-13 °c
Qonaev
Thursday, June 5, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Парижде өткен мерейтой

    12.11.2024
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият
    Парижде өткен мерейтой
    0
    SHARES
    28
    VIEWS

            Қонаев қаласынан басталған Бердібек Соқпақбаевтың ЮНЕСКО көлеміндегі ғасырлық мерей­тойы Түркия мен Әзербайжан елдерін­де жалғасып, Франция­ның астанасы Париж­­де қорытындыланды. Егер өнер мен әдебиетті адам жанының дауы­сы десек, жақсы шығар­­­малар қай тіл­де жазылғанына қара­мастан барша адам­заттың ортақ құнды­лығына айнала­ды. Бердібек мұрасы – соның дәлелі.

    ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде өткен халықаралық конфе­ренцияға елімізден барған ақын-жазу­шылар, мәдениет қайраткерлері, билік өкілдері қатысты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев, фило­логия ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов және Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев мінберге көтеріліп, жазушының өмірі мен шығармашылығын сан қырынан сөз етті. Сондай-ақ Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Бақытжан Омар Бас хатшы Сұлтан Раевтың лебізін жеткізді.
    ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хаттары оқылды. Айтулы шараны Париж қаласындағы білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов жүргізіп отырды.
    Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов классик қаламгерді қазақ әдебиетінің құбы­лысына теңеді. «Бүкіл қазақ дәл осы Бердібек ағамыз сияқты болса, бүкіл қазақтың жазушысы дәл сондай дүниелер жазса, қазақтың шығар­малары бүкіл әлемге тарар еді. Бердібек Соқпақбаев шығармаларынан біз әділдікті, қайсарлықты, адалдықты сезіп тұрамыз. Себебі, ол кісі тек қана шындықты айтуға тырысты. Кезінде Ташкентте өтіп жатқан Азия, Африка жазушыларының конференцясына телеграмма соққан жалғыз адам, жалғыз қазақ – Бердібек Соқпақбаев. Содан ол қуғын көрді, сүргін де көрді. Көзі тірісінде кеудесіне бір награда тақпаған адам. Бірақ әділдік қашанда жеңеді. Біз күллі жұрт болып, қазақ болып, тәуелсіздіктің арқасында өзіміздің ұлы жазушымызды ұлықтап жатырмыз.
    Бердібектей жазушылар бізде, Құдайға шүкір, баршылық, көп деп те айтуға болады. Бірақ балаларға арнап өлмес, өшпес көркем туындылар жаза алған Бердібектей жазушы жалғыз», – де ол бір сөзінде.
    Алматы облысы – Бердібек Соқпақбаевтың туған өңірі. Жазушы­ның кіндік қаны Аспантау топырағына тамды. Алатаудың етегінде жоғары білім алып, қанаттанды. Осында қызмет істеп, қаламгерлігі қалыптасты. Мәңгілік мекенін де Алматыдан тапты. Салтанатты жиында облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев тебірене сөйледі.
    – Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған жерлесімізді әлем мойын­дап, бүгін, міне, мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өтудеміз. Бұл, ең алдымен, жазушыға құрмет, қазақ еліне көрсетілген құрмет!
    Ол әдебиетке өзінің үнімен, таңғажайыпқа толы сырымен келді. Алаш жұрты үшін, балалар үшін «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Он алты жасар чемпион» секілді классикалық туындылар берген Бердібек Соқпақбаевты – «Оливер Твисттің бастан кешкендері» романының авторы Чарльз Диккенс, «Қазына аралымен» әйгіленген Роберт Льюис Стивенсон, «Том Сойердің бастан кешкендерін» тудырған Марк Твендердің қатарына қоя аламыз, – деді Қуат Сұлтанұлы.
    ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан аталған шараға елдік тұрғыда баға бере отырып, жазушы мұрасының өміршеңдігін сөз етті. Оның сырларына үңіліп, жан-жақты саралады.
    – Бердібек Соқпақбаев шығар­малары – құмының астында құйма алтын, тасының астында түйме алтын жасырылып жатқан Тянь-Шань таулары секілді. Егер әдебиетіміздің түп-тамырын адамзат тарихында ойып орын алған көшпенділер өркениетінің тасқа жазып қалдырған жазуынан басталады десек, онда Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған жырлары мен Қорқыт ата кітабынан тартып, әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи еңбектері, Алтын орда дәуіріндегі жыраулар поэзиясынан ұлы Абайға дейінгі аралықтың өзінде, әдебиеттегі халқымыз­дың жолы ежелгі Қытай қорғаны сияқты дәуірлерге созылып жатыр. Міне, сол іргетасы небір классика­лық шығармалармен қаланған қазақ әдебиетінің бүтін бір дәуірі Соқпақбаев феноменімен тікелей байланысты.
    Оның шығармаларының қай-қайсысы болса да, ұлттық арман-аңсарға, биік мұраттарға құрылған. Бодандықта болған қазақ елінің тәуелсіздігін жақындатқан, халықты, ұрпақты азат ел болуға дайындаған дәл осы Бердібек Соқпақбаев сынды классик жазу­шылардың шығармалары еді. Оның кітаптарын оқып отырып, ондағы кейіпкерлердің жетістіктеріне қуанбау, қиындық­тарына қынжыл­мау, оларды жақсы көрмеу мүмкін емес.
    Көзі тірісінде жиырмадан астам кітабы жарық көріпті. Сол шығарма­лардың қай-қайсысының да шоқтығы биік. Солардың ішінде кеңестік қалыпқа сыймаған, сайын сахараның сардарындай сақи бол­мыс қазақ баласын суреттеген «Менің атым Қожа» шығармасын айрықша бөліп айтқым келеді. Бұл – қарапайым тілмен жазылған, өмір шындығының өзінен алынған шығарма. Ол шығармасында өзінің бар болмысын, жамандығын да, жақсылығын да, күйінішін де, сүйінішін де Кеңес өкіметінің цензурасын айналып өтіп, ғажайып әдеби обороттармен жазды. Соның арқасында оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Бірақ тағдырдың қаққы-соққысын көп көрген қайраткер жазушының шығармалары керегесі қалың кеңестік жүйеден оңай қолдау таба қоймады. Сол қоғамда «Соқпақбаев шығармалары кеңес­тік саясатқа қайшы. Оның кейіп­­керлеріне еліктеген ұрпақ Кеңес тәрбиесіне бағынбай кетеді. Мұғалімнің сөмке­сіне бақа сал­ған оқушы ертең қан­дай азамат болады?» деген сияқты бөтен пиғылдағы әңгімелер желдей есті. Жазушының кітаптары терең бақылаудан өткізіліп тұрған.
    Ең қызығы, «Менің атым Қожа» шығармасы алғаш Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген. Орыс тілді аудиторияға кеңірек танылып, оқыр­ман қауымның қызығушылығын туғызған соң ғана, екінші кезекте француз тіліне аударылып басылған. Сөйтіп, бағы жанған шығарма бірден 30 шақты тілге аударылып, төрткүл дүниеге жайылған.
    Өмір кейде әділетсіз болғанымен, уақыт – бәріне төреші һәм әділетті. Бүгінгі таңда ол – өз бағасын алған, әлемдік деңгейдегі ірі қаламгер. Бұл – сан тағдырды бастан өткерген күрескер қазақ әдебиетінің бақыты! – деді Жанарбек Әшімжан.
    Жазушының шындыққа ғана сүйенген қайсарлығы, оны майын тамыза суреттеп, әсерлі бейнелермен әспеттей отырып оқырман жүрегіне жеткізгені, ешкімге ұқсамайтын шеберлігі аталған шарада әңгіменің арқауы болды. Соқпақбаев мұраты өзі өмір сүрген кезеңдермен ғана шектелген жоқ, қолын келешекке созды. Нық сеніммен алға ұмтылды. Түптің түбінде ақиқаттың да жолы болатынын қаламгер зерделі түйсігі­мен айқын болжады. Сондықтан не айтса да, әлемдік әріптестерімен деңгейлес тұратын сөз туғызуға күш салды. Бердібек шығармаларының шектеулерге көнбей, шекара асқаны сондықтан еді.
    Мәселен, «Менің атым Қожаны» француздар да жатырқамай қабыл­дады. Кейіпкердің мойнын­дағы пионерлік галстукке қараған жоқ. Қазақтың қара баласына тән табиғи қылықтарын қызықтады. Қожаның ішкі дүниесі балаға тән жарасыммен шетелдік оқыр­ман­дарды баураған. Бұл – 60-жылдардың аясындағы оқиға. Хикаят 1963 жылы кинофильмге айналып, экранға жол тартты. 1967 жылы француздың әйгілі Канн фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясы бойынша жүлдегер атанды. Режиссері – Абдолла Қарсақбаев.
    Сол кеңестік кезеңде Францияға өзі бармаса да, онда сөзінің жет­кені Эйфель мұнарасына қазақ­тың жалауын тіккенмен бірдей қуаныш еді. Бір сәт өткен күндер қойнауын оймен шарласақ, тағы бір қызыққа кездесеміз. Рымғали Нұрғалиевтың эссесіндегі мына бір сөйлемдерге назар аударайықшы. Әріп­тестерінің қолқа салуымен зейнет демалысындағы Дінмұхамед Қонаевтың туған күніне тап болған Бердібек атамыз өзі күтпеген қошеметке кез болады.
    «Димекең креслодан тұрып, шеттеу сөренің шыны қақпағын сылдырлатып ашты да, ішінен бір кітапты суырып алды.
    – Мынау сенің кітабың, Бердібек. Француз тіліндегі «Менің атым Қожа». Парижге барғанда Мұхтардың «Абай жолын» және сенің осы кітабыңды сыйлаған.
    Бүгін менің мынау туған күнге жайған дастарқанымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Тіпті анық шындықты айтсам, жазушы баласында қазақта Әуезовтен кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек», – деген екен. Автор бәрін қаз-қалпында бізге жеткізген. Қонаевтың ақ-адал пікірі бүгінгі уақыттың бағасы­на дәл келіп тұрғанын анық аңғарасыз.
    Конференцияда баяндама жаса­ған филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов: «Осыдан 57 жыл бұрын Париж төрінде Бердібек Соқпақбаев пен Абдолла Қарсақбаевтың фильмі арнаулы номинацияны жеңіп алса, бүгін, міне, жазушының рухына тағы да Париж өз төрін ұсынып отыр. Мұны біз қазақ-француз достығының нығайып, қазақ әдебиеті мәртебесінің өскені деп қабылдаймыз. Шынайы өнеріміз бен өнегелі достығымыз жасасын! Бердібек Соқпақбаев сомдаған қазақ баласы Қожаның адал, таза бейнесі француз балаларының да жүрегін баурайды деп сенеміз», – деп атап көрсетті.
    Шүкір, қазір жер шарының барлық түкпіріне кедергісіз барып-келуге болады. Түрлі мерейтойлар өткізуге мүмкіндіктер мол. Олай болса, Париждегі әдеби-мәдени шараға соншалық басымдық берудің мәнісі неде деп ойлауыңыз мүмкін. Хал-қадірінше оған да жауап іздеп көрелік. Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан. Ал ЮНЕСКО дегеніміз – Біріккен Ұлттар Ұйымы жанынан құрылған әлемдік рухани-мәдени құндылықтарды өнегелейтін, олардың сақталуы мен насихатталуына кепілдік беретін халықаралық ұйым. ЮНЕСКО-дағы білікті сарапшылар ұйымға түскен ұсыныстарды мұқият таразылайды. Содан кейін ғана лайықты шешімдер шығарады. 1992 жылы аталған халықаралық ұйымға Қазақстан да мүше болды. Содан бергі уақытта қазақ қаламгерлерінен – Махамбеттің 200 жылдығы, Абайдың, Жамбылдың 150 жылдығы, Сәбит Мұқанов­тың, Ғабит Мүсіреповтің, Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы осы деңгейде аталып өткен. Енді оған Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық мерейтойы қосылды.
    Париждегі басқосуда жазушы­ның қызы Самал Соқпақбаева да ойын ортаға салды. Перзент көзімен қарағанда әке тәлім­дері­нен не байқағанын әңгімеледі. Өнегелі естеліктерін өрбітті. Айтулы шарада «Менің атым Қожа» кітабы француз тілінде қайтадан жарық көріп, шығарма жиналған көпшілікке ұсынылды. Жазушы-аудармашы ­Ив Готье ол жайында өз көзқарасын былайша білдірді:
    – Бұл шығарма Орталық Азия әлемін, шығыс мәдениетін жаңа қырынан ашып, тереңірек бойлауға мүмкіндік береді. Балаларға арналған кез келген кітап ересектерге де қызықты болған кезде ғана сәтті шығады. Әлем әдебиетінде мұндай мысалдар көп. Әсіресе Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасы», – дейді аудармашы. Сондай-ақ Мәдениет жөніндегі ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Эрнесто Оттоне Соқпақбаев шығармаларын оқыр­ман ретінде ерекше ұнататынын жасырмады.
    Облыс делегациясы Парижге құры қол барған жоқ. Өздері ұйымдастырған «Бердібек жылының» жаңалықтарымен бөлісті. Мәселен, биыл Анкара мен Бакуде өткен ТҮРКСОЙ-дың шарасы­на қатысып қайтты. Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы түрік және әзербайжан оқырман­дарымен қауышты. Облыс өңірінде, мектеп­тер мен мекемелерде Бердібекке арналған әдеби кеш­тер аз ұйымдасқан жоқ. Соның ең көлемдісі және мерей­лісі Райымбек ауданында өткен ғылыми-теориялық конференция мен Нарынқол ауылының орталық саябағында ашылған жазушының асқақ ескерткіші еді. Осы орайда Бердібек Соқпақбаев туралы облыстық газетті де айта кетпесек болмас. Биыл «Алатау арайында» отызға жуық материал бердібектану мәселелерін сан түрлі мазмұнда сөз етті. Бұл үрдіс өзінің қалыпты мәнерімен одан ары да жалғаса беретін болады.
    ЮНЕСКО бас штаб-пәтерінде өткен мәдени-әдеби шараға өнер қайраткерлері де үлес қосты. Шетел­дік көрермендер, әсіресе атақты композитор-күйші Секен Тұрысбектің және «Үшқоңыр» фольклорлық ансамблінің қазақтың қоңыр үнімен үйлескен концертіне құшырлана қол соқты.

    Болат МӘЖИТ

    Ұсынымдар

    Сақшылар сақтық шараларын сақтауға шақырды

    Сақшылар сақтық шараларын сақтауға шақырды

    2 years ago
    Көлік жолдарының жай-күйі тексеріліп жатыр

    Көлік жолдарының жай-күйі тексеріліп жатыр

    1 year ago
    АЛМАТЫДА ҮЗДІК ӘДІСКЕР АНЫҚТАЛДЫ

    АЛМАТЫДА ҮЗДІК ӘДІСКЕР АНЫҚТАЛДЫ

    8 months ago
    Сарбаздар ант қабылдады

    Сарбаздар ант қабылдады

    4 months ago
    Алматы облысында волонтерлік қозғалыс қарқын алуда

    Алматы облысында волонтерлік қозғалыс қарқын алуда

    2 days ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.