-13 °c
Qonaev
Thursday, June 5, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Шебердің қолы ортақ

    26.12.2024
    in Барлық жаңалықтар, Кәсіпкерлік
    Шебердің қолы ортақ
    0
    SHARES
    12
    VIEWS

          Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, тиімді қаржылық несие алу арқылы тіршілігін түзетіп, қолынан келетін кәсібімен айналысып, нәсібін тауып жүрген жандар жетерлік. Соның айқын бір көрінісі болған кейіпкеріміз – Шелек ауылының тұрғыны Тұрсынхан Төкен.

    «Ерінбеген етікші болады» деп бекер айтпаса керек. Бұрын аяқ киім жамаумен айналысатын Тұрсынхан Қытайдан елім деп Қазақстанға көшіп келген соң, қол қусырып қарап отырмады. Қап түбінде жатқан болат бізін алып, жергілікті тұрғындардың ескірген, жыртылған аяқ киімдерін жамаумен айналысты. Осылайша қолдан келетін кәсібімен амалдап күн көріп жүргенде, «Ауыл аманаты» деген бағдарламамен шағын кәсіппен айналысушыларға қаржылай көмек көрсетіледі екен» деген жақсы жаңа­лықты естіп, сол жобаға қатысуға бел буды.
    Етікші болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Аяқ киім жасап шығару шеберлікті, шыдамдылықты, ептілікті, тиянақтылықты талап етеді. Құдай қосқан қосағы Сатыпалдының да ісмерлігі бар. Киюге жарамсыз, жыртылған кебістерді жамап, жарамды еткеннен жаңасын жасап шығару қиын емес. Нартәуекел! «Әр нәрсеге асық болсаң да, бір нәрсеге машық бол!» демекші, әу бастан өзі аяқ киімдерді жамап, табандарын ауыстырып салып, қайта киюге жаратып жүрген үйреншікті кәсібін терең меңгеруге машықтана берейін деген тоқтамға келді. Сөйтіп жеке кәсіп ашып, «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, аяқ киім өндірісін дамытуға мүмкіндік алды. Енді, міне, өзі машықтанып жүрген кәсіптің жаңа белесіне қадам басты. Үйінің бір бөлмесінен көше жақтан есік шығарып, шағын цехын ашып алды. Еңбегі өрге басып, өнерінің өрісін кеңейтті. Осылайша кәсібін жандандыруға алған 3 млн теңге көлеміндегі несиесін тиімді пайдаланып, өзіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Атап айтқанда, өкшені тегістейтін, теріні қыратын, желімделген табанды басатын станоктар мен тігетін маши­наға қол жеткізді. Жантақтан ине, жаңғақтан түйме жасамаса да, етік, кебіс жамайтын ептілігінің арқасында аяқ киімдердің түр-түрін дайындайтын тәсілдерді де тез меңгеріп алды. Ерлер мен әйелдер, балаларға арналған көктем, жаз, күзде, қыста киетін аяқ киімдерді зауыттан шыққандай етіп, өзіндік стилімен жасап, сөрелеріне тізіп қойыпты.
    Тұрсынхан ханымды әңгімеге тартып, жай-жапсарды сұрағанда:
    – Жұмыстың оңайы жоқ қой. Әсіресе етікшілік көз майыңды тауысып, мұқияттылықпен еңбектенуді талап етеді. Аяқ киімді кигенде әдемі болып көрінуіне баса көңіл бөлеміз. Біз аяқ киім жасаумен ғана емес, киюге жарамсыз ескі кебістерді жамаумен де айналысамыз. Біз деп тұрғаным – жұбайым Сатыпалды Манап та бір жағыма шығып, қолғабыс етуде, ал көмекші етіп Ералы Қайсар деген жас жігітті етікшілік кәсіпке баулудамын, – деп жауап берді.
    Осы кезде шеберханаға бір жас жігіт келіп: «Тұрсынхан әпке, етіктің ішінен киетін мәсіңізден біреуін алайын деп едім. Бұрынғы мәсіні де сізден алған едім. Бірнеше жылға жарады. Сапалы екен», – деп мақтап жатыр. Оның аяғына шақ мәсіні тауып беріп жатқанда, тағы бір адам жыртылған аяқ киімдерін жаматуға алып келді. «Шебердің қолы ортақ» деген осы емес пе?! Еңбек ептілікті сүйеді.
    Сөредегі неше түрлі аяқ киімдерге қызыға қарап: «Мал терісін өңдеумен айналысасыздар ма?» – деп сұрадық. «Былғары, қайыс, ұлтан, жіп, киіз, таспа, тарамыс сияқты шикізатты сырттан аламыз. Тері өңдеудің өз технологиясы бар. Тері өңдеу үшін оны жібітетін, қырып, тазалайтын, жүнін жуып, тазалайтын құрылғылары болады. Ол өз алдына жеке кәсіп», – деп түсіндірді. Етікке тапсырыс беретіндер де баршылық екен. «Жексенбі күндері мал базарына апарып, сатамыз. Өз өңірімізден басқа Алматы қаласы, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарынан тапсырыс беретін адамдар бар», – деді Тұрсынхан ханым.
    Етік тіккеннен басқа, арасында жөндеуге алып келген аяқ киімдерге табан жамап, жыртығын тігіп, қаншама адамның алғысына бөленуде. Адал еңбектің арқасында ел құрметіне бөленіп жүрген Тұрсынхан Төкеннің ісіне біз де береке тіледік.

    Анарбек БЕРДІБАЕВ
    Еңбекшіқазақ ауданы

    Ұсынымдар

    Жаңа қадам

    Жаңа қадам

    1 year ago
    Терроризмге қарсы оқу-жаттығу аяқталды

    Терроризмге қарсы оқу-жаттығу аяқталды

    7 months ago
    Мықты қазақ

    Шынайы сөздің шынары

    12 months ago
    Алтайдың арғы жағы, бергі жағы

    Алтайдың арғы жағы, бергі жағы

    2 years ago
    Чемпион өз таңдауын жасады

    Чемпион өз таңдауын жасады

    8 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.