Алматы облысының спорт мекемелерінің қызметкерлері арасындағы спартакиада аяқталды. Сайыс Қарасай ауданының «Нұр-Аман» және «Үшқоңыр» спорт кешендерінің базасында өтті. 500-ден астам қатысушыдан құралған 30 команда өздерінің физикалық дайындығын көрсетті.
Шағын футбол турнирі, үстел теннисі, шахмат, көңілді старттар және арқан тартыс сынды кешенді жарыстардан тұрды. Бүгінгі таңда облысымыздағы әр елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде белсенді демалысты, дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға жағдай жүйелі түрде жасалып келеді.
«Спорттық жарыстарға қатысу – белсенді өмір сүрудің кепілі. Осы стартқа қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін. Талмайтын талап, жасымайтын жігер арқылы нағыз мықтылар жеңер деп ойлаймын»,- деді Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рахман Шахарбек.
Қатысушылар спорт мектептері мен ұйымдарының қызметкерлері болды. Алматы облысының барлық аймақтарынан қатысты. Тек спорт саласының мамандары ғана емес, әдіскерлер, техникалық қызметкерлер де сайыста бақ сынады.
«Мұндай жарысқа үшінші рет қатысып отырмын. Сайыста спортқа деген қабілетімізді көрсетеміз. Уақытты да тиімді әрі жақсы өткіземіз. Ұйымдастырушыларға рақмет! Жалпы спортпен көбірек айналысу керек. Өйткені сау дене – жақсы көңіл-күй кепілі», – дейді байқауға қатысушы Қайсар Қиса.
Жалпыкомандалық есепте 1 орынды Қарасай ауданының No1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өкілдері жеңіп алса, 2 орынды Талғар ауданының №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 3 орынды жекпе-жектің спорттық түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебі иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен, тиісті дәрежедегі дипломдармен, сондай-ақ ақшалай сертификаттармен марапатталды: 1 орын – 400 000 теңге; 2 орын – 300 000 теңге; 3 орын – 200 000 теңге.