Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «WorldSkills Kazahstan – 2024» ұлттық чемпионатының жеңімпаздарымен жүздесті. Кездесуге үлкен додаға қатысып, жүлдегер атанып келген үздік студенттер және олардың мұғалімдері, колледж директорлары қатысты. Жүздесу «WorldSkills Kazahstan – 2024» ұлттық чемпионаты туралы бейнероликті тамашалаудан басталды.
Кездесуді ашқан облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева алғашқы сөзді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке берді. Өңір басшысы өз сөзінде орта арнаулы кәсіптік білім беру орындарының жетістіктерін атап өтіп, алда жүзеге асыру көзделіп отырған шаралар жайына тоқталды.
– «Құрметті «WorldSkills Kazahstan – 2024» ұлттық чемпионатының жүлдегерлері, ұстаздар! Колледж студенттері үшін басты сайыс болып саналатын «WorldSkills Kazahstan – 2024» ұлттық чемпионатынан орын алған жүлдегерлерімізді құттықтаймын! «World skills» – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық маңызы бар жоба. Биыл қараша айында Астана қаласында өткен ІХ республикалық чемпионатқа Алматы облысының студенттері 21 мамандық бойынша қатысып, алтын, күміс, қола және 5 ынталандыру медаліне қол жеткізді. Әлемнің 80 елі бақ сынайтын бұл жобаға өңіріміздің кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары 2015 жылдан бері қатысып келеді. Жобаның ерекшелігі – жұмысшы мамандығын дәріптеу, олардың танымдылығын және беделін көтеру.
Облысымыз ірі өндірістік аймақ болып саналатындықтан, бүгінде жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс жоғары. Біз өз тарапымыздан азаматтардың нарықтық қажеттілігін сараптай отырып, жұмысшы мамандықтарын меңгеруіне жағдай жасаудамыз. Алдағы уақытта еңбек нарығындағы сұраныстарға сәйкес «Көкөніс өсіруші», «Автомобиль жолдары мен әуе айлақтарын салу және пайдалану», «Гидротехникалық мелиорация», «Ақылды қала» жобасын іске асыру мақсатында «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» және «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар», «Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйе» мамандықтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Облысымыздың білім саласындағы жетістіктерінен саланың оң бағытта дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Ал, кәсіптік білім берудегі бүгінгі жетістік – ертеңгі күні өңірдегі өндіріс орындарына білікті мамандар келуінің кепілі.
Студенттердің сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуы – колледж оқытушыларының кәсібилігіне тікелей байланысты. Сондықтан оқу орындарының басшылары тәжірибелі оқытушыларды тарта білуі қажет. Бұл бағытта сіздермен бірлесіп, маңызды жобаларды жүзеге асырамыз», – деп сөзін түйіндеген облыс әкімі ары қарай «WorldSkills Kazahstan – 2024» ұлттық чемпионатының жеңімпаздарын, колледж директорлары мен оқытушыларды марапаттады. Студенттерге ноутбук, планшет сияқты құнды сыйлықтар табысталды. Бірақтар колледж директорлары мен оқытушылар облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын иеленді.
Салтанатты рәсімнен кейін шараға қатысушылар «WorldSkills Kazahstan – 2024» ұлттық чемпионатында жүлделі орын иеленген жеңімпаздардың оқытушыларымен бірге дайындаған шеберлік сыныбын тамашалады.
Марапатталушылар атынан Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің әлеуметтік серіктесі, облыстық мәслихаттың депутаты Серікхан Әділханов, Алматы экономикалық колледжінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Жақсыбай Қасымбек сөз сөйледі. Өзге де мінбеге көтерілген колледж басшылары мен оқытушылар кәсіптік білім берудегі маңызды мәселелерді алға тартты. Өз кезегінде облыс әкімі айтылған ұсыныстардың ескерілетінін, түйінді жайттардың бірден болмаса да біртіндеп, ретіне қарай шешілетінін жеткізді.
Бейбіт МЕКЕЕВ