Тамыз айының соңы. Әдеттегідей жұмыстан оралғаным сол еді, табалдырықтан аттай бере қолтелефонымның қоңырауы қосылып, бақтағы бұлбұлдай сайрап ала жөнелді. Сақталған есімінен тани қойдым, нағашым Толқын екен. Қабылдау батырмасын басып, құрылғыны құлағыма көтердім. «Алло, ассалаумағалейкүм», – дедім алдын ала қарманып. «Уағалейкүмассалам, жиен, қалың қалай, ел-жұрт, ауыл-аймағың тегіс аман ба?» – деді бастырмалатып. «Шүкір, нағашы, өзіңіз көргендей, өздеріңізде қалай, дін аманшылық па?» – деймін елпілдей жауап қайырып. «Біз де аман, күнделікті күйбеңмен өтіп жатқан өмір сол баяғы. Ее, жалпы аман болсаңдар болғаны», – деді ол. Аман-сәлем осылай қысқа қайырылды.
Ол кісінің жайшылықта бұра тартарға мұршасы болмай жүретінін жақсы білем. Өзі білікті дәрігер, бірнеше облыстан ашқан жеке емханалары да бар. Басқаны айтпағанда, күнделікті алдына шыбын жанына шипа іздеп келіп-кетіп жататындардың қарасы да қалың. Мал-мүліктен де құр алақан емес. Бірақ қолы ашық. Әйтеке би бабамыздың «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген өсиетін берік ұстанған жан. Үнемі жығылғанға сүйеу, қамыққанға қамқор болып, тапқанын көппен бөлісе білетін атымтай жомарттың өзі. Сол үшін де Жаратушы иеміз пейіліне қарай берекет беріп, оны еш нәрседен кенде етпесе керек. Оның үстіне өзінің ақындығы мен сазгерлігі тағы бар. Белгілі емшілігіне қоса, рухани байлығы да жетерлік, тап-таза шығармашылықтың адамы. «Менің саған айтайын дегенім мынау: сен басқаны қой, осы қыркүйек айының басында жұмысыңнан сұранып, он күндік уақытыңды маған бөл. Екеуміз алыс сапарға бірге шығып қайтамыз», – деп бұйырды бір кезде. «Қайда дейсіз ғой. Еуропаға! Сен еш қысылма, бәрі менің есебімнен болады, өзім табам», – деді тағы. Айтарға болмаса, іштей абдырап, сәл үнсіз кідіріп тұрып қалыппын. «Қалай? Ойланып қалдың ғой, әлде барғың келмей ме? Бар, барғаның дұрыс, несі бар, ел көресің, жер көресің. Еуропа мәдениетінен шығармашылық шабыт алып қайтасың», – деп тақымдай түсті. Содан не керек, Толқын нағашымның ұсынысымен Еуропаға сапарға шығатын болып шештім. Маған Астанада ақ дастарқанын жайып, алысқа аттанар сапарластарымның басын қосып, ізгі тілегін жеткізген Ақбота жеңгемнің ақ пейілі жанымды жылы мейірге бөледі.
Дастарқан басы. Бірнеше адамбыз. Бастапқыдағы бір-бірімізге тосырқай қарап отырған сәл үндіздікке Толқын нағашымның алғашқы сөзі жан бітірді. Ол орнынан тұрып: «Ал, ағайын! «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» демекші, Ақботаның бұл жайып отырған дастарқанының мәні де, жөні де бөлек. Алдымен өзара таныстырып өткенім жөн сияқты. Осы отырған төртеуміз де енді бөтен емеспіз. «Кемедегінің жаны бір» деген. Ертең Еуропаға бірге аттанғалы отырған сапарластармыз. Анау төрде отырған – Байтақ деген ағамыз. Қарымды қаламгер Мағаз Раздан деген кісінің ұрпағы. Бәрімізден жасы үлкен. Білікті ұстаз, білім саласының үздігі, ардагер. Жанындағы ағамыздың жары, ол кісі де ұзақ жыл мұғалім болған. Қазір зейнеткер. Одан бергі отырған Кәдірхан Нұрісләмбай деген менің әріптесім, білікті дәрігер. Ал мына жігіт – менің жиенім, ақын, жазушы, журналист. Ақбота осы жиеніміздің келу құрметіне арнайы сіздердің бастарыңызды қосып, ақ жол тілеп, дәм татқызып отырған жайы бар. Қысылмай алдарыңыздағы астан ала отырыңыздар», – деді астау толы жал-жая, қазы-қартаны нұсқап.
«Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деуші еді әжем марқұм. Алғашқы таныстық осылай басталып, бірімізден кейін біріміз тіпті, кішкентай нағашыларым Ержәнібек пен Әзғазыретке дейін ақ тілегімізді айтып, бара-бара тонның ішкі бауындай шүйіркелесіп кеттік. Басқосу өте көңілді өтті. Келесі күнгі таңсәріде төртеуміз Астана әуежайында тоғыстық. Арамызда бізді шығарып салуға келген жас жігіттер де жүр. Жалпы, атам қазақ әлемнің төрт бұрышын, жылдың төрт мезгілін, жер, су, от пен ауаны меңзеп, «Төрт құбылаң тең болсын!» десе, тұрақтылық пен беріктілікті, әділдік пен ауызбірлікке сай «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген екен. Киелі төрт санына қатысты ұлтымыздың ұлағатты ұғымы сол сәтте менің де санамда саф алтындай қайта жаңғырып, жанымды жадырата түскендей болды.
Жолаушыларды отырғызатын уақыт та болыпты. Хабарламадан кейін ел жапа-тармағай есікке қарай ойысты. Біз де шығара келгендерге қош айтып, кедендік тексерулерден өтіп, орындарымызға барып жайғастық. Ұшақ ышқына дүрілдеп аз аялдады да, лық толы жолаушымен кеңістікке көтерілді. Астана аспанын айнала шарлап барған сайын биіктей түсіп, батысқа қарай бет алды. Біраз уақыт бұрын Ақтау мен Атыраудың аспанын жара самғап бара жатқан ұшақ, бір қарасам, Түркия кеңістігін ендей өтіп келеді екен. Сол баяғы таулы орманды өңірге ірге тепкен Түрік қалаларының ақ үйлері алыстан қойнау-қойнауға шашырай өрістеген қойдай ағараңдап көзге түседі. Ұшақ іші деген болмаса, ұзақ сапар, отыра бергеннен белің талып, екі мықының ашиды. Қашанғы кірпік қақпай тесілесің? Бірде әркім отырған орнымызда қылжиып-қылжиып мызғып кетіппіз. Шамасы, тағы біраз жолды еңсерген секілдіміз. «Ұшақ қонуға дайын, орындықтарыңызды көтеріп, сақтық белдіктеріңізді тағып отыруларыңызды ескертеміз» деген хабарламадан селт етіп оянып кеттім. Жолаушылар тегіс бастарын көтеріп, тізе жазысып, орнығып отырғандай болды. Ұшақ құлдилаған бойда Черногория мемлекетінің астанасы Подгорица әуежайын бетке алып, жер бауырлап келіп баяу тоқтады. Жерге түскен соң біз де қайтқан қаздай тізіліп кезек күткен сапарластарымызбен бірге кедендік бақылаудан өттік. Зал толы ығы-жығы қалың адам. Келесі есіктен сыртқа шыққанымызда әр жолаушыны тағатсыздана күтіп тұрғандар бар екен, бірден көліктеріне қарай бастап ала жөнелді. Бізге де орта бойлы келте шашты сары әйел ие бола кетті. Бірде ағылшын тілінде, бірде орыс тілінде сөйлейді. Орысшасы да мәз емес, сол баяғы өзіміз секілді шолақ қайырым. Жетпеген жерін ежіктеп, ымдасып жүріп, екі сақау баладай бір-бірімізге ұқтырамыз әйтеуір. Ол қолындағы тізімге қарап, бір-бірден аты-жөнімізді атап шақырған соң, тағы біраз адамдармен бірге бізді жол шетіндегі көлденең тұрған шағын автобусқа бастады. Көлік бізді ғана күтіп тұрғандай, шыға салысымызбен есігін тарс жауып, жүрдек аттай зулап ала жөнелді. Қаладан шығып, тауы теңізбен тұтасып жатқан Черногорияның ең әсем шаһарларының бірі Будваны бетке алды. Негізі Черногория – «Қаратау» деп аталатын шығыс Еуропадағы Балқан түбегіндегі Адриат теңізі жағалауында орналасқан шағын мемлекет. Шығысы Сербиямен, батысы Хорватия, оңтүстігі Албания, солтүстігі Босния және Герцеговина мемлекеттерімен шектеседі екен. Автобус еш жерге аялдамастан тоқтаусыз зулап келеді. Ол бірде жыландай ирелеңдеген теп-тегіс жолмен сансыз тас қыраттардан асса, енді бірде заңғары көк аспанмен тілдескен биіктерге жеткенде, ұңғыма тунелдерге кіріп, тебендей түйреп өте шығады. Айнала киіздей тұтасқан орман-тоғайлы таулар, жазық жер көрінсеші?! Тұмса табиғаттың бір шыбығын сындырмай, тау-таудың етегінен құзар басына дейін салынған қалың қызыл төбел үйлер. Бөктердегі жұртты қойшы, тау басындағылардың етекке түсіп азық-түлігін алып шығуының өзі мұң-ау деп ойлайсың. Көлік сол жүргеннен мол жүріп, төрт-бес сағатта бізді теңіз жағалауындағы Будва қаласына жеткізді.
Біз түскен бес жұлдызды қонақүй тоғыз қабаттан тұрады екен. Орманды, жалама жартасты тауға жапсарлай салыныпты. Іргесі теңізге тиіп тұр. Кірген бетте дөңгеленте қойылған жұмсақ орындарға барып жайғастық. Айналамыз айнадай жарқыраған терезе. Сол терезелердің бірінен ұшы-қиыры жоқ көз жеткісіз көсіліп жатқан көк теңіз анық көрініп тұр. Адам көп, қабылдаушылар жатын орнымызды белгілегенше біраз күтуге тура келді. Сонымен, төртеуміз екі-екіден қонақүйдің бірінші қабатындағы қатар екі бөлмеге барып жайғастық. Нағашым Толқын екеумізге 128-нөмірлі бөлме тиді де, Байтақ пен Кәдірхан ағалар 130-үйге орнықты.
Аула ішінде суға түсетін хауыз, одан арғы үлкен қақпадан шамамен 10 метрдей жерде теңіз қайраңы. Жағажайға шықсаң, қызықтың бәрі сонда. Су бетін тіле зулап жүрген моторлы қайықтар, шомылуға барған қалың адам. Кейде үріккен жылқыдай дүркіреген ақжал толқындар асыр салып табаныңның астына келіп қайтады. Жағада да ине шаншар орын жоқ, борпылдақ құмға тігілген қолшатырдай қалың қалқайма. Әр қалқайманың астына теңіз суына сүңгіп шыққандар күнге қыздырынып, демалуына арналған қос-қостан жиналмалы жеңіл төсектер қойылыпты.
Біз де сәл тізе жазып тыныққан соң, көппен бірге теңізге барып, суға шомылуға бет алдық. Теңіз суы тұзды, ащы болғанымен, жанға жайлы екен. Түбіне түйме түсіп кетсе де көрінетіндей тұп-тынық. Әр күнгі демалысымыз көңілді, кештеріміз әзіл-қалжыңға толы қызықты әңгімелермен өтіп жатты. Кейде Еуропаға келгелі Черногориядан көрген-түйгенімізді айтып, елдің жайын, жердің жайын сөз етеміз. Енді бірде заман ағымымен бірге аунап, өзімізше проза және поэзия жайында орамды ой қозғап, күллі халық үлгі тұтқан Абайдың, Байронның, Лермонтов пен Пушкиннің шығармашылығы туралы талқы да болып өтеді арамызда. Ондайда рухани тұрғыдан бір сергіп, серпіліп, ләззаттанып, жасарып, жайнап қалатынымыз бар. Мұндай талқылаулар мен көңіл сергітер басқосулар көбінде Кәдірхан мен Байтақ ағалардың бөлмесінде өтіп жүрді. Ондағы екеуінің де жасы бізден үлкен болғандықтан Толқын нағашым «Үлкен үй» деп ат қойып алған. Бір күні кешкі астан кейін нағашым маған: «Жүр, үлкен үйдегілерге барып, біраз әңгімелесіп қайтайық», – деді. Мен де болмайды дегем жоқ, қосыла кеттім. Ауылдағы қыдырымпаз жандардай екі кештің арасында есік қағып кіріп бардық. Ағаларымыз қонақ күтетіндей шағын үстелдің үстін жеміс-жидектер мен сусынға толтырып қойып әңгімелесіп отыр екен. «Ой, бәрекелді, келіңдер, төрлетіңдер», – деп қауқылдай қарсы алды. Әдеттегідей әзіл-қалжыңмен басталған әңгіме қыза-қыза әп-әдемі поэзия кешіне ұласты. Бәрі маған «өлең оқы, өлең оқы» деп қолқалай берген соң, өзімнің бір-екі өлеңімді оқып бердім. Ынтыға тыңдап, қанбай қалғандай сыңай танытқан соң әйгілі Мұхтар Шаханның Естай мен Хорлан туралы жазылған «Ғашықтық ғаламаты» поэмасын оқымақ болдым. Шығарма тым ұзақ қой, бірақ үзінді оқып берейін деген оймен бастап кеттім. Бірақ Толқын нағашым да жатқа біледі екен. Орта жолдан аяқтата салуыма мұрса бермеді. Ақыры ұзақ поэманы толық оқып шықтым. «Бәрекелді, мүдірмей оқыдың, мынадай ұзақ шығарманы жатқа оқудың өзі үлкен алғырлық», – деп бәрі маған мақтау айтып, алқап жатыр. Кәдірхан аға: «Жә, біз де мұндай шығармаларды жатқа оқитын шама жоқ. Дегенмен әу демейтін қазақ бар ма? Ән айтуға домбыра да болмады. Домбыра болғанда Черногория аспанын қазақтың әнімен бір тербетіп қайтатын едік», – деп қулана бір күліп алып: «Келесі өлең оқу кезегі менің әріптесім Толқын ақында», – деді. Сөйтіп, алма-кезек өлең оқып, Еуропа аспанын қазақ жырымен кернедік. Отанымыз, ел, жер туралы әңгімелестік. Көп уақытымызды демалысқа арнадық. Жағажайдағы қызық думан, серуенмен зыр етіп ол күн де өтті. Черногорияның аспанын алқызыл алауға малып, тағы бір күн батты. Ақшам намазын оқып болып, ағаларымнан тырс еткен дыбыс естілмей қалған соң көрші бөлмеге кірдім. Тағы да сырластық. Мұндай басқосуларымыз тағы бір күнге созылды. Қайтатын мезгіл де жақындаған. Әдеттегідей ұйқымыз қанғанда тұрып, жуынып-шайынып, түске дейін Будва қаласындағы 2500 жылдық тарихы бар ескі шаһарды аралап қайттық. Түрлі мұражайларға толы орта ғасырлық қабырғалы қалада көне бір мешіт бар екен деген соң арнайы барып, болмағанда екі рәкәт сәлем намазын оқып қайтам ғой деп ойлап жүр едім, сәті түспеді. Ертең күн – жұма. Черногорияның басқа да әсем орындарына саяхаттап, сенбіге демалып, жексенбі күні елге қайтатын болдық. Бәрі де кесте бойынша жүріп жатыр. Жұма күні таңсәріде жол бастаушы бізді 15 адамдық шағын көлікке отырғызып алып, жолға шықты. Сапарластарымыздың бәрінің қолында азық-түлік салынған бір-бір қағаз қалта. Бізге де қонақүй қызметкерлері таңғы асымызды алдын ала дайындап қойыпты. Дәл сондай қағаз қалталарға салып, шығарда қолымызға ұстатқан. Көлік тағы да сол жап-жасыл орманды өңірде құз-қиялардан асып, небір тар қысаңдардағы ұңғымалармен тау мен тауды тұтастырып салынған зәулім көпірлерден өтіп зулап келеді. Жол бастаушы құлақ қабын киіп, дауыс ұлғайтқыш микрофонын ұстап, ел жайын, жер жайын жағы сембей таныстырып келеді.
Черногория – Жерорта теңізі қатпарлы белдеуінің ішінде орналасқан. Халық саны 600 мыңнан асады. Бокситтер, мыс-қорғасын-мырыш-күміс кендері, қоңыр көмір, мәрмәр, табиғи құрылыс материалдары сынды пайдалы қазбалары, Адриатика теңізінің қайраңында мұнай және газ кен орындары бар. Ел аумағының 70 пайызға жуығы орманды. Мұнда негізінен ақ шырша мен еуропалық шыршадан тұратын қылқанжапырақты ормандар биік-биік құздарға жайылып өседі. Жері – таулы, өзенді, теңізге тұтасады. Қысы – жылы, ылғалды, жазы – ыстық, құрғақ қоңыржай белдеулік климатқа жатады. Сүтқоректілерінің 65, жануарлардың 250 түрі бар. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары – картоп, темекі, жүзім және цитрус жемістері, зәйтүн, інжір. Басты өнеркәсіп көзі темекі, тұз, алюминий өндіру деп сыдыртып отыр.
Будва қаласынан шамамен 10 шақырымдай шыққанда Патшайым жағажайы және әулие Стефан аралы қонақүйі бірден көзге түседі. Заманында Италия королі, Нидерланды ханшайымдары қона түнеп, сайран салған қонақжайдың көркі шынымен де көз сүріндірерлік. Сол баяғы көк теңізбен қоршалған аралдағы сәнді де зәулім бір шоғыр әсем ғимарат алыстан менмұндалап өткен-кеткенді еріксіз баурайды. Әр жерге сәл аялдап, суретке түсіп, бой жазып қайта шығамыз. Көлік бірде терең бір шатқалдағы шапқан жолмен тартып отырып, Подгорицаның батысындағы атшаптырым қашықтықтағы таудың ішіндегі Острог шіркеуіне барып тұмсығын тіреді. 17-ғасырда Осман империясының шабуылынан қорған ретінде жартасты ойып салынған монастырь қазір христиандардың негізгі қажылық орны саналады екен. Арамызда христиан дінінің біраз өкілдері де бар еді, олар көліктен түсіп, өз құлшылықтарын орындап шықты. Одан ары тағы да сол тұмса табиғаттың талай әсем көріністеріне көз мейірін қандырып, Тара шатқалын бойлап, даңқы жер жүзіне әйгілі Джурджевич көпіріне де келіп жеттік. Тара өзенінің Црквин өткелінде орналасқан бұл көпірдің биіктігі – 172 метр, ұзындығы – 365 метрге жуық. Көпір Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін итальяндықтардың шабуылы кезінде жарылып, кейін қайта салыныпты. Шөп сонысын жүре шалып, су тұнығын жүзе жұтқан жылқыдай бірден-бірге өтіп, айналамыздан көз алмай келеміз. Келесі бағытымыз Тара және Лим өзендерінің ортасында орналасқан адам аяғы баспаған ну орманды Биоградска-Гора деп аталатын Черногорияның ұлттық паркі мен Будва қаласына іргесі тиіп жатқан Оңтүстік Еуропадағы ең үлкен Скадар көлі болды. Екі мыңнан аса өсімдік, 150-ден астам құс түрі бар қорықты 70-ке жуық жабайы жануар мекендейді екен. Ал сирек кездесетін құстардың ордасына айналған Скадар көлінде лала гүлі шешек атып түр.
«Мың естігеннен бір көрген артық» деген даналар тұжырымында. Алла-Тағала жер әлемді, тамылжыған табиғаттың сұлулығын пендесінің көріп, көзайым болуы үшін жаратқан. Көркемдікті көрген сайын көз аямыз кеңіп, ой-өреміз, дүниетанымымыздың айқындала түсетіні анық. Көзбен көргенді сөзбен жеткізу ләзім. Сапарлас төртеуміз қайтар-қайтқанша он күндік саяхатымызда қаймағы бұзылмаған қарт құрлықтан алған әсерімізді айтып тауыса алсақ ше?! Кейде оларды өз жеріміздегі әсемдіктің айнасы саналған Көлсай, Көкшетау, шығыстағы Марқакөл, Шарын мен Каспий, Балқаш пен Алакөлдермен салыстыра отырып бағалаймыз. Бізде Черногорияны он орайтын киелі ел, асты-үсті мұнай мен алтынға толы ұлан-ғайыр жеріміздің бары да ақиқат. Бірақ ұқсата алмай қормыз. «Әттең, өзім де қолдың қысқалығыннан келіп тұрған талай несібеден қағылған едім. Жері байдың – елі бай. Егер еліміз жетпіс жыл бодандықта болмағанда, әлемдегі ең бай мемлекет қатарында жүрер ме едік, кім білсін? Онда ел де, мен де өзгелерден оқ бойы алда болатын едік қой. Осылай ойлаймын іштей. Иә, көз арбаған өзгенің жауһары мен жақұтына қанша қызықсақ та, біз үшін өз еліміздің әр түйір тасы, халқымыздың дарқан да дара пейілі алтыннан да ардақты!
Айдын КӘЛІМХАН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері