Қарқара ауылында жиырма жылдық үзілістен соң мәдениет оты қайта маздады. Талай жылдан бергі тұрғындардың тілегі қабыл болып, Мәдениет үйі жөндеуден өтті.
Екі қабатты ғимаратты жаңғырту жұмысын мердігер «Сем Шоғы құрылыс сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды. Барлық талапқа сай мәдениет ошағы спортзалмен біріктіріле салынған.
Мәдениет үйінің ашылу салтанатында сөз алған Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев:
– Облыс әкімінің қолдауының арқасында ауданның мәдениет саласы соны серпін алды. Соның бір дәлелі – Жалағаш, Бөлексаз, Жылысай ауылдарында заманауи мәдениет ошағы салынып, Қарабұлақ Мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өткізіліп жатқаны. Бүгін пайдалануға берілген жаңа ғимаратта мәдениет пен өнердің оты маздап қана қоймай, жастардың денсаулығын нығайтып, спортпен айналысуына да мол мүмкіндік ашылып отыр. Бұл тұрғындар үшін үлкен қуаныш, – деді.
Шараға арнайы қатысқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев ауыл жұртшылығын жаңа Мәдениет үйінің ашылуымен құттықтап, өңірдегі қоғамдық бастамаларға үн қосып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып келе жатқан актер, режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай мен Кеген аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбековке «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын табыстады.
Өз кезегінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай ризашылығын білдіріп, жаңа ашылған Мәдениет үйіне «Қайыңды көл» атты ерекше картинасын сыйға тартты. Сондай-ақ салтанатты шарада сөз алған өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы, ардагер фототілші Асылхан Әбдірайымұлы, ауыл тұрғыны Алғадай Нүсіпов ақ тілектерін жеткізді.
Мәдениет үйінің лентасы салтанатты жағдайда қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. «Сем Шоғы құрылыс сервис» ЖШС директоры Серік Жазықбаев жаңа ғимараттың символикалық кілтін аудандық Мәдениет үйінің директоры Ернат Ысқаққа табыстады.
Бұдан соң жиналған көпшілік мәдениет ошағын аралап көрді. Екі қабатты зәулім ғимаратта домбыра, қолөнер үйірмелері жұмыс істейді. Бес мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана, оқырман залы, 180 орынды көрермен залы бар. Үйірмелер жұмысына және шаруашылық қажеттіліктеріне арналған бөлмелер орналасқан. Мәдениет үйінде 8 қызметкер еңбек етеді. Әжелер ансамблі құрылған.
Ашылу салтанатына келген жұртшылық аудандық Мәдениет үйі ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады. Қуаныш үстінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев облыс әкімі сыйға берген бес домбыраны мәдениет ошағына тарту етті.
Бұл күні Мәдениет үйінің ашылуына орай ұйымдастырылған волейболдан өткен финалдық ойын өз мәресіне жетті. Кеген командасы І орынды иеленіп, 100 000 теңгені қанжығасына байлады. Райымбек ауданының командасы жүлделі IІ орынды еншілеп, 70 000 теңгеге, Ұзынбұлақ ауылының командасы ІІІ орын мен 50 000 теңгеге қол жеткізді. Барлық жеңімпаздарға аудан әкімінің дипломы мен арнайы кубогы табысталды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы