Қонаевта алғаш рет волейболдан қала әкімінің кубогы үшін жарыс өтті. Ересектер арасында өткен сайысқа еліміздің әр өңірінен 12 команда қатысты. Спортшыларды шараның ашылуымен қала әкімнің орынбасары Төлеген Кенжебеков құттықтады.
«Қонаев қаласы облыс орталығы мәртебесін алғалы тұңғыш рет әкім кубогы үшін жарыс өтіп жатыр. Алдағы уақытта да түрлі шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ қаламызда бірқатар спорт нысаны бой көтереді деп күтілуде. Жарысқа қатысушы барлық командаға сәттілік тілеймін!» – деді ол.
Ашық турнирдің бірінші күні топтық кезең ойнатылып, жартылай финалға «Жаркент-Талды», «Жетісу облысы», «Шымкент», «Шырын» командалары шықты. Командалар ішінен Шымкент спортшылары кіл мықты екенін дәлелдеп, 1-орынды иеленді. 2-орынды Ұйғыр ауданынан келген жігіттер жеңіп алды, ал 3-орынға жетісулық команда табан тіреді.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар спортшылар жекелеген «Үздік ойыншы», «Үздік үйлестіруші», «Үздік тосқауылшы», «Үздік шабуылдаушы» номинацияларымен марапатталды.
Ақерке Жұмағазықызы
Қонаев қаласы