Әлемде әлеуметтік желі мен ғаламтор жүйесінің жедел дамуы – дәстүрлі ақпарат құралдарына деген сұранысты азайтып, нәтижесінде мерзімді басылымдар күрделі кезеңді басынан кешіруде. Мұндайда өскелең ұрпақтың кітап пен газет-журналдарды оқуға немқұрайдылық танытып, сауатсыздыққа ұрынатыны сөзсіз.
Дегенмен, қағазға басылып шыққан сөздің қасиетін ұғынып, газет оқу дәстүрін насихаттап жүрген жандар да баршылық. Қарасай ауданының ұстаздары бүгінде осындай орынды істің басында тұрғанын айта кету керек. Қаскелең қаласындағы А.Байжанов атындағы орта мектеп ұжымы мерзімді басылымның беделін арттыру мақсатында «Қазақ баспасөзін дамыту – мәңгілік елге бастар жол» атты конференция өткізгені осының айғағы.
Жиынның шымылдығы 3 «Б» сынып оқушылары хормен орындаған «Атамекен» әнімен ашылды. Алғашқы болып сөз сөйлеген мектеп директоры Жанат Есдәулетова қалың оқырман қауымды сауаттылыққа үйретіп, шынайы ақпаратты жеткізуде газеттің алатын орны зор екеніне тоқталды.
Келесі кезекте баспасөздің ұлт тарихындағы маңызы туралы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Галя Әбдіқұлова сөз қозғады. Ұстаз газет-журнал оқу мәдениетімізді арттыратынын айта келіп, оған дәлел ретінде дамыған мемлекеттерді мысалға келтірді.
– Газет пен журнал – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы, тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Жаңа технология дамыған заманда адамдардың руханиятын сақтап қалу үшін баспасөздің атқаратын қызметі орасан зор.
Әлемдегі ең алғашқы газет б.з.б. Ежелгі Қытайдың Хань династиясы тұсында пайда болған. Ежелгі Грекияда да газет шығару ісі ертеден қанат жайған. «Газет» деген атау италян тіліндегі «газетта» сөзінен шыққан, ол «ұсақ тиын» деген мағына білдіреді. Орта ғасырларда түрлі жаңалықтар мен ақпараттар жазылған қағаз бір тиынға, яғни газеттаға тең болған.
Ұлы далада Қазақ хандығы құрылып жатқан кезде неміс инженері Иоганн Гутенберг баспа машинасын ойлап тауыпты. Бұл баспа ісін жеңілдетіп, өркендеуіне себеп болған еді. Ал Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ қоғамындағы баспасөз ісін дамыта отырып, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп анықтама берген.
Заман алға озып, сандық технологиялар жедел дамығанымен, дәстүрлі басылым өз маңыздылығын жоймақ емес. Оған алып елдердегі газет оқу мәдениеті дәлел. Жапония, Қытай, АҚШ, Франция сияқты мемлекеттерде мерзімді басылымдардың таралымы күннен-күнге артуда. Біз де заман ағымынан қалмай, газет-журнал, кітап оқу мәдениетімізді дамытуымыз қажет. Жас ұрпақ оқуға құштар болып өсуі тиіс. Кітап оқу – мәдениетке, өркениетке бастар жол. Газет-журнал, кітап оқыған бала ана тілін терең меңгеріп, сауатты жазады, сөз байлығы артып, ойын анық жеткізеді. Санасы жетіліп, өзін таниды, ұлтын ұлықтайды, салт-дәстүрін ұстанады, – деді Галя Орынбайқызы.
Осындай орынды пікірден кейін жиылған көпшілікке режиссер Мұрат Есжан түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалынан үзінді көрсетілді. Бейнефильмде ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының қазақ баспасөзі үшін күрескені көрсетілді. Ал осы алаштықтар бастаған тіл жанашырларының қазақ баспасөзін дамытудағы рөліне тарих пәнінің мұғалімі Еңлік Тұралықызы тоқталып, қазіргі замандағы газеттің маңыздылығын байыпты түсіндірді.
Тарихшы өз сөзін: «Қазір әлеуметтік желіде «Нестеватсын?», «Не хауар?», «Норм» деген сынды қате жазудан көз сүрінеді. Көз сүрінген былай тұрсын, дәл осылай жазу әдетке айналып бара жатқандай. Ал тұрақты түрде газет оқып, рухани сусындап отырған адам бұлай қате жазбайды. Себебі, бір мақала газетке шыққанша бірнеше сүзгіден өтеді. Әр мақаланың үтір-нүктесінен бастап, сөйлемнің дұрыс құралуы, сөздің сауатты жазылуы, оның газет бетіне орналасуы – бәрі-бәрі тексерістен өтіп, оқырманға ең дұрыс нұсқасы жол тартады. Оны оқыған оқырман өмірде де, әлеуметтік желіде де сауатты болары хақ. Газет бар жерде сауаттылық әрі білім мен ғылым болады. Ал ғылымы бар ел міндетті түрде дамиды», – деп ой топшылады.
Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шолпан Нүсіпбекова қазақ тарихындағы алғашқы баспасөз бен тәуелсіздік кезіндегі басылымдар жайлы ой бөлісіп, олардың ұлт руханияты мен мәдениетіне, қоғамдық сананы қалыптастыруға зор ықпал еткенін баяндады.
Тарих пәнінің мұғалімі Жұлдыз Баяманова болса, жас маман ретінде мерзімді баспасөзге етене жақын екенін айтып, оның да өз себебі барын мақтанышпен жеткізді. Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралымен таныс болуына атасы, танымал журналист, марқұм Жұмабай Шаштайұлы себепкер болған. Журналистиканың қара нары атанған қаламгердің «Qazaqstan» ұлттық арнасы мен түрлі газеттерде еңбек еткені елге мәлім.
– Әлеуметтік желі пайдаланушыларға өз контенттерін жасау және таратуға мүмкіндігін береді. Яғни, ол – қалаған ақпаратпен бөлісуге болады деген сөз. Ақпаратты бірнеше секундта жаңартып, жазылған мәліметтерге өзгеріс енгізе алады. Енді әлеуметтік желінің әлемге алып келген залалына тоқталсақ, ол арқылы жалған ақпарат жиі тарайды. Бұл – қоғам үшін үлкен проблема. Деректерге сүйенсек, әлеужелі пайдаланушылардың 60 пайыздан астамы ондағы ақпаратқа күмәнмен қарайды. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар тарапынан жала жабу, қорлау жиі кездеседі. Бұл – жастар мен балалар арасында кең тараған жағымсыз құбылыс. Америкалық психологтар қауымдастығының мәліметі бойынша, 2019 жылы әрбір төртінші жасөспірім кибербуллингке ұшыраған, – деген ұстаз өз сөзін атасының: «Газетке жазылған әр мақала терең зерттеуден өтуі қажет, себебі ол – архив. Ал архив – ол ертеңгі тарих» деген тұжырымымен қорытындылады.
Бұл шарада аймақтың бас басылымы «Алатау арайы» мен 90 жылдан астам тарихы бар Қарасай аудандық «Naqty» газетінің бүгінгі жағдайы мен оның насихатталуы жайында да әңгіме өрбіді. Қарасай жеріндегі мерзімді басылым жайына редакторы Атлана Исаева әңгімеледі.
Конференция соңында рухты ән шырқалып, Алаш қайреткерлерінің ұлт үшін күресі жайында көрініс қойылды. Шара қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Ескендірованың белгілі ақын Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңін нақышына келтіре, жүрекке жеткізе оқуымен түйінделді.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы