Алматы облысына ҚР Парламенті Сенатының агарарлық мәселелер, табиғатты қорғау және аумақты дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев бастаған депутаттар жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі меймандарды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев және Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов қарсы алып, өлкеде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Халық қалаулыларының бұл сапары өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен агароөнеркәсіп кешенін дамытудың толғақты мәселелеріне арналғанын айта кету керек. Сондықтан олар алғашқы болып жүгері мен бидай өнімдерін терең өңдеумен айналысатын «АзияАгроФуд» жауапкерлілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс орнына ат басын тіреді. Бұл жерде депутаттар мен өңір басшылары 2003 жылы пайдалануға берілген бірегей жүгері крахмалын шығаратын комбинаттың жұмысымен танысты. Бүгіндері комбинат тәулігіне 200 тонна жүгері мен бидайды өңдеуден өткізіп, жоғары сапалы өнім өндіруді жолға қойған. Өндіріс қалдықсыз технология бойынша жұмыс жасап, тұтынушылардың жоғары сұранысына ие болған стратегиялық шикізаттарды ұсынып келеді. Кешенде АҚШ, Германия, Швеция және Ресейдің алдыңғы қатарлы құрылғылары орнатылған. Мұнда шығарылатын глюкоза мен сірне шырындары «Баян Сұлу», «Алматы өнімдері», «Шымкент Рахат», «Тараз халвасы», «Zera KZ» cияқты әйгілі компанияларда кондитерлік өнімдер өндіруде кеңінен пайдаланылып келеді. Сонымен қатар кәсіпорын тауарлары Ресей Федерациясына, Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталуда.
Бүгінде облыс шаруалары елімізде өсірілетін жүгері дақылының 80 пайыздан астамын өндіріп келе жатқанын айта кету керек. Суармалы алқаптарда ғана өсетін жүгері 2000-жылдары 20 мың гектар алқапты құраған болса, бүгіндері егістік көлемі 100 мың гектарға дейін жеткен. Қарасай ауданында орналасқан «АзияАгроФуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл күндері жүйе құраушы кәсіпорынға айналып, ауданның экономикасын көтеруге ықпалын тигізіп келеді.
Бұл күні халық қалаулылары Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылында орналасқан «KT&G Kazakhstan» ЖШС-не тиесілі темекі өнімдерін өндірумен айналысатын зауыттың құрылысымен, Жібек жолы елдімекеніндегі темірбетон өнімдерін шығаруға маманданған «Алтын таға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс орындарымен танысып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы