Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Жыл үздігі – 2024» атты салтанатты жиын өтті. Аталған шарада ұлттық спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген атбегілер, шабандоздар мен сала ардагерлері марапатталды.
Марапаттау рәсіміне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, өңірімізде ұлттық спорттың өркендеп, атбегілердің біліктілігі артып, шабандоздардың сан аламанда алға озғандығын тілге тиек етті.
– Алматы облысы еліміздегі ат спортының алтын ұясы болып саналады. Біздің өлкемізде бәйгенің дамуына ерекше көңіл бөлініп, айрықша қолдау көрсетілуде. Жыл басынан бері облыста дүбірлі жарыстар өтті. Атап айтсақ, Кеген ауданында «Қымызмұрындық – 2024» фестивалі аясында «Жолан жүйрігі», сондай-ақ Райымбек ауданында Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық бәйге, 25 қазан – Республика күніне орай Жамбыл ауданында 100 шақырымдық марафон бәйге сынды ауқымды шаралар ұйымдастырылды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ҚР Ұлттық құрама сапында бәйге жарысына облысымыздан 9 спортшы қатысып, 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік.
«Арғымақ» бәйге федерациясы Алматы облысындағы асыл тұқымды жылқылардың сапасын арттырып, ат спортының дамуына үлкен үлес қосуда. Атбегілік – терең білімді, шексіз төзімділік пен шынайы қызығушылықты талап ететін қасиетті өнер. Сіздер жылқыларға қамқор болып қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын баға жетпес дәстүрді сақтап, аманат етіп келесіздер, – деді Марат Елеусізұлы. Сондай-ақ облыс басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жеңімпаздары – Аңсар Арыстанбек пен Сержан Бактыбайға Алғыс хат және 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Өз кезегінде Сапарғали Сәтбаев, Ыбырайақын Омаров, Сәбит Жанқойлықов, Орынтай Әмірғалиев сынды ат спортына елеулі еңбек сіңірген азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы берілді.
Мұнан кейін де марапаттаулар өз жалғасын тапты. Республикалық Бәйге федерациясының вице-президенті Алмас Сапаев бастаған бірқатар ат спорты мамандарына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабековтің Алғыс хаты табыс етілді. Жүйріктер бабын білетін бапкерлер мен желмен жарысқан жеткіншек шабандоздар да облыстық Бәйге федерациясының Алғыс хаттарына ие болды. Айтулы жарыстарға демеушілік көрсетіп, атқарылған жұмыстарды насихаттауға атсалысып жүрген Ринат Толғанов, Ерғали Жетпісов, Тастан Жанысбаевтар «Ұлттық спорт жанашыры» төсбелгісімен марапатталды. Салтанатты іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
«Жүйрік аттың тағдыры – қаһарман батырдың тағдыры, батырдың тағдыры – халықтың тағдыры» деп те айтады Алаш баласы. Тақымы атқа тиген қазақ әр уақытта арқаланып, қиялына қанат бітіп шабыттанып, қуат қосып қайраттанатыны тағы бар. Қуанышын жасыра алмаған жас шабандоздардың бойынан соны аңғардық. Олардың арасынан Алашқа аты мәшһүр «Айқабақ» атты тұлпардың шабандозы Аңсар Арыстанбекті сөзге тарттық. «Атқа 8 жасымда әкем отырғызды. 9 жасымнан бастап жарыстарға шығып жүрмін. Үйде үш ұлдың үлкенімін. Кейінгі бір інім де атқа шабады. Болашақта әлемге әйгілі шабандоз болуды армандаймын», – дейді жас шабандоз.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы