Жан жадыратарлық жақсы істерімен көрініп жүрген көненің көздері Қарасай аумағында аз емес. Соның бірі Іргелі ауылдық округіне қарайтын ауылдық ардагерлер және аналар ұйымы екенін атап айтқан артық болмайды.
Аталған ұйымдар соңғы жылдары апта сайын болмаса да, ай сайын игілікті іс-шараларды шығармашылық ізденіс деңгейінде жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына дарытып, оны одан әрі дамыту жолында елең еткізер жаңалықтарымен жұртшылық көңілінен шығып жүр.
Осы ретте ардагерлердің ұйымдастыруымен ауылдық Мәдениет үйінде «Ұрпағыңа үлгі бол!» атты тақырыпта ізгілікті шара өтті. Кештің беташарын Іргелі ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Егінбек Егеубеков пен әжелер ұйымының төрағасы Райса Сығаева ашып, көпшілікті толғандырып жүрген ұлттық құндылықтарға қатысты мәселелерге жан-жақты тоқталды. Ұрпақ тәрбиесін ұлы борышы санаған аға буынның бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстары аз емес екенін, жетістіктермен қатар көзге көрініп жүрген кемшіліктердің кездесіп жататынын ауылдың ардақты ақсақалдары Пазыл Тәжмұрат, Ерсін Қалаубек, ауыл ақсақалдары Беделбек Жаназаров, Бақыткерей Жетпісбаев, ардақты ана Анаркүл Нұржанова, Болат Бұршақбаев, Зиятбек Оразқұлов және тағы басқалары ортаға салып, ой-пікірлерімен бөлісті.
Іс-шараның соңынан ауылдың ғана емес, ауданның мақтанышына айналған «Дархан-Дария» ансамблі өнер көрсетті. Ансамбль мүшелері Бақытгүл Битманова, Дәмегүл Мұсаева, Гүлзағила Барлықова, Шара Оспанованың шырқаған әндерін жиналғандар сүйсіне тыңдады. Сөйтіп, іргеліліктердің игілікті ісі елді ерекше ықыласқа бөледі.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
ардагер-журналист
Қарасай ауданы