-13 °c
Qonaev
Saturday, June 7, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Ауыл шаруашылығы

    Еңбек еткеннің еңсесі биік

    04.12.2024
    in Ауыл шаруашылығы, Барлық жаңалықтар
    Еңбек еткеннің еңсесі биік
    0
    SHARES
    8
    VIEWS

          Елімізде ауыл шаруашылығын өркендету жолында өрелі істер атқарылып келеді. Соның ішінде Алматы облысы да аграрлық саланың дамуына айрықша үлес қосуда. Өңір тұрғындарының басым бөлігі ауылдық аймақта тұрғандықтан егін егіп, мал ұстайды. Міне, осындай жандарға бүгінгі таңда мол мүмкіндік беріліп, барынша жағдай жасалуда. Ел экономикасының дамуына серпін беріп, ауыл шаруашылығын жандандырып жүрген шаруалардың еңбегі де шаттандырмай қоймайды. Осы орайда Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, 200-ден астам ауыл шаруашылығы қызметкері, сала ардагерлері қатысты.

    Шара Мәдениет үйінің алдына қойылған ауқымды көрмеден басталды. Онда өңіріміздегі өндіріс орындары мен ауылшаруашылық өнімдері қаз-қатар тізіле орналастырылған. Азық-түлік, жеміс-жидек, ет-сүт өнімдері, дәнді дақылдар, шаруаға қажетті техникалар мен АТМ тракторлары өңіріміздегі аталмыш саланың ерекше серпінін сездіргендей.
    Мерекелік шараның шымыл­ды­ғын ашқан аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев ауыл шаруа­шы­лығының аймақ экономи­касын­да алар орны мен маңызына, өңір­дің агроөнеркәсіп кешенінің жетіс­тіктеріне тоқталды.
    – Баршаңызды Ауыл шаруа­шы­лығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қыз­мет­кер­лерінің кәсіби мерекесімен құттық­таймын! Биыл атаулы күн­нің қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаты­суымен Ауыл шаруашылығы еңбек­керлерінің І форумы өтті. Оған облысымыздан 70-тен аса тауар өндіруші қатыс­ты. Осы форумда Президентіміз: «Агроөнеркәсіп кешені бүкіл елдің, әсіресе, ауыл тұрғындарының тұр­мыс сапасына тікелей әсер етеді. Сол себепті мен ауылды өркендету ісіне айрықша мән беремін», – деген болатын. Ауыл шаруашылығы ел өмірінде ерекше орын алатын сала­лардың бірі екені баршамызға аян, – деп бүгінде еліміздің алға қой­ған негізгі мақсаты әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу екенін алға тартты. Сондай-ақ аймақ басшысы шағын және орта бизнес, егін және мал шаруашылығы саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында халық тұрмысы, әлеуметтік жағдайы жылдан-жылға жақсара түскенін айтып, адал еңбек иелеріне өз алғысын жеткізді.
    Ауыл шаруашылығында биыл­ғы 10 айда республикада 8,2 пайыз­дық үлеспен 573 млрд тең­генің өнімі өндіріліп, шаруалар мен аграрлы сала қызметкерлерінің тыным­сыз еңбегінің нәтижесінде жарты миллион тоннадан астам астық жиналып, қамбамыз толған. Өңіріміз жүгері түсімі бойынша да жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, гектарына 75 центнер өнім алған. Бұл көп­жылдық орташа көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары екенін айта кеткен жөн. Бірқатар шаруашылықтың гектарына 150 центнерден аса өнім алғаны да аймақтың зор мүмкіндігін аңғартады. Жоғары нәтижеге заманауи агротехнологияларды, сапалы тұқым, тыңайтқыш пен пестицидтерді пайда­лану, ауылшаруашылық техни­­ка­ларын жаңарту арқылы қол жет­кізілген. Мемлекеттік қолдау шара­лары нәтижесінде диқандар алғаш рет көктемгі егін және күзгі жиын-терін жұмыстарына 5 пайыздық мөлшерлемемен 4,0 млрд теңгеден астам несие алған.
    Осы орайда Марат Елеусізұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Кең дала» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетінін жария етті. Сонымен қатар ауыл шаруашы­лығын дамытуда атқарылған жүйелі жұмыстарды атап өтті.
    – Өндіріс пен ғылымды ұш­тастыру мақсатында Ұлттық ғылым академия­сымен бірлесіп, апорт алмасын жаңғыр­туға арналған «Garden Day – Aport» іс-шарасы өткізілді. Ғалым­дардың көмегімен келешекте апорт бақтарын Еңбекшіқазақ, Талғар, Ұйғыр, Қарасай аудандарында мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 127 млн теңге бөлініп, Қазақ аграрлық университеті ғалымдарымен күріштің тұздануға төзімді сорттарын өндіріске енгізу, картоп пен көкөніс егістігін дрондар арқылы өңдеу жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыста суармалы егіншілікті дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалануға ерекше мән берілуде. Суару желілерін жаңғырту жұмысы республикалық бюджет есебінен 6 аудан мен Қонаев қаласында жүргізілуде. «Ірі жобалар» шеңберінде 15 млрд теңгеге 13 тауарлы сүт фермасы қаржыландырылды. Нәтижесінде, мал мен құс өнімі 8,8 пайызға ұлғайды. Қайта өңдеу саласының дамуында оң көрсеткіштер бар. Бүгінде азық-түлік өндірісінің көлемі 2,7 пайызға артып, 330 млрд теңгені құрады, – деп саладағы маңызды бағыттар жайын да тілге тиек етті.
    Келесі жыл – Жұмысшы маман­дық­тары жылы екенін айтқан облыс басшысы ендігі ретте нағыз еңбек адамдарының қызметі ескеріліп, кәсіби құндылықтардың дәріптелетінін жеткізді. Артынша облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ерен еңбек етіп, тынбай тер төккен мамандарды мара­паттады. Атап айтар болсақ, Еңбекшіқазақ ауданы «Айдарбаев» шаруа қожалығының басшысы Ерік Айдарбаев «Парасат» орденін, Балқаш ауданы «Динара-ранч» агрофирмасы ЖШС зоотехник-селекционері Бақытжан Сатыбалдиев «Құрмет» орденін иеленді. Бұдан басқа да бірқатар қызметкер «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалін, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін өңіріне қадады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруда белсен­ділік танытқан аудандар мен ауылдық округтерге де арнайы сыйлықтар табыс етілді.
    «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясының жеңімпаздары да марапатталды. Қайта өңдеу кәсіпорындары арасынан үздік деп танылған Еңбекшіқазақ ауданының «Адал» АӨК» ЖШС 1-орынды иеленіп, 800 мың теңгелік сертификатқа қол жеткізді. Ілелік «Дәулет Бекет» ЖШС 2-орынды еншілеп, 700 мың теңгені, Жамбыл ауданының «Көк Теңіз» ЖШС 3-орыннан көрініп, 500 мың теңгені қанжығасына байлады. Заңды тұлғалар ішінен сайысқа түскендер арасында 1-орынды иеленген Балқаш ауданының «Владимир» ЖШС-не «TO 804-8» тракторының кілті табысталды. Қарасайлық «Агрофирма «Керуен» ЖШС 2-орын иегері атанып, 900 мың теңгені қоржынына салды. Ал қонаевтық «Фирма Алтай» ЖШС 3-орын иеленіп, 600 мың теңгелік сертификат алды. Шаруа қожалықтары бойынша Іле ауданы «Олжас» ШҚ еншісіне 1-орын бұйырып, «TO 804-8» тракторының кілті табыс етілді. Қарасай ауданынан «BeeQueen» ШҚ 2-орынды еншілеп, 900 мың теңгеге, Еңбекшіқазақ ауданынан «Ислам» ШҚ 3-орын иеленіп, 600 мың теңгеге қол жеткізді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастырудағы белсенділігі үшін бірқатар аудан, қала әкімдері қаржылай сыйлықпен марапатталса, бәсекелестікті арттыруда қажырлы еңбек еткен ауылдық округ әкімдеріне де Алғыс хат пен ақшалай сыйлық берілді.
    Мерекелік шара Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаз­дарының концертіне ұласып, маңдай терінен берекесін, дала төрінен мерекесін тапқан шаруалардың шаттығы еселене түсті.

    Құралбек СӘБИТОВ

    Ұсынымдар

    Ақпарат агенттігі мен желілік басылымның мәртебесі өзгермек

    Ақпарат агенттігі мен желілік басылымның мәртебесі өзгермек

    1 year ago
    Алаңсыз демалыс

    Алаңсыз демалыс

    2 years ago
    Жол сапасы қандай болуы тиіс?

    Жол сапасы қандай болуы тиіс?

    6 months ago
    Ардагерлер бас қосты

    Ардагерлер бас қосты

    4 months ago
    Көлік жолдарының жай-күйі тексеріліп жатыр

    Көлік жолдарының жай-күйі тексеріліп жатыр

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.