Киелі Түркістан төрінде оқырманның ыстық ықыласына бөленген «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ғасырлық мерейтойы аталып өтті. Түркістан облысының шамшырағына айналған абыз басылымның тойына Мемлекет басшысы ақ тілекке толы құттықтауын жолдады. Ел басшысының құттықтауын Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли оқып берді. Газет тойына Астанадан тартып, бірнеше өңірден журналистер қауымы келді. Мерейтойға аймақтық басылымдардың басын қосқан «Өлке тынысы» ЖШС директоры Кәдірбек Құныпияұлы мен «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар да қатысып, Алматы облысы әкімінің құттықтауын жеткізді.
Негізін Сұлтанбек Қожанов қалаған ғасырлық басылымның тарихында Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Нәзір Төреқұлов, Ғани Мұратбаев сынды Алаш қайраткерлерінің ізі жатыр. Оңтүстік қаламгерлерінің қара шаңырағы саналатын газеттің 100 жылдық тойының алғашқы күнінде облыс орталығы – Түркістан шаһарында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің аллеясы ашылды. Редакция ұжымы, шараға алыстан ат терлетіп келген қонақтар, газетте әр жылдары қызмет істеген ардагер журналистермен бірлесіп осында 100 түп ағаш көшетін отырғызды. Киелі Түркістанның топырағына шаншылған жас шыбықтар болашақта жасыл желекке айналып, қалаға сән беріп, тұрғындары мен қонақтарына сая болар деген сенімдеміз. Айтпақшы, дәл осы күні газеттің журналистері Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат жасап, арнайы қой сойып, садақа берді. Хандар мен сұлтандар, билер мен шешендер, қазақтың алып тұлғалы батыр-бабалары жерленген Яссауи кесенесінде өмірден өткен марқұмдарды еске алып, Құран оқылды. Ал ағаш отырғызылған жаңа аллея басында газеттің бас редакторы Абай Балажан жиылған жұртшылыққа, БАҚ өкілдеріне газеттің арғы-бергі тарихынан аз-кем әңгіме қозғап, оның «Оңтүстік Қазақстан» деген атын Бейсенбай Кенжебаев қойғанын, өлкелер құрылып жатқан сәтті пайдаланып «Ленин жолы» атауын сол заманда өзгертуі рухани ерлікпен пара-пар екенін, осы газетті ашқан, осында қызмет атқарған, редактор болған, тілші ағаларымыздың көпшілігі 30 жылдардың репрессиясына ұшырағанынан мағлұмат берді.
Газеттің негізгі тойы келесі күні Түркістанның «Фараб» әмбебап кітапханасында «Оңтүстік Қазақстан» – тарих толқынында» атты ғылыми-практикалық конференциясымен басталды. Онда филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құлбек Ергөбек, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдолла Садықов және филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бекжігіт Сердәлі баяндама жасады. Баяндамашылар ғасырға толған үлкен басылымның арғы-бергі тарихынан сыр шертіп, тың деректерімен бөлісті. Басылым басшысы Абай Балажан конференцияда модератор болды. Осыдан кейін мерекелік тойға келген жұртшылық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне – 100 жыл» атты фотокөрмені тамашалады. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, шежірелі «Оңтүстіктің» өткен-кеткен тарихына қанықты. Ал көрмедегі газеттің шаңырақ көтерген тұсынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихынан сыр шертер сырлы фотосуреттер көрермендердің қызығушылығын тудырды.
Жүз жылдық тойдың басты шарасы – салтанатты жиын кітапхананың үлкен залында жалғасты. Дүбірлі тойға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқыды. Мерейтойға арнайы келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Сатыбалдиев Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын жеткізді. Бұдан кейін сөз алған облыс әкімі Дархан Сатыбалды басылымның тарихында қолтаңбасы қалған ардагер қаламгерлердің, зиялы қауым өкілдері мен қаламы қарымды журналистердің ел алдындағы еңбегін әдемі сөздермен әспеттеді. Сөз соңында облыс әкімі шығармашылық ұжымның бірнеше өкілін Алғыс хатпен марапаттады. Газеттің басшысына су жаңа жеңіл автокөліктің кілтін табыстады. Сондай-ақ жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бірқатар журналиске ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін, Құрмет граматосы мен Алғыс хатын табыстады. Бұдан соң, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, «Аманат» партиясы облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Халима Жантөреева қара шаңырақ журналистерін айтулы мерекемен құттықтап, белді қызметкерлерін грамота, сыйлықтармен марапаттады. Шараға арнайы қатысқан құрметті қонақтар да ізгі лебіздерін жеткізді.
Айта кетейік, бір ғасырда «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 30-дан астам білікті журналист басшы болды. Бүгінде 21 650 саны жарық көріп отырған басылым оңтүстіктің ғана емес, елдегі тарихи газеттердің бірі саналады.
Ерлан ҚУАНДЫҚ,
Түркістан облысы