Қазақ пен қырғыз Алатаудың екі қапталын мекендеген, еншісі бөлінбеген халық. Өнері мен өрлігі қабысқан, тілі мен ділі табысқан туысқан жұрт. Бүгінгі таңда да береке-бірлігінің нығая түскенін мақтанышпен айтуға болады. Соның бір дәлелі – Қырғыз елінің қазақтан шыққан жалғыз манасшы Баянғали Әлімжановтің 70 жылдық мерейтойына зор құрмет көрсеткені.
Жыл сайын желтоқсан айында қырғыз ағайындар «Манас күнін» кең көлемде атайды. Бірнеше күнге жалғасқан бұл кеште Қазақстаннан шақырылған қаламгер, белгілі жырау, əдебиет пен өнер зертеушісі Баянғали Әлімжановтің шығармашылығы насихатталды.
Мың жылдан бері ауыздан-ауызға тараған «Манас» дастанында қырғыз халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, көзқарасы, нанымы, рулық байланыстары, ертегілері мен адамгершілік ерекшеліктері толық қамтылған. Сондықтан айыр қалпақты ағайындар «Манасты» әлемнің рухани мұрасы тізіміне енгізіп, 4 желтоқсанды «Манас күні» ретінде жариялаған. Бұл күні «Манас» жырын жатқа айтатындар бас қосып, зиялы қауым өкілдері ортақ мазмұнға ұйысады. Мұндағы мақсат – әйгілі жырды ғана емес, бабадан қалған рухани мұраларды жас ұрпақтың зердесіне құйып, санасына сіңіру. Сонымен қатар аталған мереке бауырлас елдердің рухани әлемін жақындстыра түсуге себеп болады десек артық айтқандық емес.
Тағылымды кешке жиналған манасшылар әсерлі әңгіме өрбітті. Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Назарқұл Сейдрақманов бастаған дәстүрлі өнер шеберлері, айтыс ақындары, қомузшылары, ыршылары сахна төріне көтерілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Баянғали Әлімжановтің өңіріне «Манас» ұлттық театрының «Ибарат» медалін тақты. Өз кезегінде Баянғали Тақанұлы қырғыз бауырларға «Жер иісі» атты кітабын сыйға тартты. Сонымен қатар жерлесімізді халықаралық бағдарламаға сұхбатқа шақырды. Онда ғибратты әңгімелер айтылып, рухани байлық жөнінде көңілде жүрген біраз дүние ақтарылған.
Жиналған жұртшылық кешқұрым «Манас» театрында «Тайторының шабысы» атты сахналық шығарманы тамашалады. Онда ұлт тарихының қасіретті шежіресінен эпизодтар суреттелді. Сондай-ақ музейде Манас батырға арналған бөлім ашылды. Оған мәдениет және қоғам қайраткерлері, қаламгерлер қауымы қатысты.
Бұдан кейін мұражайда жас манасшылар байқауы өтіп, сол елдегі кәріс, орыс, түрікмен, әзербайжан, өзбек, грузин балалары өнер көрсетті. Жеңімпаздарға Баянғали Әлімжанов атындағы диплом мен ақшалай сыйлық табысталды.
Жүсіп Баласағұни атындағы университетте «Манас» тақырыбы бойынша ғылыми конференция ұйымдастырылып, онда Баянғали Әлімжанов баяндама жасады. Қазақ елінің де Манасты қадір тұтатындығы жөнінде көптеген мысалдарға жүгініп, халық эпосын зерттеуге қомақты үлес қосқан белгілі қазақ ғалымдары Шоқан Уәлиханов пен Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұландар жайлы әсерлі әңгімелерді жиналғандарға паш етті.
«Айналайын, қырғызым,
Тәп-тәтті болған тілің бар,
Телегей-теңіз жырың бар,
Өзіме тартқан түрің бар.
Байтақ жатқан қазаққа,
Ағаңдай көріп еркеле.
Інімдей болып еркеле,
Он сегіз мың ғаламда.
Еркелігіңді көтерер,
Қазақтан басқа кімің бар»?! –
деген жыр жолдары қырғыз ағайындарды орындарынан тұрғызып, тебіреніске бөледі. Қазақ ақынына көрсетілген құрмет мұнымен шектелмеді. Баянғали Әлімжановтің 70 жылдық мерейтойына орай Қырғызстан Сыртқы істер министрінің орынбасары ақынды арнайы қыбылдап, сый-сияпат көрсетті. Сонымен қатар Жогорку Кенештің Разышылық хатымен марапатталды.
Қырғыз Республикасы ұлттық кітапханасының Абаз залында Баянғали Әлімжановтің жеке шығармашылығына арналған кездесу кеші де әсерлі өтті. Өзіне көрсетілген ілтипатқа жауап ретінде ақын «Абылай хан мен батырлары» атты жинағының төрт тілде жарық көрген нұсқасын кітапхана қорына ұсынды. Қырғыз елінің Батыры, сексеннің сеңгіріндегі Медетқан Шерімқұлов ақсақал қазақ ақынына ақ батасын арнады. «Манас мерекесі» осындай ізгілікті сипаттармен түйінделді.
Құралбек СӘБИТОВ