Қазіргі қоғамның келбеті қандай? Дамимыз деп қандай жолға бағыт алып барамыз? Бұл – әрқайсымызды толғандырар сұрақ.
Ел болашағының тізгінін ұстайтын бүгінгі жас ұрпақ десек, олардың бүгінгі алып жатқан тәлім-тәрбиесі көңілімізден шыға ма? Оларды тәрбиелеп жатқан кім? Ата-ана ма, әлде бүгінгі уақыт ағымы өзіне жіпсіз байлаған әлеуметтік желі ме? Осының сырына терең үңіліп көрейікші.
Бабаларымыз бізге ел ертеңі, қорғаны деп жауапкершілік артты. Бірақ бүгінгі жастар осы сенімді толықтай ақтай алып жүр ме? Бұл сұраққа жауап берудің өзі қиындау. Батысқа еліктеп, бабаларымыздың салған сара жолын, салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, тамыры тереңге жайылған тәрбиесін ұмытып бара жатқандаймыз. Оған дамыған заманның тудырған әлеуметтік желісі де өз ықпалын тигізіп жатыр. Табыс көзі осында екен деп «Тик-ток»-тың жұлдызына айналуды мақсат еткен қыз-жігіттер, өздері ғана емес күллі елді құрдымға апара жатқанын білсе ғой, шіркін! Көпке топырақ шашпаймыз, әрине…
Атам қазақ қыз бала – ертеңгі келін, ұрпақтың ғана емес, ұлттың анасы деп ерекше бағалаған. Ал ер баланы ұлт мүддесін жоғары қоятын, елінің ұлылығын көрсетіп, мерейін асқақтататын нағыз батырға теңеген. Біз қазір осы сенімге лайықпыз ба? Бір кездері ажарын айға көрсетпейтін ұлт бар әбүйірін жалпақ жұртқа жария етуде. «Тик-ток» арқылы танымал болуды ойлаған жастар ақша табу үшін абыройын айырбастауға дайын тұр. Қандай заман болсын, ұлт ұяттан бір елі ажырамауы керек. Бабаларымыз сенім артқан қыздарымыз жалаңаштанып, әлеужелі арқылы әлем сахнасын кезуде, ал «ұл таптым» деп қалжа жегендер балаларының ерсі қылықтары үшін әбден арланып біткен. «Қыз тәнін жасырмаса, ұлттың бағы кетеді». Бабаларымыз осыны өте жақсы білді. Біздің заманымызға дейін қыз бала жайындағы түсінік тіптен өзге болатын. Аталарымыз ежелден қызға төрден орын беріп, «жат жұрттық» деп сыйлап, аялап өсірген. Өмірдің ащы-тұщысын көріп ысыла берсін, «тұяғы тасқа салса кетілер, суға салса жетілер» деп ұлын жел өтінде ұстаса, қызын аз күндік қонағым деп қадірлеген. Сондықтан да «қызға қырық үйден тыйым» жасаған. Ал қазір қалай? Сол тыйымдар қыздардың бұрымымен бірге қиылып қалғандай. «Әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы жоқ» ғаламда қыздар да, жігіттер де ойына келген әрекеттерге барып жатқаны ешкімді бейжай қалдырмас. Мәселенің мәнін әріден іздеп қажет емес. Менің ойымша, бар бәле – батысқа еліктеудің, желіге желіккеннің нәтижесі. Бұл ретте «Ютуб», «Инстаграм», «Фейсбук», «Ватсап» сынды әлеуметтік желілерді артта қалдырып, жастардың арасында аса танымалдыққа ие болған «Тик-ток»-тың бәсі жоғары. Арсыз желі арқылы ел-жұртты таңғалдырмақ болған ұл-қыздарымыз тіпті жалаңаштануға дейін барып жатыр. 2018 жылы Қытайдан бастау алған платформа бүгін әлемнің 154 елінде сұранысқа ие. Sensor Tower Store Intelligence сарапшыларының есебінше, әлеуметтік желінің ресми қолданбасы App Store және Google Play дүкендерінде 3 миллиардтан жоғары орнатудан асқан. Бұл – желінің көз жетпес жылдамдықпен дамып жатқанының айқын дәлелі. Ал біздің ел «Тик-ток»-ты танымал еткен елдердің бәсекесінде 291-орында. Бұл біздің қаракөздеріміздің күн сайын кемінде 8 сағатын осы желіге арнайтынын аңғартады. Аталмыш платформаны тек жастар ғана пайдаланады деп айту орынсыз. Ақыл-ой тоқтатқан әке-шешелер, алпысты алқымдаған ата-әжелер немересімен бірге бейнеролик түсіріп, ұл-қыздарына әлемнің назарын бұрып отырғаны да ашындырмай қоймайды. Сонда ата-аналар балаларының білім алмай-ақ ақша тауып, еңбектенбей-ақ ерекше болуды қалап өзін өзгерткісі келіп, жаман жолға түсіп бара жатқанын аңғармай ма? «Болар іс болды» деп қол қусырып отыру тағы да дұрыс емес. Аурудың алдын алу керек, әйтпесе жастарды еліктіріп, елітіп әкетіп жатқан келеңсіздіктердің аяғы қандай өкінішпен аяқталып жатқанын көріп те жүрміз. Ешкімнен ұялмастан көшенің ортасында темекі тартып, шарап ішіп, алба-жұлба киініп, сонысын мақтаныш санап жүргендердің тірлігі осы «Тик-ток»-тың, арқасы емес пе? Сана-сезімнің, шын мәнінде, осыншама төмендеп кеткені ұлт болашағының күретамырына балта шауып тынары анық. Ұрпақты елітер улы желілерден ұлттың әлсіреп бара жатқанын бағамдаған кейбір ел «Тик-ток»-тың жолын сап тыйды. Біз де келешегімізді ойласақ, осы «Тик-ток»-тан бас тартқанымыз абзал.
Ұлттың ұлы жауапкершілігі өз мойнымызда екенін сезінсек, балаларымызды әлеуметтік желілерге әуес етпейік, өзіміздің де бойымызды аулақ ұстайық! Өзіне еріксіз еліткен «Тик-ток»-тың зияндығын әр қазақ баласы түсінсе, көшіміз түзу, көңіліміз тыныш болары хақ.
Құралбек СӘБИТОВ