Республикадағы өзіндік орнын айшықтап, рухани мәдениет мен ұлттық әдебиетті сабақтастырып, өткен тарих тағылымы мен бүгінгі ұрпақ арасындағы алтын көпірге айналған баспа – «Атамұра» корпорациясы. Аты айтып тұрғандай, аталған баспа бүгінде еліміздегі ірі баспа концерндерінің қатарында, сонымен қоса ата мұрасын жалғап, жоғалтқанымызды түгендеп, өшкенімізді қайта жаңғыртып, еңбектеген сәбиден бастап, еңкейген қарияның көңіліне де білім нәрін сеуіп, еліміздегі оқу мен білімді, ғылымды ұштастырып отырған да осы «Атамұра».
Еліміздегі ұлттық баспа ісі саласы басқа елдерге қарағанда Қазақстанның басынан өткерген небір нәубет жылдарға байланысты және тартқан тауқыметіне қарай екі ғасырға жуық кешеуілдеп дамыды. Дүниежүзіндегі елдердің төл мәдениеті мен әдебиетінің дамуына осы кітап ісі тікелей әсер етеді. Сондықтан да, баспа саласының тасын өрге домалату кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық.
Расымен де, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ел экономикасының жай-күйі баршамызды алаңдатқан болатын. Қазақстанды бұрын-соңды үлкен жол күтіп тұрды. Бір жағынан бұл мемлекетке тұтастай берілген сынақ іспеттес болса, енді бір жағынан, нар тұлғалы азматтарымыздың өздерін нағыз танытатын сәттің жеткенінен хабар берді. Экономика саласының аяқ-алысы қиын да ауыр күндерді өткерді. Бірақ осыған қарамастан қалайда ілгері басып, әлемде көш бастап тұрған елдер қатарына ұмтылу – күн тәртібіндегі кезек күттірмес мәселелердің бірі болды. Осынау қиын-қыстау тұста, яғни 1992 жылдың 4 ақпанында «Атамұра» баспасы құрылды. Содан соң тәуелсіздігі тұғырлы елімізбен бірге өсіп-өркендеп, үлкен даму жолынан өтті. Алғашында шағын кәсіпорын болып құрылған баспа араға уақыт салып елімізде ғана емес, баспа ісі, кітап саудасы бойынша маманданған әрі шетелге танылған ірі корпорацияға айналды. Бірақ бұл деңгейге жету үшін ол баспа да ұлы жолды жүріп өтті. Өйткені экономиканың нағыз құлдыраған кезеңінде, мемлекетті жаңа бастамалар күтіп тұрған сәтте баспа құрудың өзі үлкен жауапкершілік пен қомақты қаражатты талап етті. Аталған баспаның негізін салушы азамат әкесінің өзінің 30 жасына сыйға тартқан «Жигули» автокөлігі мен энциклопедиядағы қызметі кезінде еңбекпен жеткен пәтерін кепілдікке қойып, банктен 1 млн кеңес сомын несиеге алып, өзіне деген сенімділігінің арқасында кітап бизнесін жолға қойды. Міне, бүгінгі күні алып корпорацияның тарихы осылай басталған-ды.
Кітап ісі бизнесімен айналысу тек кітап шығарумен шектелмейтіні сөзсіз. Баспа өнімдерін шығарып, оларды сату, тарату жұмыстары үздіксіз еңбекті талап етеді. Оның үстіне оларды таратудың да өз қағидалары бар. «Атамұра»-дағылар Алматы қаласында оның да жолын тапты. Алғашында маркетинг ісіне өздері кіріссе, кейіннен қызметкерлер білім ордаларын аралап, өздері шығарған кітаптарға жарнаманы да өздері жасады. Яғни, кітапшаларды таратуға студенттерді тартып, оларға да өз тиімді ұсыныстарын ұсынған болатын. Осылайша бұл үрдіс жалғасып, кейіннен студенттер кітаптарды өздері келіп әкетіп, талапкерлерге көмекші құралдарды өткізіп жүрді.
Мерзімді басылым беттерінен Қазақстанда тұңғыш рет жоғары сынып оқушылары мен талапкерлерге арналған көмекші құрал шығарылғандығы туралы хабарламалар жарық көре бастады. Бірақ, бұл жолы кітаптарда өзіміз білетін баспалар емес, «Атамұра» таңбасы көрініс тапты. Осылайша, Қазақстандағы ұлттық баспа ісі саласына жекеменшік «Атамұра» баспасы келген еді. Бұл «Атамұраның» алғашқы адымдары еді.
1992 жылы баспадан жарық көрген бір кітапшаның құны 19 сом 50 тиынды құраса, мемлекетке төлейтін құн салығымен бірге 25 сомды құраған. Үстемесін қосқанда оқу құралының бағасы – 32 сом.
Осылайша, іргелі баспадан «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті», «Математика», «Биология», «Химия» кітаптары жарық көріп, авторлармен қызу жұмыс жүргізіле бастады. Шын мәнінде, автормен жұмыс істеу де қажырлы еңбек пен сарқылмас күш-қайратты талап етеді. Ал діттеген мақсаты анық, кітап саудасы нарығында өзіндік орнын қалыптастырған баспа үшін авторлармен бірлесе жұмыс істеу үлкен тәжірибеге айналды.
Бүгінде «Атамұра» баспасынан оқулықтар мен оқу құралдары ғана емес, ғылыми, ғылыми-көпшілік, көркем-әдеби кітаптар және энциклопедиялар да жарық көріп, қалың оқырманға жол тартуда.
«Атамұра» тарих тамырын жалғап, ақтаңдақтарды да жарыққа шығара бастады. Баспадан жарық көрген құнды жәдігерлердің бірі ретінде ғалым Мекемтас Мырзахметовтің «Қазақ қалай орыстанды?» жинағын ерекше атап өтуге болады. Бұл басылымда бүкіл қазақ халқының бастан кешкен тағдыры, қазақ жерінде орыстандыру саясатының қалай жүргізілгендігі баян етілді. Кітап мазмұнын ашып, редакциялау жұмысын жүйелі еткен де осы баспадағы редакторлар қауымы болатын. Осылайша, алғашқы кітаптардың соңында редактор Әділхан Пірмановтың есімі жазылды. Әділхан Батырханұлы – бүгінде баспаның бас редакторы. Өзіміз өндірістік іс-тәжірибеден өту барысында Әділхан ағаймен тікелей жұмыс істедік. Ол кісі тәжірибеден өтуші студенттерді бір-бірінен бөле жармай, оларға өзінің бар білгенін үйретеді. «Тіл – жүректің елшісі, жүректен шыққан сөз жүректерге жол табады» демекші, бас редактордың әрбір айтқан ақылын санамызға сіңіріп, болашақ баспагерлік-редакторлық жолымызда мәңгі азық етуге бекіндік. Ол кісінің редакторлық шеберлігі өзі редакциялаған кітаптардан да жиі көрініс табады. Кез келген жағдайда өз білгенін үйретіп, білікті редактор болу үшін талмай еңбек ету қажет екендігін бізге үнемі айтып отырады. Тарихи кітаптарды көркем әдебиет жанрында басып, мектеп оқушыларына оқуға ыңғайлы әрі тиімді ету – бұл баспа басылымдарының өзіндік ерекшелігі. Олардың мұқабасының, әрі кітап ішіндегі безендірілулердің нақышына сай орындалуы да баспа қызметкерлерінің шығармашылық жұмысының нәтижесі.
Баспадан оқырманға жол тартқан іргелі еңбектерді тілге тиек еткенде, белгілі демограф Мақаш Тәтімовтің «Қазақ әлемі» кітабын атап өтпеу мүмкін емес. Мұнда бұрын қолымыз жетпеген көптеген архив деректері ашылып көрсетіледі. Қазақ халқының ашаршылық кезеңіндегі санына байланысты тың деректер жазылған. Содан бері ашаршылық тақырыбы қашанда өзектілігін жоймай келеді. Өйткені, бұл қазақтың басына түскен қасіретті жылдар еді. Ал осы тұста жазылған айтулы жинақ қазақ тарихына тыңнан түрен салды деуге толық негіз бар. Одан кейін де ашаршылық жылдары қазақ халқының күрт азайып кетуіне байланысты көптеген кітаптар жарық көріп жүрді. Бірақ Мақаш Тәтімовтің еңбегіндегі ашаршылық есебін ешкім жоққа шығара алмағаны да рас. Мұндағы есеп-қисаптың көптігінен қарапайым оқырманның шатасуы ықтимал. Бірақ баспадағы редакторлар мен корректорлар қауымы кітапты айна-қатесіз оқырманға жөнелтті. Бұл да сүбелі еңбектің жемісі.
«Өткен күн – тарих, келер күн – сыр, бүгінгі күн – үлкен сый» дейтін болсақ, өткенімізді түгендеп, өшкенімізді жаңғыртып, үзілгенімізді жалғаған «Атамұра» баспасы үшін тарихи кітаптар шығарудың маңызы зор болды. Өйткені, кез келген халықты өзінің түптамырымен жалғайтын көпір – тұғырлы тарихы. Осы ретте тарихи кітаптарды көркем әдебиетпен ұштастыра білген баспаның Қазақстанның төл мәдениеті, тарихы мен әдебиетіндегі еңбегі ерен. Қалың қазақ елі өз тарихынан адасып, тамырынан ажыраған сәтте тарихи кітаптар шығарып, оны келешек ұрпаққа бағдаршам еткен де осы «Атамұра».
Мәселен, 1995 жылы «Атамұра» баспасы қазақ мектептерінің 10-сынып оқушыларына арналған оқулықты жарыққа шығарды. Оқулықтың мұқабасында мемлекеттің тудың түсі, шуағын төккен күн нұрының астында қанатын кеңге жайған қыран құс бейнеленген. Яғни, кітаптан баспаның түпкі мақсаты мектеп оқулығының мазмұнын мұқабадағы сурет арқылы жеткізудің жүзеге асқанын бірден байқауға болады. Демек, тарлан тарихымыздың, қазақ халқының бастан кешкен қиыншылығын мұқабадағы рәміз арқылы патриоттықпен ұштастыру тек «Атамұра» баспасына ғана тән. Бұл оқу құралының авторлары кітапты төрт бөлімге бөле отырып, саяси кезеңдерді жіктейді, ауылшаруашылығын ұжымдастыру саясатына жан-жақты талдау жасайды. Бұл мектеп оқушылары үшін ғана емес, ұстаздар қауымы үшін де жасалған игі іс болды. Айта кетер болсақ, тарихына қатты шөліркіген халықтың таңдайына салқын су құюмен бірдей болғанына аталған кітаптың баспа бетінен бірнеше мәрте басылып шығуының өзі айшықты дәлел.
Шын мәніне келер болсақ, «Атамұра» баспасынан жарық көрген оқулықтар болсын, көркем-әдеби, ғылыми кітаптар, энциклопедиялар болсын, олардың санында да, сапасында да шектеу жоқ. Бұдан бөлек, баспадан қаншама қазақтың дүлдүлдері, ақын-жазушыларының еңбектері басылып шықты?! Олардың қатарында халқымыздың белгілі қаламгерлері Ә. Нұрпейісов, М. Әлімбаев, Қ. Жұмаділов, Ә. Нұршайықов, Ш. Мұртаза, Т. Молдағалиев және тағы басқа да саңлақтарымыз бар. Әдебиет әлеміне терең бойлап, сөз маржандарымен сусындататын бұндай іргелі еңбектер оқырман қауымнан әлдеқашан өз бағасын алып қойған. Бұдан бөлек, 2002 жылдан бері баспадан «Атамұра кітапханасы» сериясымен көптеген көркем әдебиеттер басылып келеді. Аталған серия бойынша алғашқы болып, Абайдың «Қалың елім, қазағым» атты өлеңдер жинағы басылып шықты. Мұнан кейін Шәкәрім, Сәкен, Бейімбет, Ахмет, Ілияс, Мағжан, Сұлтанмахмұт және тағы басқа да ақын-жазушылардың бірталай туындылары да осы серия аясында жарық көріп, қалың оқырманға жол тартты. Бір қуантарлығы, баспадан жарық көрген кітаптың бағалары қолжетімді ғана емес, сонымен қоса көз тартатын дизайны да кітапты қолына алған адамды бірден елітіп әкетеді. Бұдан байқайтынымыз, «Атамұра» корпорациясы тек сапалы әрі сауатты кітап шығарумен шектелмейді, әрбір кітапты баспаға дайындауда көркемдік безендіру жағына да көп көңіл бөледі.
Мен неге қуанамын?! Мен неге шаттанамын?! Мен неге мақтанамын?! Еліміз тәуелсіздігін тіктеп, экономикасы таразы басына түскенде «Атамұра» баспасы өмірге келді. Алғашында шағын кәсіпорын болып құрылса, бүгінде республикадағы кітап бизнесінде өз орнын айшықтаған, таңбасы брендке айналған корпорацияға айналды. Қажырлы еңбек етіп, ұрпақ мүддесі үшін таптырмас оқу құралдарын жарыққа шығарды. Әлемдік аренада өзіндік брендін қалыптастырды. Сонымен қоса әлі күнге дейін өткен мен бүгіннің аражігін ажыратпай, халқының құнды жәдігерлермен сусындауына қызмет етіп келеді. Кітап шығару біреудің жазғанын басып шығарып, таратумен ғана шектелмейді, баспадан жарық көрген әр кітап жаңадан өмір есігін ашқан сәбимен тең. Басылымның жарық көруі жолында автормен бірге редактордың қаншама еңбегі жатыр?! Сондай-ақ автордың ақылдылығы, көрегендігі, парасаттылығы мен көшбасшылығына пайымдау жасау да редактордың құзыретінде. Ал, осындай қызығы мен қиындығы қатар жүретін жұмыстың ауыртпашылығы мен жауапкершілігі көп баспа саласының басы-қасында жүріп, басшылық қызмет атқару табандылықты, тұрақтылықты, ұлтжандылықты, халыққа деген жанашырлықты, туған жерге деген зор сүйіспеншілікті, патриоттық рухты талап етеді. Осындай қасиеттері бойынан табылатын, асыл азамат – «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы. «Атамұра» корпорациясынан жарық көріп жүрген басылымдардың бағыт-бағдарын айқындап, рухани мүддені жеке мүддеден басым қоятын жанның басшылығымен бүгінде мекеменің тасы өрге домалауда. Келешек ұрпақты тәрбиелеу жолында ұлттық құндылықты жоғары қоятын дара азаматтың ел руханиятына қосып жатқан үлесі өлшеусіз.
Әр баланың дана болып қалыптасуындағы дара баспаның рөлі ерекше. Атадан қалған ізді жалғап, бабалар мұратын биік қойған атамұралықтардың игі ісі көпке үлгі, жастарға өнеге. Ал, баспаның кітап шығарудағы ұзақ жылғы тәжірибесі мен жеткен жетістіктері басқа баспаларға да жол саларлықтай.
Алтынай СЕЙТКЕН,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 4-курс студенті