Мереке қарсаңында Алматы облысы бойынша «Ауыл» партиясы көшбасшыларының еңбегін атап өткен жөн. Партия көптеген шаруа қожалығына серпін беріп, субсидия алуына жәрдемдесті. Сондай-ақ биыл қант қызылшасын жинауға арналған екі комбайн сатып алынып, өңіріміздің дұрыс бағытта өркендеуіне өз үлесін қосуда.
Болатжан Саймасайұлы Нұрбеков – облыстық мәслихаттың депутаты, жақында Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алды.
«Ауыл» партиясының Қонаев қалалық филиалының төрағасы Базарбай Бүркітбайұлы Оралбаев – қаланың «Құрметті азаматы», ардагерлер ұйымының төрағасы. Салаға сіңірген еңбегінің арқасында «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісінің иегері атанды.
«Ауыл» партиясының Алматы облысы Кеген аудандық филиалының төрағасы Қуанышбек Жақыпбекұлы Төлепбердиев ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін алды.
«Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы жұмысын жалғастыра береді. Биылғы жылы депутаттарымыздың және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының күш-жігерінің арқасында қытайлық кәсіпкерлер фермерлерімізге жаңа өсірілген өсімдік тұқымын беруге келісті. Сонымен қатар оларды өсіру бойынша оқыту да жүзеге асырылмақ. Осындай жетістіктермен қатар «Ауыл» партиясы көкөністер мен жеміс-жидектерді сублимациялаумен және сақтаумен айналысатын «FRUTTA» компаниясының негізінде жидек кластерін құруға жәрдемдесуді жоспарлап отыр. Бұл бізге игерілмеген жемістерді сату мәселесін шешуге, сондай-ақ азық-түлік нарығын қалыпқа келтіруге көмектеседі.
«Ауыл» партиясы еліміз үшін қиын кезең болған су тасқыны кезінде де отандастарымызды қолдады. Алматы облыстық филиалының атынан гуманитарлық және материалдық көмек көрсетілді. Біз 3 миллион теңге сомасындағы 8 тоннадан астам азық-түлік, арнайы киім-кешек жөнелттік, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау қорларының шоттарына 2 миллион теңге көлемінде қаражат жібердік. Сондай-ақ «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аз қамтылған отбасыларының балаларын мектепке дайындауға көмек көрсеттік. Соның арқасында 100-ден астам бала мектепке толық дайындықпен барды.
Партияның жетістіктері мен атқарған жұмыстары туралы көп айтуға болады. Алдымызда әлі талай атқарылуы тиіс шаруалар тұр. Мереке қарсаңында осы салада талмай қызмет етіп жүрген ауыл шаруашылығы саласының барлық қызметкерін кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Отандастарымызға амандық, саулық, істеріне мол табыс тілеймін. Ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің арқасында ел экономикасы өркен жаюда және алдыңғы деңгейлі елдермен қатар алға жылжудамыз. Сол себепті сала қызметкерлерінің еңбегі мен еліміздің болашағына қосқан үлесі өлшеусіз. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің келер жылы да жаңа биіктерді бағындырып, Қазақстанның тек жақсы жағынан көрінуіне атсалыса береріне сенеміз. «Ауылдың гүлденуі – елдің гүлденуі!».
Қанат Бекиев,
«Ауыл» партиясы РҚБ Алматы облыстық өңірлік филиалының төрағасы,
облыстық мәслихаттың депутаты