Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып, туған халқының мерейін тасытты. Шынымен де «Өлгендер қайтып келмейді» десек те, қайталанбас қаламгердің өшпес мұрасы, өміршең туындылары өз халқының рухани әлеміне мәңгі шуақ шаша береді. Сонымен бірге, Соқпақбаев соқпағының сансыз сүрлеуі әлі талай жас ұрпақты ой орманына жетелей беретіні тағы бар. Заман ағысына қарсы жүзіп, өзі серт еткен қаламының қуатымен тоталитарлық жүйенің шынжыр құрсауын үзуге құлшынған қаламгерді оқшау өмір сүрді десек те, Бердібек талантын тереңінен танып, дарынды суреткердің даңқын дүркіреткен қатарластарының қарасы жоқ дей алмаспыз. Солардың бірі – «Қазақ балалар фильмінің атасы» атанған Абдолла Қарсақбаев болатын.
Әйгілі жазушы Бердібек Соқпақбаев пен аңыз режиссер Абдолла Қарсақбаев арасындағы шығармашылықтың алтын көпірін орнатуға көрнекті қаламгерлер Тахауи Ахтанов дәнекер болған деседі. Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың балаларға арналған тамаша хикаятының мазмұны мен идеясын синтетикалық өнер – кино арқылы мейлінше аша, көрерменді қызықтыра түскені режиссердің шеберлігі дер едік. Расында кейбір әдеби туынды фильмнің көлеңкесінде қалып қоятын жағдай жиі қайталанып жатады. Ал қазақ өмірінің өз ішінен шыққан шығармашыл тұлғалар Абдолла Қарсақбаев пен Бердібек Соқпақбаев – бірін-бірі толықтыра отырып, өлмес халықтық туынды жасады. Яғни, тандем сәтті болды. Екі корифейдің де қазақ баласының өздеріне тән психологиясын қапысыз бере алған шеберлігіне таңдай қақпай тұра алмайсыз. Ұлттық атаулының бәрі тәрк етіліп, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген жалаң ұранмен қазақ руханияты жадағайланып, жалаңаштана бастаған кезеңде бұл филімдерді көрген көкірегінде саңылауы бар қазақ ұланы неге селт етіп, ойланбасын?
Тәртіпсіз, қиялшыл әрі ұтқыр ойлы Қожа арқылы берілген қарапайым ауыл баласының бейнесі көрерменді бір жағынан күлкіге кенелтсе, екінші тұстан кездейсоқ оқиғалардан жол тауып шығып кетуге болатын құйтырқы әрекеттерімен көрерменге тартымды болды. Бірақ фильмнің өн-бойынан құрсауы құрыштай жүйеге қарсы ішкі бұлқыныс аңғарылады. Өзгеше жаратылысы мен алуан тегіне қарамастан біртұтас «Совет адамын» жасауға деген ынталы жасанды қоғаммен келіспейтін жанқиярлық күрестің рухы елес береді.
Қожа – «идеалды» қоғамда «керітартпаға» айналған қауіпті кейіпкер. Оның еркіндігі, әр нәрсеге көнбейтіні басқалардың шамына тиеді. Сондықтан оған барлығы жабылып, жөнге салуға, мектептен шығарып, мүлде аластатуға асығады. Бірақ Қожа, «көже» емес сұйытылған. Қожа ол –өзіне қожа, өзіне ие, оған ешкім қожа бола алмайды. Осындай астарлы кекесінге толы көріністерден басталған қақтығыстар Қожа мен қоғам арасындағы қайшылықты өткірлей түседі. Қожаның бойында жазылмас жара бар, ол жетімдіктің зардабы. Соғыста өлген әкесінің орнын сол қоғам ештеңемен толтыра алмайды. Анасы үй бетін көрмей, мейірімін беруге мұршасы жоқ, түзде жұмыс істеуге мәжбүр. Ұзын сонар кітап кезегінде тұрғысы келмей, пысықтығымен оқушылардың алдына шыққаны үшін тәртіп орнатушы Майқановамен және «буржуаз» Жантастың арасындағы қақтығыс Қожаның ішкі қарсылығын одан сайын үдетіп, жани түседі. Ортасымен тіл табысудан қалған Қожа Сұлтанмен бірге еркіндіктің сапарына аттанды. Темекі шекті, ұрлық жасады, алаяқтыққа барды. Жазасын да алып үлгерді, бірақ оған жасып, көніп қалған Қожа жоқ. Бұзықтықтың басқа түрлерін ойлап тапты. Ішкі ыза, қоғамға, ортаға деген қарсылық Қожаның әрбір қылығы мен ісінен, сөзінен айқын білініп отырады. Бұл фильм арқылы кішкентай тынымсыз кейіпкердің іс-әрекетінен тоталитарлық жүйеге бас көтеріп, көңілі жасымаған батырлықтың үлгісін көруге болады. Қоғам мен адамның арасында тепе-теңдікті сақтап қалуға тырысатын салмақты көзқарастағы бір адам бар, ол – Рахманов ағай. Рахманов – заманның өзгерісін таразыға салып, ортасынан бөлекше орын алып, өзіндік жолына бұруға бейімдеп жүрген ақыл иесі. Ол жүйені жоққа шығармайды, Қожаны да кеудеге итермейді. Егер заман, яғни тобыр басым болса, шетке ысырылып қалатын, Қожа жеңсе демеу болуға дайын ортадағы реттеуші секілді. «Менің атым Қожа» фильмі коммунистік жүйенің күшіне мінген кезінде түсірілсе де цензураның аясынан шыққан антикеңестік туындылар қатарына жатады. Фильмде кеңестік идеологияны дәріптеп, мақтаған ой жоқ, керісінше бас кейіпкер Қожаның қылығы арқылы сол қоғамды келемеждеп отырады.
Балалар әдебиетінің бәйтерегі мен классик режиссердің қатар қолтаңбасы қалған тағы бір қайталанбас кино туындысы – «Балалық шаққа саяхат» деп аталады. Бердібек Соқпақбаев – өзі өмір сүрген кезеңнің келбетін боямасыз суреттеген қаламгер. Ашаршылық пен жетімдіктің зардабын тартқан жазушы «Балалық шаққа саяхат» повесінде балғын шағының қиындыққа толы болғанын жеткізген. Анасы ұзақ уақыт науқастанып, көз алдында өмірден өтеді. Бұл шығармада сегіз жастағы бұғанасы қатпаған бала Бердібектің бір үзім нан үшін ауыр жұмысқа жегілгені, емшектегі інісі Тұрдыбектің тоқтаусыз жылағаны, жетімдіктің зардабын шеккен қиын күндері бейнеленген. 1960 жылы кітап болып басылып шыққан «Балалық шаққа саяхат» туындысы бойынша 1965 жылы фильм түсірілді. Ал қазақ кино өнерінің классигі Абдолла Қарсақбаев фильмнің режиссері болып, тағы бір жауһар туынды көрерменге жол тартады. Жазушының «Балалық шаққа саяхат» повесіне режиссердің зор ықылыспен зер салуын әсте кездейсоқтық деп қабылдауға болмайды. Өйткені Абдолла Қарсақбаев та Бердібек Соқпақбаев сынды ашаршылықтың ащы дәмін татқан ұрпақтың өкілі еді. Өйткені Абдолла ағаның «Қарсақбайдың он алты баласының ішінде аман қалғаны мен ғана. Қалғандары ашаршылық жылдарында, соғыс кезінде бақилық болған», – дегені бар. «Мен тек балалар туралы фильм түсiргем жоқ, үлкендерге де арналған бiрқауым картиналар түсiргенмiн. Дегенмен, жұмыстарымның басым көпшiлiгi балаларға арналған. Сол себептi де менi балалар өздерiне толық еншiлеп алса керек. Оған мен де қуанбасам, ренжiмеймiн. Өйткенi, мен балалық шағымды сағынамын. Бүгiнгi ұрпақпен жұмыс iстеуге соншалықты құштармын», – деген екен Абдолла Қарсақбаев өзiнiң бiр сұхбатында.
Ұлы үнді жазушысы, ақын Рабиндранат Тагор: «Балалардан үйреніңдер, олар әсте болашақтан күмәнданбайды», – дейді. Қос талант та жас өркеннің табиғатын шынайы бере отырып, әдебиет пен кино әлеміне тыңнан түрен салды. Олар өздері өмір сүрген коммунистік жүйеге деген қарсылығын өнер арқылы шебер көрсетті. Өйткені тастай идеологияны жоққа шығарудың ең тиімді тәсілі қасиетті қалам мен көрермені көп көгілдір экран болатын.
Қос алыптың қолтаңбасы талай жұмбақ сырды жасырып жатыр. Олар сол бір тылсым сырдың құпиясын уақыт еншісіне қалдырғандай. Екі марғасқа тұлға да әлемге даңқы жеткен туындыларды өмірге әкелгенімен, ешқандай мақтау мен марапат көрген емес. Бірақ мәңгілік мұра қалдырды. Бұл тұрғыдан таланттардың тандеміне тағзым етпеуге шарасызбыз.
Ерзат АСЫЛ