Биыл туғанына 100 жыл толған классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылық зертханасы әркімге де қызық. Алды тұйықталған тар кезеңде туып, өксігі өкінішпен астасқан жазушы оның кілтін ашуға мүмкіндік ала алмады. Жазушының шығармаларындағы цензурадан өткен-өтпеген, кеңестік заманның шындығын көрсететін сюжеттік сызбалары жаңаша зерделеуді талап ететіндей. Бердібек Соқпақбаев шығармаларының көпшілігі автордың өмірбаяндық деректеріне негізделген. Бұл жазушының өмірлік кредосы болған. Шындықты жазу, өтірік қоспау шығармаларына қойған басты талабы болғаны жазушы замандастарының естеліктерінде де кеңінен қозғалады.
Жазушы шығармаларында автобиографиялық сипат басым екені байқалады. Жазушы шығармаларының ішіндегі нағыз автобиографиялық сипаттағысы – «Балалық шаққа саяхат» повесі. 1924 жылы туған жазушы бала кезінде 30-жылдар аласапыранын көзімен көрген. «Сегіз жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы жылдары – ең бір қиын кез. Осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым? Осы күнге қалай жеттім? Нағыз итжандының өзі екенмін-ау деп таңданамын», – деп жазған екен жазушы өз естелігінде.
«Балалық шаққа саясат» хикаятын XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы кеңестік жүйенің орнауымен байланысты өзгерістер дерегімен салғастыра зерделегенде, тарихи ахуалды тереңірек байыптаймыз. «Қостөбенің тап іргесінен шекара күзететін қалашық (застава) орнады. Қазақтар «застап» деді. Конфискациялау кезінде шекарадан қашқан байлардың қора-жайлары иесіз қалған. Соларды жамап-жасқап жөндеді де, солдаттарға мекенжай етті», – деп баяндалады повесте. Бір абзац хикаят жолдарында кеңестік кезеңнің біршама шындығы орын алған. 1928 жылғы 23 қыркүйектегі ірі байларды тәркілеу туралы декреттің қарсаңында шекаралық аудандардың ірі байлары төніп келе жатқан дүрбелеңнен сақтанып, мал-мүлкімен шекара асып кетіп жатты. Ауа көшкен шаруалар легі тәркілеу, кулакқа жатқызу, күштеп ұжымдастыру жылдарында да толастамады. Архив деректеріне үңілсек, Қарқара ауданы партия жетекшісі Өтебаевтың мәліметтері бойынша 1929 жылдың 20 желтоқсаны мен 1930 жылдың 1 наурызы аралығында ғана Қытайға 39 түтін мал-мүлкімен көшіп кеткен. Осы мәліметте шекарадан қашқандарды түре қуған қарулы жасақ 33 жылқы, 31 сиыр, 269 қойды тартып алғаны айтылады.
«Шекарашылардың көбі – орыстар. Қазақша білмейді. Бірлі-жарым қазақ солдаттар бар, аудармашылық жасайды. Украин, беларус дейтін де ұлттар барын қараңғы халық біле қоймайды. Түсі сарының бәрін орыс деп қарайды», – деген хикаяттағы жолдарда да астарлы шындық жатыр. Шекара отрядтарына жергілікті халық өкілдерінен қызметке алмау саясаты кеңестік биліктің отарлық сипатынан шығады. Белең алған аштық пен өктемдіктен пана іздеп, Қытайға қашқан халықты қырып-жойған, тонаған шекара отрядтарының құрамы басқа ұлттар екені тайға таңба басқандай анық еді. Шекарашылырдың «бандаларға» қарсы «ерлігі» марапатсыз қалған жоқ. Бердібек Соқпақбаев туған Қостөбе, Нарынқол ауылдарындағы шекара қызметінде қызмет еткен «түсі сарылардың» арасына 1930 жылдың күзінде Красноярскіден әскерге алынып, әкелінген 1908 жылы туған Константин Черненко да болған. КСРО компартиясының болашақ бас хатшысы 1932 жылы Қорғас заставасына атты әскер бөліміне келіп, 1932 жылы Нарынқол заставасына атты әскер бөліміне бастық болған. КСРО сияқты алып империяның лидері деңгейіне көтерілген функционер партия қатарына осы шекара қызметінде жүріп, 1931 жылы қабылданыпты.
«Балалық шаққа саяхат» хикаятының бір бөлімі «Мал – адамның бауыр еті» деген тақырып қойылып, малдың көшпелі жұрттың өміріндегі орны сөз болады. Жазушы сөздерінің арасында кеңестік жүйеге ащы мысқыл да бар. Жазушы, әрине, малсыздықтың, аштықтың азабын айтқанмен, себебін тек тұспалдайды. Архив мағлұматтарына сүйенсек, 1928 жылғы 1 қазанға қарай Алматы округінде 6 миллион 148 мың 529 бас мал болса, соның 783 мың 588 басы Қарқара ауданына тиесілі болған. 1930 жылы Қазақстанда округтер жойылғаннан кейін орын алған әкімшілік-аумақтық өзгерістер нәтижесінде бұрынғы Қарқара мен Еңбекшіқазақ ауданының бір бөлігінен Кеген ауданы құрылды. Аудан орталығы уақытша Қырғызсай (Подгорное) ауылына орналасты. 1931 жылдың 21 мамырында аудан орталығы Құмтекей ауылына көшірілді. 1930 жылдан Кеген ауданының экономикалық көрсеткіштерінде жалпы мал басының кемуі байқалған. 1930 жылы ауданда 658351 бас мал болса, 1931 жылы бұл көрсеткіш 92928 басқа кеміген. Ал 1932 жылы ауданда небәрі 39 926 бас қана мал қалған. Сандардың өзі айтып тұрғанындай, түрлі шаруашылық науқандарындағы қысым мен өктемдіктің кесірінен туған аштық, босқыншылық салдарынан халықтың тұрмысы апаттық жағдайға жеткен.
Бердібек Соқпақбаевтың ғұмырнамалық шығармасында ұжымдастыру кезеңіндегі асыра сілтеулер, шолақ белсенділер де тыс қалмаған. «Сумка асынған шадыр көз Сарманов өкіл менің көз алдымнан кетпейді. Үлкен түгіл, одан бала-шаға қорқып, қалтырап тұратын. Маңайындағы елді Сарманов қырып кете жаздап жүреді. Екі сөзінің бірі – жаусың! Колхоз жұмысына зиянкессің! Атам, шабам! Айдатам! Шаш ал десе, бас алатын әлгідей әпербақан өкілдерге әй, батыр, мұның қалай деп, бетіне тура қарайтын адам ол кезде санасы жаңа оянып келе жатқан ауылда сирек еді», – деп сипаттайды автор. Бердібек Соқпақбаев суреттеген уәкілдің аты Көдек Байшығанұлының да өлеңдерінде аталған. Көдектің өзіне тізесі батқан уәкіл туралы: «Дейтұғын Сарманұлы шадыркөз, Халыққа егіс жөнінен теріс келді. «Он жеті күн ішінде бітіргін» деп, Тапсырма бригадаға алып келді», – деген өлең жолдары бар. Бердібек Соқпақбаевтың балалығы өткен өңірде халық көтерілісін Мергенбай Жаманкөзов басқарған. Мергенбай сарбаздарының басты межесі жергілікті шаруалардың шекара асуына жәрдем беріп, қарулы бекіністерге шабуыл жасау болды. 1930-1931 жылдары белсенді әрекет жасаған қарулы жасақ 1931 жылдың көктемінде 200 сарбазбен Қазан асуы арқылы Қытайдан бері өтіп, Жаркентке шабуылдамақ болады. Мергенбайға қарсы операцияларды Нарынқол заставасының бастығы А.Шалдин, оның орнына келген Калоев деген қандықолдар басқарған. Мергенбаймен қақтығыста Сүмбе заставасы партия ұйымы хатшысы А.Волосевич, Нарынқол заставасы жауынгері В.Петров оққа ұшып, В.Саенко есімді қызыләскер жараланған. 1932 жылдың күзінде Ойқарағай тауымен Қытайға елді бастап өткен Мергенбай Жаманкөзов Хасан қиясынан Текес өзеніне түскен кезінде қалмақ шеріктерінің тосқауылына тап болып, жауырыннан тиген оқтан қаза тапқан. М.Жаманкөзұлы Текес өзені бойындағы Құрманжан көпірінің оңтүстік-шығысындағы төбешікке жерленген. Мергенбайдың өліміне қатты қайғырған Көдек ақын батырға «Мергенбай батыр» толғауын арнаған.
Аңғарымпаз жазушының бала кездегі үзік-үзік көріністерді дәл суреттеу арқылы заман шындығын өзгеріссіз беруі сүйсінтеді. Автобиографиялық хиякаятта «Кеңсе ана ауылда!» деген бөлімі бар. Голощекиндік «Кіші Октябрьдің» халықты қырғынға ұшыратқаны туралы арыз-шағым Мәскеуге жөнелтіліп, 1932 жылдың 17 қыркүйегінде ВКП (б) Орталық комитеті арнайы қаулысымен қазақ малшыларының жағдайын біршама жеңілдететін шешімдер қабылдауға мәжбүр болды. Қаулыға сәйкес, аштық пен бүліншілікке ұшыраған қазақ мал шаруашылығы алым-салықтан уақытша босатылып, жекешеге мөлшерлі мал басын ұстауға мүмкіндік алды. Партия билігінің бұл қаулысы уақытында орындалмай, тек Ф. Голощекиннің қарасы өшіп, орнына Л.Мирзоян келгенде ғана қолға алына бастады.
Жазушы шығармада жаппай отырықшылану саясаты қалай жүргенін, «жаңа поселік – «төшке» салу» қолға алынып, аяқсыз қалғанын кеңінен суреттейді. Архив құжаттарында Кеген ауданы бойынша 1934 жылға арналған отырықшыландыру нүктелері кестесінде Дораты және Қостөбе елдімекендері көрсетілген. Есекартқан ауылкеңесіне қарайтын отырықшыландыру бойынша Қостөбе-Дораты нүктесінде 82 шаруашылық тұрған. Отырықшыландыру нүктелері негізінен босып келген ауа көшушілерге (откочевниктер) арнап салынған. Архивте кездескен 1934 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтер бойынша, Есекартқан ауылкеңесіне қарайтын Сарыбастау ұжымшарында – 82, Тұзкөлде 72 шаруашылық болған. Бұл шаруашылықтардың ішінде Сарыбастауда 52 үй, 3 ауа көшуші тұрған. Тұзкөлде 33 үй болған. Сарыбастаудың стандартты үйлері – 8, қазақ үлгісімен салынғаны – 44, Тұзкөл ұжымшарының стандартты үйі – 8, қазақ үлгісіндегісі 30 үй деп жазылған. Тағы бір мәліметте Қостөбеде отырықшыландыру нүктесінде 23 шаруашылық бар екені, Үкірші ауылкеңесіне жататыны көрсетілген.
Кеңестік үлгідегі отырықшыландырудың жүргізілу барысы романда ащы мысқылмен былай суреттеледі: «Төшкі салу жұмысы жаз бойына бәсеңдемеді. Қайта, көрші колхоздардан көмекшілер келіп, екі-үш айдың ішінде оннан аса үй тізіліп тұра қалған еді. Күндердің-күнінде бұл жұмыс тоқтады. Неге екенін кім білген, қайтып қолға алынбады. Күз өтті. Көктем өтті. Жаңа үйлер сол күйде ұмыт болды. Төбелері жабылмай, есік-терезе орнатылмай, қалып қойды. Бітпеген үйлерге бірде-бір адам көшіп барып, кірмеді. Жауын езіп, жел сабалап тоздырған қабырғалардың үстіне зая кеткен мол еңбектің жоқтаушысы тәрізденіп, сұңқиып қарғалар отыратын болды. Ешқандай пайдаға аспай, құрыған сол үйлерге менің күні бүгінге дейін жаным ашиды. Ат орнына адамдар жалаңаш аяқтарымен балшық кешкені, зілдей ауыр кесекті арық қабырғалары тырбаң-тырбаң етіп, қайысып қалап жатқаны менің көз алдымда…»
Бердібек Соқпақбаевтың автографиялық сюжеттер пайдаланылған шығармасы – «Өлгендер қайтып келмейді» романы. Романда жер-су аттары ішінара өзгертіліп берілгенімен, тарихи жағдайдың сипаттамасында дәлдік сақталған. Роман 1964 жылы «Жұлдыз» журналының №1, 2, 3 сандарында жарияланған. Романға «Нелер келіп, не кетпес, Ер жігіттің басына?!» деген нақыл эпиграф етіп алынған. Роман сюжеті 1938 жылдан басталады. Бас кейіпкер Еркіннің әкесі Мамырбай ұжымшар жылқысын бағатыны айтылады. Жылқы күзетінен келеді деп күткен әкесінің орнына 3-4 адам сау ете қалып, үйді тінте бастайды. Автор: «Соңынан білдік, әлгілер біздің үйге тінту жасап жатқанда, екі милиционер Жабырда жылқыда жүрген жерінен әкемізді қамауға алып, Қарасазға айдап әкетіпті», – деп түсіндіреді. «Әкем қамалғанның соңынан: «Мамырбай халық жауы болып ұсталыпты. Қытайдағы бандамен байланысы бар екен!» деген тажалдай суық хабар дүңк ете қалды. Мәссаған, саған керек болса! Бұл біз үшін күн жарқыраап тұрғанда төбемізден шарт етіп жай түскенмен бірдей еді», – деп тарқатылады ары қарай. Басты кейіпкердің әкесі сол кеткеннен оралмаған. Мамырбайдың одан арғы тағдыры туралы келте қайырылған. «Сол кеткеннен әкем байғұс зым-зия кете барды. Қарасазға бір түнетіпті де, Жаркенттің түрмесіне әкетіпті. Соңынан бір-екі айдан соң қайта әкеп, жасырын сот жасапты. Бізді оған қатыстырмақ түгілі, жолатқан да жоқ. Шешем байғұс неше күн сыртынан торуылдап жүріп, жолыға да алмай қалды. Тек «Мамырбайға он жыл беріпті» деген хабарын бір-ақ есіттік. Құдай-ау, не үшін? Не қылмысы үшін? Кімдер куә болыпты?» – деп жазған.
Автор басты кейіпкердің ішкі тебіреністерін бірінші жақтан бере отырып, сұрақтар қояды. Мамырбай есімді бас кейіпкердің ұсталуына орай ары қарай роман мәтінінде «Сол әкем ұсталардан үш-төрт ай бұрын 1937 жылдың күзінде, біздің Тұйықтан Бөкей, Мәмбет деген адамдар халық жауы болып ұсталды. Бөкей ұста, ал Мәмбет – еті тірі белсенділеу адам. Әртүрлі қызметтер атқарып жүретін» деген жолдар бар. Әкелері ұсталғаннан кейін бас кейіпкердің отбасымен бірге көрген қорлығы жеке әңгіме. Халық жауы әулетінің басындағы жағдай: «Әкеміз қамалғаннан кейін біздің семья басынан не кешпеді? Халық жауының баласы, халық жауының қатыны деп, ит екеш итке дейін басымызға секіріп, көзімізге шұқыды. Жұрт барған жерге бара алмай, жұрт айтқан сөзді айта алмай, әбден қор болдық. Бұрын араласып-қораласып жүретін ағайын-туысқандар есігімізге бас сұғудан қалды. Қорқады. Кінәлау қиын, ол кезде жағдай солай. Жау болып ұсталғандармен бірге жүріп, бірге тұрғандар, бірге карта ойнап, тамақ ішкендер жаудың сыбайлас, құйыршығы ретінде олар да қудаланып жатқан кез», – деп сипатталады.
Автордың ішкі жан толғанысына бірдеме алып-қосу қиын. Бұлай толқыныстарды шынайы суреттегені роман сюжетінің бұл тұсының автобиографиялық негіздері бар екенінен хабар береді. «Өлгендер қайтып келмейді» шығармасының цензурадан өтпей қалған тұстары туралы сөзді жазушы Қанат Әбілқайыр қозғап, басылымдарда мақала жариялағанын айта кету керек. Халық жауының баласы ретінде көрген қорлығының бірі ретінде құралпылас баладан естіген қорлық сөзі туралы бас кейіпкер былай баяндайды: «Мына бір оқиғаны айтып берейін: әкем қамалған жыл. Жаз айы. Нүсіпбай дейтін менен екі-үш класс алда оқитын жуан білек бір бала бар. Үйі біздің үймен көрші. Бір күні ойнап-күліп Нүсіпбай екеуміз бәлдейге таласып, жанжалдасып қалдық. Нүсіпбай: «Халық жауының баласы, кет! Жолама біздің үйге», – деп мені ұрып, қуып жіберді». Бұл цензура қайшысына ілінген нұсқадан. Романның кітап болып басылған нұсқасында бас кейіпкер Еркінді ашуландырып, көзі қарауытып, суық қару жұмсауға дейін ширықтырған «Халық жауының баласы» деген жеккөрінішті сөзі «жетім» деген сөзбен алмастырылған. Көріп отырғанымыздай, кеңестік цензура әсерінен романның сюжеттік арнасына зақым келген. Бұл кейіпкерлердің ішкі буырқанысынан туатын әрекеттерін нанымсыз ететін кілтипан екені анық. Осы жайттар, шығарманың ендігі басылымдарында «Өлгендер қайтып келмейді» романының әу бастағы нұқасы қалпына келтіріліп, толықтырылып басылу керек шығар деген ой туғызады.
«Өлгендер қайтып келмейді» романын оқып есейген кейінгі буын романның бұл жерлерін оқуға мүмкіндік алмаған. Роман журналдық нұсқасы жарияланып болған соң, кітап етіп шығарылатын тұста қысқарып кеткен болуға керек. Осы арада келтірілген үзінділер бойынша жазушының шығармашылық зертханасына үңіліп, бұл оқиғалардың тарихи негізділігін талдап көрсек. «Балалық шаққа саяхат» автографиялық повесінде автор әкесін сипаттап, оның өмірінде мұндай қуғын-сүргін болғанын көрсетпеген. Дегенмен, автор «Халық жауы» тақырыбын өз заманындағы тарихи жағдайдан алғаны анық. 1942 жылғы қараша айында сол кездегі Кеген ауданына қарасты тұрғындар саны 50-60-тан аспайтын шағын Елтай ауылынан бір түнде жеті азамат ұсталып кетеді. Олар: мұғалім М.Құлмұханбетов, ауылкеңес төрағасының орынбасары Б.Сүгіров, есепші Ә.Саудырматаев, сатушы Ә.Тұқаев, қойшы Қ.Жұмабеков, бригадир А.Нақысбеков, ұжымшар маманы Н.Бейсебаев. Оларға «жапон тыңшысы», «Кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекет ұйымдастырды», «елді Қытайға алып кетуге даярлық жасады» деген айыптар тағылады. Сарыжаздағы жертөлеге қамалған бұлар адам төзгісіз азапқа салынып, «кінәлары мойындатылады». Жаланың құрбандарына жаза кесіледі. Әскери трибунал шешімімен Мәлікаждар Құлмұханбетов он жылға сотталады. 1900 жылы туған, Шалкөде өңірінде алғаш мектеп ашқан ұстаздың әр жылдардағы білім беру саласындағы қажырлы еңбегі ескерілмейді. Мәлікаждар Құлмұханбетов тағдырының бұралаңы көп болғаны өз алдына, оның адам таңқаларлық ерік-жігері өлеңдерінен есіп тұр. Мәлікаждардың пешенесіне елге 14 жылдық айдаудан аман қайту жазылыпты. Мұның алдында айдауда жазықсыз жаза тартып жүрген ұстазының кеткеніне 12 жыл толғанда 1954 жылы оның шәкірті Жамалбек Жақсылықұлы артынан іздеп барған екен. Он жыл кесімін өтегеннен соң Краснояр өлкесінің Канск қаласының солтүстігіндегі тундрада Апан-Ключи, «Белотаежко городок» деген жерде ағаш дайындап жүрген Мәлікаждардың шәкіртімен қауышуы тұтас бір әсерлі әңгіме.
Осыған ұқсас жағдай Кеген ауданы Саты мал фермасының меңгерушісі, 1895 жылы туған Нұрпейіс Нүсіпбаевтың да басына орнаған. Архив қойнауында 1959 жылы 9 қарашада Қазақ ССР прокурорына жазықсыз жазаланған әкесі туралы шындықты айтуды сұраған тарихшы, болашақ академик Кеңес Нұрпейісовтің арызы сақталған. Баласының арызы бойынша қылмыстық істі қадағалау тәртібімен қараған прокурор Нұрпейіс Нүсіпбаевты ақтаудан бас татқан. 1990 жылғы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі алғашқы мемлекеттік комиссия құрамында академик Кеңес Нұрпейісовтің аянбай еңбек еткені белгілі.
«Өлгендер қайтып келмейді» романының кеңестік цензурадан өтпеген нұсқасы туралы сөз қозғағанда шығарманың ресми қадағалау органдары құптамаған бөліктері бұл ғана емес болуы керек. Өйткені, 1991 жылдың 13 сәуірінде «Қазақ әдебиеті» газетінде романнан жұлынған тағы бір бөліктер жарияланған. Бұл жарияланған бөліктер романның әр жерінен алынған. Басты кейіпкер Еркін фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) барып, ол жерден қашып, соғыс жағдайында жүк поезына мінем деп сотталатын бөлігі кітап болып басылған романда белгілі бір бөлігі сақталып жарияланған. «Қазақ әдебиетіне» жарияланған нұсқасында бас кейіпкердің лагерь өміріндегі байқаған жағдайы туралы түйіндерін кеңестік цензура өткізе қоймаған. Лагерьдегі тұтқындардың категорияларын сөз еткен автор бас кейіпкердің байқаулары ретінде Қылмыстық кодекстің 58-бабы бойынша сотталғандар (Бұл бапта Кеңес билігіне қарсы үгіт-насихат жүргізгендер деген айыптау тармақтары бар) тобын ұйымшыл, бір-біріне қамқор, оқыған-тоқығаны мол, сабырлы, білімді деп сипаттаған.
Бердібек Соқпақбаев шығармаларының өміршеңдігі туындыларындағы шынайылықпен тығыз байланысты. Осы тұрғыда жазушының шығармашылық зертханасын, сюжеттердің тарих контексін зерделеу туындылардың құндылығын арттырып, идеологиялық қапаста шектелген қаламгердің трагедиясын түсінуге жола ашады деген ойдамыз.
Еркін СТАМШАЛОВ,
Алматы облыстық музейлер бірлестігінің қор сақтаушысы,
PhD-докторант