Білім берудегі өзекті мәселе – оқушыны патриоттыққа тәрбиелеу. Осындай тақырыпта Іле ауданындағы №55 орта мектепте халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өтті. Басқосуға жоғары оқу орындарының профессорлары, облыстық білім басқармасының өкілдері мен аудан мектептерінің басшылары қатысты. Қырғыз елінен келген делегация да осы ортадан табылды.
Іле ауданындағы Ақсай ауылдық округіне қарасты Шабыт атты шағын ауыл мектебінде өткен халықаралық конференцияға келген қонақтар әуелі оқушылардың ұлттық бағытта алып жатқан тәрбие үрдісімен танысты. Шәкірттер қонақтарға күй тартып беріп, қолөнер туындыларын көрсетті. Әрі асық ату, бес тас сияқты ұлттық ойындарды ойнады. Ал конференцияда сөз алған педагог-ғалымдар заманға сай білім беру мен ұлттық тәрбиені қатар алып жүрудің өзектілігін сөз етті.
«Абай» атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Саудабаева: «Қазір біз мектептермен етене жұмыс істеп, «Аталар», «Әжелер», «Әкелер», «Аналар» мектебін қалыптастыруды қолға алудамыз. Бұл балаларды отбасы құндылықтарын біліп өсуге баулитын жақсы бастама деп ойлаймын. Қазір қоғамда толық емес отбасы көп. Сондықтан бұл жоба оқушыларға ұлттық құндылықтарды насихаттауда да көп көмегін тигізбек», – деген пікірін білдірді.
Конференцияға қырғыз елінің жоғары оқу орындары мен мектептерінен келген мамандар да жиналғандарға жаһандану үрдісінде ұлттық тәрбиені ұстану жөніндегі өздерінің педагогикалық әдістемелерімен бөлісті. Әрі №55 мектеп ұжымымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Сөйтіп, тәрбие бағытында тәжірибе алмасып отыруға уағдаласты.
Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, ұстаз Азиз Батыров: «Бала келешекте мықты қобызшы болып кетпесе де, ұлттық аспаптың ерекшелігін біліп өсуі тиіс. Сондықтан біз қырғыз еліндегі әрбір мектепке «Ұлттық өнер» сабағын енгізуді ұсынып отырмыз», – деді.
Конференцияға қатысушылар 4 секцияға бөлініп, озық әдістемелерін ортаға салды. «Шараны өткізудегі басты мақсат – озық тәжірибелерді анықтап, педагогтер кәдесіне жарату», – деді ұйымдастырушылар.
Конференция жұмысын қорытындылаған №55 орта мектептің директоры Гүлсая Байтоқова: «Қазақтың ұлттық дәстүрі мен құндылығына сусындап өскен кез келген бала өз елінің патриоты болатыны ақиқат. Ақсай ауылдық округі әкімінен бастап, ақсақалдар мен аналар, ұстаздар бірлесіп жұмыс істеудегі мақсат – оқушыларымызды ұлттық құндылықтармен сусындаған елжанды азамат етіп тәрбиелеп шығару», – деді.
Айта кетсек, бұл білім шаңырағында былтыр өткен республикалық конференция материалдары кітап болып жинақталған. Бұл күні сол әдістемелік еңбектің де тұсауы кесіліп, ұстаздар қауымына таратылды.
Бағдат Шойбасов
Іле ауданы