-13 °c
Qonaev
Saturday, June 7, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Кино – ең алдымен идеология

    30.11.2024
    in Барлық жаңалықтар, Сұхбат
    Кино – ең алдымен идеология
    0
    SHARES
    9
    VIEWS

          Кино – қай-қашаннан да халыққа насихат жүргізудің бұқаралық түрі болған, қазір де солай. Осы орайда бүгіндері 70-тің жел­ке­сіне шығып отырған театр және кино режис­сері, Қазақ­станның Халық әртісі Талғат Теменовпен жолы­ғып, қазақ киносы­ның өтке­ні, бүгіні мен болашағы жайында әңгімелес­кен едік. Сол сұхбатты оқырмандар назарына ұсынамыз.

    – Талғат Досымғалиұлы, халқымызда «Болашақ бала шақтан басталады» деген тәмсіл бар. Сіздің шығармашылық жолыңыз, түсірген фильмдеріңіз жұртшылық назарында. Алайда балалық, жастық шағыңыз туралы деректер аз айтылады. Осы ол­қылық­тың орнын толтыру үшін өскен ортаңыз, ата-анаңыз жайлы баяндап берсеңіз.
    – Әкем Досымғали Қызылорда­да­ғы мұғалімдер даярлайтын институт­ты алғашқылардың бірі болып бітірген, қазақша-орысша сауаты мықты, білімді азаматтардың бірі бол­ған. Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданында партия комитетінің хатшысы қызметін атқарып жүрген кезінде қазақ зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратқан репрессияның құрбанына айналып, жалған жаламен Сібірге жер аударылған. Ол жақта қандай азап пен тозақтан өткенін айтып жатудың қажеті бола қоймас.
    Екінші дүниежүзілік соғыс бас­тал­ғанда жазасын өтеушілердің қа­та­рында оны да майданның алғы ше­біне жібереді. Айыптылар ротасы­на тоғытылғандарды аяусыздықпен қанды қасапқа айдап салғандарын жұртшы­лық жақсы білетін болар? Алайда «қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз адам өлмейді» дегендей, әкем майданнан аман-есен оралып, алдымен Алматы қаласында, кейінірек Шелек ауданында түрлі қызметтер атқарады. Осы жерде анаммен отау құрып, екеуі ғұмыр бойы ұстаздықпен айналыс­қан. Анам Гүлшария – 50 жылға жуық мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Ал әкеміз кейінірек кітап­ханаға ауысқан. Біздің кітапқа деген құштарлығымыз да осы кезден басталса керек. Қазақ жазушыларының туын­дылары кітапхана мен біздің үйдің арасында көшіп жүретін. Әкем сол кездегі зиялы қауым арасында қалыптасқан дәстүр бойынша, мерзімді басылымдарды толықтай жаздырып алып, күнделікті жұмысын газет-журналдарды оқудан бастайтын. Содан да болар, ол біл­мейтін тақырып, айтылмайтын әңгіме қалмаушы еді.
    Ал анамыз ақынжанды, сөзге ше­шен, өте ділмар кісі еді. Ес білгелі кітап пен газет-журналдың ішінде өскендіктен бе, әдебиетке деген құштарлығымыз ерте оянды. Ең үлкен ағамыз Марат Тоқашбаев –қазақ публицистикасында аты әйгілі азамат, оның қоғам қайраткері болып қалыптасуына да отбасындағы кітапқа деген құштарлық әсер еткені рас.
    – Егер өскен ортаңыз әдебиетпен тығыз байланыс­ты болса, кино саласына баруыңыздың сыры неде? Жоқ, әлде, әртіс болу арманыңыз ба еді?
    – Мен философ болуды арман­дайтынмын. Мектепте жүргенде-ақ маркстік-лениндік философияны, әлемге танымал ойшылдардың еңбектерін көп оқыдым. Солар менің мамандық таңдауыма үлкен әсер еткен болса керек. Сократта: «Егер мүмкіндігің болса – үйлен. Әйелмен жолың болса, жақсы отбасын құрасың. Ал егер жарың нашар болып жолықса, философ болып шығасың…» деген сөз бар. Әзіл ғой…
    Сол арманның жетегіне еріп, Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетіне құжат­тарым­ды тапсырдым. Алайда бір ғана балл жетпей қалып, тауым шағылды. Содан құжаттарымды алып, көшеге шыққанмын. Далада сіркіреп жаңбыр жауып тұрды. Таяудағы аялдаманың астына бір топ қыз-жігіттер жаңбыр­дан қорғанып тұр екен. Мен де солар­дың қатарына қосылдым. Шаштары тізелеріне дейін төгілген сұлу қыздар көңіліңді алаңдатпай қояр емес. Сөздеріне қарасам, актерлік факуль­тетке түсуге келіпті. Бір тылсым сезім­нің жетегімен жаңағы жастармен бірге барып, сынаққа кірдім. Емтихан алушы Асқар Тоқпановтың алдында «Сәкен Сейфуллиннің өлеңі» деп бір өлең оқыдым. Сұңғыла кісі емес пе: «Сәкенде бұндай өлең жоқ қой!» – деді жұлып алғандай. Амалсыз өз өлеңім екенін мойындауға тура келді. «Кәне, кекіліңді көтерші?!» – деді бұйыра. Мен айтқа­нын істеп едім, жаныма келіп: «Маңдайың жарқырап тұр екен. Сенен бірдеңе шығады!» – деп, батасын бергендей болды. Осылайша Алматы мемлекеттік консерваториясының студенті атанып шыға келдім.
    Өнерге етене араласуыма ұстазым Асқар Тоқпановтың әсері мол болды. Диплом қорғағаннан кейін жолдама бойынша Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрында төрт жылға жуық еңбек еттім.
    – Талдықорғаннан кейін бірден Мәскеуге аттан­ғаныңызды білеміз. Бұл облыстық деңгейдегі актер үшін үлкен секіріс болса керек. Осының жайын айтып берсеңіз.
    – Мен консерваторияда білім алып жүрген кезде-ақ режиссер болғым келді. Бір жолы Нұрмұхан Жантөрин ағамыз Талдықорғанға келіп, спек­такль қойды. Мен бұл қойылымда қатардағы кейіпкерді сомдадым. Сол күндері өнердің дара да сара сардары Нұрмұхан ағаның жанынан шықпауға тырысатынмын. Бір жолы әңгімелесіп отырып:
    – Мен режиссер болғым келеді! – дедім ақыры сырымды жасырмай:
    – Дұрыс, бару керек, оқу керек! – деп батасын берді.
    Осылайша мен тәуекелге бел буып, Мәскеуге аттандым. КСРО мемлекеттік кино жанындағы жоғары режиссерлар мен сценарийші­лер курсында, Сергей Соловьев­тің шеберханасында дәріс алдым. Диплом­дық жұмысым ретінде өзімнің сценарийім бойынша «Торо» фильмін түсірген едім. Алғашқы жұмысымның мәскеулік талғампаз ортаның жоғары бағасын алғаны жаңа белестерге жол ашқаны рас.
    Оқуымды бітіргеннен кейін Алматы­ға келіп, «Қазақфильмде» режиссердің көмекшісі ретінде қызметімді бастадым. Сондай бір күндері Мәскеуден: «Тез жет!» – деген хабар келді. Сөйтсем, оқиға былай болған екен. Әйгілі актер әрі режиссер Ролан Быков «Мосфильм» киностудиясының ішінен «Юность» бірлестігін құрып, оған Кеңестер одағының барлық республикасынан талантты режиссерлерді топтастыра бастаған көрінеді. Осы мәселе бойын­ша Сергей Соловьевпен пікірлес­кенде ол бірден: «Қазақстанда Талғат Теменов деген талантты жас жігіт бар. Соны қанатыңның астына алсаң, қателеспейсің!» – депті.
    Осылайша Ролан Быковтың шақы­руымен Мәскеуге бардым, «Торо» атты фильмімді көргеннен кейін: «Мен сені «Мосфильмге» шақырғым келеді. Осында кино түсіресің?!» – деді. Кеше ғана ауылдан шыққан қазақтың қара баласын «Мосфильмге» шақырды дегенге сенерімді де, сенбесімді де білмей, аңы­рып тұрып қалыппын. Осылайша Кеңес одағының ең басты киностудиясында жұмысты бастап кеттім.
    Ең алдымен болашақта түсірілер киноның сценарийін қарастыра бастадым. Бір күні Антон Макаренко жайлы сценарий қолыма тиген. Соны Роланға апарып: «Мына жоба бойынша кино түсіргім келеді?!» – деп едім, жазбаны қолына алып қарап: «Қымбаттым, бізде Глеб Панфилов, Никита Михалков, Эльдар Рязанов деген режиссерлер бар. Олар Макаренконы сенен жақсы түсіре алады. Алайда олар сенің халқың жайлы туынды түсіруге қауқарсыз. Сондықтан қазақтар жайында кино түсіруге кеңес беремін», – деді. Осылайша «Адамдар арасын­дағы бөлтірік» деген тақырыппен сценарий жазуға кірістім. Бұл менің «Мосфильмде» түсірген алғашқы және соңғы кином еді.
    Аталған фильм көрермендер мен кино сыншылары тарапынан жоғары баға алды. Германияның Франкфурт қаласында өткен 15-халықаралық кинофестивальде Гран-при жүлдесін, Италиядағы «Күміс аю» байқауы мен Португалияда өткен халықаралық фестивальде арнайы жүлделерді жеңіп алған. Осыдан кейін мен режиссер ретінде қазақ халқына аздаған болса да пайдамды тигізе алатыныма сене бастадым.
    – «Мосфильмдегі» қыз­метіңіз неге қысқа болды?
    – «Советская культура» газетіне «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильмі мен оның режиссері туралы жазыл­ған мақалаға көзі түскен Қазақстан компартиясы орталық комитетінің сол кездегі хатшысы Колбин: «Теменов деген Қазақстаннан екен ғой. Ол жақта жатақханада тұрып жатқан көрінеді. Дереу алғызу керек!» – деген пәрмен беріп, Камал Смаиловтың шақыруы бойынша мен Алматыға қайтып оралып, «Қазақфильм» кино­студиясына жұмысқа орналастым. Тиісінше маған пәтер де берген.
    – Қазақстанға келген­нен кейін шығармашылық шабытыңыз артпаса, бәсең­демегенін білеміз. Соның дәлелі Желтоқсан көтерілісі жайлы түсірілген «Қызғыш құс» фильмі еді ғой. Қазақ қоғамы үшін жабық тақырып саналатын оқиға жайлы толық метражды көркем фильм түсіруге кедергілер де көп болған шығар?
    – Бұл өте қиын тақырып болғаны рас. Мен шет елдерге барғанымда біздегі Желтоқсан көтерілісі жайлы әлем жұртының мүлдем бейхабар екенін аңғардым. Осыдан кейін қазақ халқының трагедиясын кино арқылы әйгілеу керек деп шештім. Олег Манджиев деген қалмақ досым екеуміз сценарийін жазып, басты рөлдердің біріне КСРО Халық әртісі Нонна Мордюкованы шақырдым. Ол кісі менің ұсынысымды қабыл алып, баласы Владимирдің қазасына қайғырып отырғанына қарамастан, ұлының қырқын берген күні Таразға ұшып келді. Кейіннен Нонна Викторовна: «Мені екінші рет өлім­нен алып қалған осы кино, оның ішінде Талғат, сен болдың!» – деп ағынан жарылған еді.
    – Кинодағы еңбегіңіз, қазақ руханиятын дамытуға қосқан үлесіңіз өз алдына бір төбе. Сонымен қатар қоғамда болып жатқан оқиғаларға мезгілінде үн қатып отырасыз. Жалпы саясатпен айналысуға қалай қарайсыз?
    – Жоқ! Саясатпен саясаткерлер айналысу керек деп есептеймін. Өнерін саясат үшін тастап кетіп, ақырында жарытып саясаткер де болмаған, не өнерде өрнек қалдырмаған адамдарды білемін.
    Әрине, өнер адамдары қашанда халқының қамын ойлап, шырыл­дап жүреді емес пе?! Кешегі Сәкен, Бейімбет, Мағжандар, берідегі Мұхтар Әуезов бастаған тұлғалар халқының тағдырынан тысқары қала алмағаны рас. Заманымыздың заңғарлары – Мұхтар Мағауин, Шерхан, Оралхан, Мұқағалилар елінің ертеңі үшін, тілінің тағдыры, халықтың өнері мен руханиятын сақтау жолында қалтқысыз қызмет етті.
    Әбекең, Әбіш Кекілбаевты айта­мын, сөз жоқ, қазақ руханиятын қара нардай алға сүйреген алыптардың бірі. Мені Шыңғыс Айтматовқа арнайы ертіп барып, таныстырған да сол кісі болатын. Енді ғана киноға қадам басқан жас режиссер кезімде Шыңғыс сияқты дара тұлғаға таныстыруы, қанатының астына алып, қамқорлық жасағаны, аманат етіп кетуі есімнен кетер ме? Сондықтан осындай алып­тармен жолдас, дәмдес болған бақытты сәттерім жадымда жаңғырып тұрады. Мен қазір не істесем де, қандай жұмысты қолға алсам да, елі үшін ерен еңбек сіңірген қазақ­тың ұлы тұлғалары көз алдымда көлбең­дейді. «Аманатымызды дұрыс атқарып жүрсің бе?!» – деп, сынай қарап тұрғандай болады.
    – Талғат Досымғалиұлы, енді бір сәт елімізде түсіріліп жүрген киноларға келейікші. Қазіргі сериалдар туралы пікіріңіз қандай? Тілді шұбарлап, орысша-қазақшаны қойыртпақтап жүрген әріптестеріңізге не дейсіз?
    – Шынымды айтсам, менің сериал­дарды қарап отыруға уақытым жоқ. Де­генмен ара-тұра назар салғанда, тірліктеріне қарным ашатыны рас. Ауыл-үйдің тірлігінен аса алмаған, ене мен келін арасындағы болмайтын сериалдар ұлт тәрбиесіне ешқандай оңды әсер етпейді деп ойлаймын. Орыс халқында енесіне қатысты небір анайы анекдоттар айтылады, ал қазақ азаматтары қашанда енелерін өз анасындай сыйлаған. Мұны сайқымазаққа айналдырған дұрыс емес деп ойлаймын. Сосын, қайда қарасаң да келінін жамандаған көрініс. Ағайын, қазақ халқы сол келіндердің арқасында өсіп-өніп, көбейіп отыр емес пе? Сондықтан шамаң келсе келіндерді тәрбиелеп, ұлт болашағының ұясы – отбасын сақтау мақсатында жұмыс істеуіміз керек.
    Кино дегеніміз, жай ғана уақытты көңілді өткізудің құралы емес, бұл, ең алдымен – идеология. Сондықтан әрбір режиссер, әрбір актер сериалға түсе бастаған кезде, ең алдымен, ұлтыма, халқыма қандай ізгі ой қалдырамын, ізгіліктің жолын қалай көрсетемін деп ойланғаны дұрыс.
    Бүгіндері Қазақстанда балалар әдебиеті, балаларға арналған кино, балалар контенті кенжелеп қалған. Бұл бағыттағы дүниенің түгелге дерлігі Ресей мен Американың, қала берді, Қытайдың үлесіне қалып отыр. Содан кейін, сәбилеріміздің тілі орысша шығып жатыр деп байбалам саламыз. Осының барлығы мемлекет тарапынан бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлінбеуінен дер едім. Қытайда жылына мыңнан артық кино түсіріледі екен. Олар өз аумағына, өз экранына жылына шет елдің 10 киносын ғана кіргізуге рұқсат береді. Ал бізде 99,9 пайыз шетелдік фильмдер күндіз-түні көрсетіліп жатыр. Сондықтан жауапты сала мамандары, ең алдымен, идеологияға көңіл бөліп, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды насихаттауды қолға алғандары жөн болар еді. Мұхтар Әуезовте: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген нақыл сөз бар. Ал мен: «Ел боламын десең – экраныңды түзе!» деп өзімше үн қосқым келеді.
    КСРО-ны Брежнев басқарған жылымық кезеңінде қазақ руханияты­ның түлеуі басталды. Осы кездері Тоқаш Бердияров, Қадыр ­Мырза-Әлі, Тұманбай мен Мұхтар Мағауиндер, Сәтімжан Сандыбаев пен Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов пен Мұрат Әуезовтер қазақтың көкірек көзі ашық, елінің болашағына рухани сүрлеу салған тұлғалар еді. Ал біздің ұрпақ солар салған жолды жалғастырушы буын боламақпыз.
    – Алдағы мақсатыңыз, жоспары­ңыз қандай?
    – Менің басты арманым – қай жерде жүрсем де, не қызмет атқарсам да, тек қана қазақ халқына, оның болашағына, тіліне, діліне, дініне қызмет ету. Қазаққа ізгіліктің, кісіліктің, руханияттың аздаған болса да бояуын сіңіру! Басқа мақсат жоқ!
    – Әңгімеңізге рақмет!

    Сұхбаттасқан – Қуат Қайранбаев

    Ұсынымдар

    Ұстаздар өтініші ескеріледі

    Ұстаздар өтініші ескеріледі

    9 months ago
    Өміріңді ұзартқың келсе…

    Өміріңді ұзартқың келсе…

    3 months ago
    109» байланыс орталығына 3 мыңнан аса өтініш түсті

    109» байланыс орталығына 3 мыңнан аса өтініш түсті

    1 year ago
    Еңбекшіқазақ ауданында 2 млрд теңгенің жобасы неге аяқталмай тұр?

    Еңбекшіқазақ ауданында 2 млрд теңгенің жобасы неге аяқталмай тұр?

    1 year ago
    Басымдықтарды айқындады

    Басымдықтарды айқындады

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>