама құжаттар бар», – деді Адель Рысқұлова.
Халықаралық конференция бұдан әрі панельдік сессияға ұласты. Онда түркітілдес елдерден келген ғалымдар мен сарапшылар Тұрар Рысқұловтың тұлғасын жан-жақты зерттеп, оның идеялары және қызметінің маңызы, қазіргі күндегі өзектілігі туралы ой бөлісті.
Басқосу барысында «Рысқұлов және қырғыз зиялылары», «Рысқұлов – әлемдік тұлға», «Рысқұлов және Алаш зиялылары», «Рысқұлов және Түркістан», «Рысқұловтың публицистикасы», «Рысқұлов және Түркістан үшін күрес», «Рысқұлов және Ататүрік, Түркі бірлігі» тақырыптарында баяндамалар оқылды. Жиылған қауым Тұрар Рысқұловтың болмысымен, қазақ даласы мен халқы үшін төккен тері, еңбек жолымен тереңінен танысты.
Іс-шара аясында ХҚТУ аллеясына 130 түп шынар ағашы отырғызылды. Университет ректоры Жанар Темірбекова келешекте аллеяның аумағы кеңейіп, үлкен саябаққа айналатынын айтты. Баба рухына ұрпағы осылайша тағзым етті.
Алма ЕСЕНБАЙ