Тартысты додаларда топ жарып жүрген спортшылардың мерейін арттыру мақсатында Кеген аудандық Мәдениет үйінде «Алтын тұғыр – 2024» марапаттау шарасы өтті. Салтанатты шарада өңірдегі дене шынықтыру мен спорттың дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар спортшы, жаттықтырушылар мен ардагерлердің жетістіктері атап өтілді.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өз сөзінде жергілікті тұрғындар арасында спортқа деген қызығушылықтың айтарлықтай артқанын, түрлі деңгейдегі жарыстар көрсеткішінің жақсарғанын тілге тиек етті. Биыл аянбай тер төгіп, жетістікке жеткен спортшыларға алғысын білдіріп, бірқатар спортшыларды «Спорт саласының үздігі» төсбелгісі мен аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттап, қаржылай және заттай сыйлықтарды тарту етті.
Шараға қатысқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков:
– Кеше ғана облыс көлемінде жыл қорытындысы ретінде «Хантәңірі» атты спортшыларды марапаттау шарасын өткіздік. Бүгін тура сондай «Алтын тұғыр» атты шараға куә болып отырмыз. Кеген ауданы спортта тың жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырып келе жатыр десем артық айтқандық емес. Осының бәрі сарапталып, жыл соңында шығарылған аудан аралық қорытындыда Кеген ауданы бірінші орынды жеңіп алды, – деген басқарма басшысы Кеген аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Қанат Бектеновке «Биылғы жылдың үздік бөлімі» атағы мен 400 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Келесі кезекте сөз алған Қазақ күресінен 2 дүркін әлем чемпионы, 3 дүркін Азия чемпионы, Қазақ күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бауыржан Тәліп аудан спортшылары алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.
Салтанатты жиын соңында өңір өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, мерекенің шырайын аша түсті.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы