Қонаев қалалық Мәдениет үйінде әкім кубогі үшін өткен «Жайдарлы JAIDARMAN» әзілкештер сайысының жеңімпаздары анықталды. Биылғы ойынның ерекшелігі – мұнда жоғары лигада өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі командалар бақ сынады. Бәсекеге Түркістан, Жамбыл облыстарынан келген ойыншылар, сондай-ақ Алматы қаласындағы үздік оқу орындары – ҚазҰУ, ҚазҰТУ және Алматы технологиялық университеттері студенттерінен құралған жайдарманшылар және еркін құрамдағы командалар да қатысты.
Қонаев қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шараны облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Мақсаты – жастар санасына адамгершілік, рухани және мәдени құндылықтарды сіңіру және олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, жас дарындарды анықтап, қолдау көрсету.
Жарысқа қатысқан барлық команда күлдіре отырып, салмақты ойларын астарлы әзілмен жеткізе білді. Шығармашыл жастардың тыңғылықты дайындықтары да бірден көрініп, көрерменді баурап алды. Сайыс нәтижесінде «Энерест» құрама командасы чемпион атанып, 500000 теңгелік сертификатты жеңіп алды. Ал 2-орынды Жамбыл ауданынан келген «Жуалы» жайдарманшылар тобы еншілеп, 300000 теңгелік сертификатқа қол жеткізді. 3-орын Түркістан облысынан келген «Созақбай» командасына бұйырды, оларға 200000 теңгелік сертификат табысталды. Сондай-ақ ерекше көзге түскен ойыншылар «Үздік әзіл», «Үздік ойыншы» номинацияларына ие болды. Жүлдегерлерді Қонаев қаласы әкімі Асхат Бердіханов марапаттады.
Жеңімпаз атанған «Энерест» командасының мүшесі Бақытжан Қаһар өзінің жылы лебізін былай жеткізді: «Қонаев қаласы әкімінің кубогына екінші рет қатысып тұрмыз. Бұл жолғы «Жайдарман» жоғары деңгейде өтті. Сайыста елге танылып үлгерген, республикалық ойындарда талай сыннан өткен командалар өнер көрсетті. Көрермендер де жылы қабылдап, барынша қолдау білдірді. Дайындық барысында Қонаев қаласы туралы ақпараттарды зерттеп, саралап, үлкен сеніммен келдік. Қандай әзіл айтсақ та, көрерменге ой салуға, астарлы мәнін жеткізуге тырыстық».
«Созақбай» командасының намысын қорғаған Нұрхан Жақсылық: «Әр ойынға үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Екі апта бойы бар назарымызды осы жарысқа аударып, қызу дайындалдық. «Жайдарман» біз үшін достық мекені. Өзге ойыншылармен бұған дейін де бірге өнер көрсетіп жүрдік. Сахнада қарсылас болғанымызбен, шынайы өмірде бауырдай болып кеткенбіз. Тағы бір айта кетерлік жайт – Қонаев көрермендері әр келген сайын жайдары көңіл-күймен қарсы алады. Осы ойында да сол жылулықты сезіндік», – деп өз әсерімен бөлісті.
Осылайша, Қонаев қаласының тұрғындары «Жайдарлы JAIDARMAN»-ның қызығына батып, көңілдерін көтеріп қайтты.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы