Бір кездері байланыс саласындағы кәсібін қатардағы жұмыскерден бастап, сол мекеменің басшылық қызметіне дейін көтерілген, бүгінде бір ауылдың ақылы дария қариясы атанып, бейнетінің зейнетін көріп отырған Тоқан аға осыдан тура 38 жыл бұрын, яғни 1986 жылы дүниені дүр сілкінткен Желтоқсан көтерілісінің нағыз куәгері. Ол кезде Тоқан Достарбеков сол тұстағы Мир-Сәтбаев көшелерінің қиылысында орын тепкен Байланыс техникумында кезекті емтихан сынақтарын тапсырып жүрген болатын.
– 16 желтоқсан күні түстен кейінгі сабақта отыр едік. Сағат 5-тер шамасында курстың кураторы Дурабовский деген азамат бөлмеге алқын-жұлқын кіріп келді. Өңі өрт сөндіргендей. Асыға-аптыға тұрып, осыдан 25 минут бұрын Қазақстан КП Орталық комитетінің кезектен тыс Пленумы өткізілгенін, Д. Қонаев жолдастың республика басшысы қызметінен босағанын хабарлады. Ал Қазақстанға басшы болып Ресейдің Ульянов облысының бірінші хатшысы Г. Колбин деген белгісіз біреу тағайындалғанын жеткізді, – дейді Тоқаң сол бір қас-қағым сәтті тебірене есіне алып. Осы оқиғадан кейін-ақ, жаңағы азамат ізім-қайым жоқ болыпты. Техникумның бұлар оқитын 4-қабатынан алаңдағы оқиға алақандағыдай көрініп тұр. Қалай құлақтанып үлгергені белгісіз, айналасы бір сағаттың ішінде өрімдей қыз-жігіттер алаңды басып қалыпты. Оларға қарсы жақтағы биік мінбеде «Қызыл үйдің» сойылын соққан осындағы билік өкілдері, милициялар, мұздай қаруланған әскерилер мен арнайы жасақ бөлімдері қасқайып тұр. Көз алдарында өтіп жатқан оқиға еліктіріп, бұлар да алаңға жеткен. Ұрандап алға ұмтылмаса да «көппен көрген ұлы тойдың» ішіне араласып кеткен Тоқанға айрықша әсер еткені – жастардың қол ұстасып тұрып, талап-тілектерін билікке ашып айтуға тас-түйін бекінген қайсарлығы мен ар-намысы еді.
Сол бір қанқұйлы оқиғаның басы-қасында болмасақ та, ақпарат құралдары арқылы тараған әрқилы тақырыптағы хабарлар, сенбесіңе қоймаған билік тарапынан жасалған іс-әрекеттер біздің де есімізде. Мәселен, Майра Сәбитова деген әйелді газеттер шектен шыққан бұзақы ретінде насихаттады. Имандай сендік. Ал, Тоқан аға бұған қатысты оқиғаны былайша сабақтады: «Бір келіншекті полковник шеніндегі қазақ милиционер қолынан тас қып ұстап, машиналарына қарай сүйреледі. Сонда әлгі келіншек шені биік тәртіп сақшысына «жағымпазсың, сатқынсың, қазақ бола тұра ұлттық намыс жоқ сенде» деп, шапалақпен тартып жіберді. Полковниктің жанындағы әріптестері әйелдің қол-аяғын байлап, алып кетті. Артынан әлгі әйелдің Майра Сәбитова деген кісі екенін білдік». Осы толқу барысында ерекше қайсарлық танытқан Қайрат Рысқұлбековтың жастарға қолдарындағы таяқтарын тастамай, өздерін қорғайтын қару ретінде қолдануға шақырған айқайы да ағаның кұлағында күні кешегідей жаңғырып тұр. Жастарды аямауға бекініп, қолдарындағы күрзілерін оңды-солды сермеп, қанға бөктіріп жатқан милицияларды, адамға деген түйірдей де мейірімі жоқ арнайы жасақтарды бұрын тек кинодан көріп, жаны түршігетін. Енді міне, сол кинодағы сурет жанды-қанды оқиғаға айналып алдынан шыға келді. Шындық үшін шырқыраған жастардың жан дауысы құлағында. Сол алаулаған жастар ұзаса 20-дан сәл ғана асқандар шығар! Бірақ өрлік пен ерлікке толы қайсар рухтарына ештеңені теңестіруге болмайтыны анық еді. Өрт сөндіргіш машиналардан өздеріне қарай атқылаған ыстық су 20-30 градус суық алаңда дем арасында мұз болып сіресті. Сол мұз үстінде жалындата алау жаққан жастар бір-бірінен қарыс қадам алыстамай «Менің Қазақстаным» әнін ұлтының ұраны етіп, асқақтата шырқап тұрды. Қан-жоса болған өрімдей қызды шашынан сүйреп әкетіп бара жатқан жасақтарға еңгезердей жігіттер екпіндей жетіп, бәрін жан-жаққа лақтырып, допша домалатты. Сөйтіп, қаны бір қаракөз қарындастарын ажал апанынан арашалап алды. Кімдер қай кезде жасап үлгергені белгісіз, 17 желтоқсан күні алаңда сахна пайда болыпты. Сол сахнаға көтерілген өнер адамдары жастарға қарата сөз сөйледі. Бірақ олардың сөзін елеп жатқан ешкім жоқ еді.
– Жастарға «нашақор, ішкіш, ұлтараздықты қоздырушы» деген жала жабылды. Тіпті, «алаңдағы өртті сөндіретін, қару-жарақ артылған әскери машиналарды аударып, өртеп жіберді» деген айып тағылды. Бірақ мен мұндай жала мен айыптауларды қолдамаймын. Өйткені, өзім ортасында болғандықтан олардың мастығын да, машинаны төңкеріп, дүкендерді өртегенін де көрген емеспін. Отан-Анасының еркіндігін аңсаған, оны аялауға, әділетсіздіктің тырнағынан арашалауға ұмтылған адамның ондай сорақылыққа баруы мүмкін емес. Демек, бәрі де биліктің құйтырқы саясатының нәтижесі. Ал пәлесі жалындаған жастардың еншісіне бұйырды. Мұны халық бүгін айқын сезініп отыр, – деді ағамыз ашына ағынан жарылып.
Уақыт – әділ таразы. Бәрін де салмақтап, елеп-екшеді. Ненің дұрыс, бұрыс екенін айқындап берді. Шырылдаған шындықты шыңыраудан суырып алып, шың басына шығарды. Ызғары тоңдырған Желтоқсан көтерілісі әділеттің ақ туы болып желбіреп, тарих парағынан ойып орын алды. Биліктің қамқорлығына малынып, жіліктің майлы басын ұстап қана жүрген мансаптылар мен шені бар шекпен кигендердің қолынан келмеген ерлік пен қайсарлықты жастар көрсетті. Бүгінгі Тәуелсіздік – сол жастардың ерлік рухы. Жылжып жыл, ұрланып уақыт өтеді. Жалғандық жасырынып, шындық шырайланады. Осы бір тарихи оқиғаның куәсі болып, басы-қасынан табылған Тоқан аға оны Тәңірдің өзіне тартқан айрықша сыйындай сезінеді. Солай десек те, бір нәрсені айтпай кетуге болмайды. Ол – сол тұстағы саяси қуғын-сүргін. Ұлттық рухты ұран етіп көтерген небір атан жілік, апай төс, аптал азаматтар мен күн дидарлы ару қыздарға «ұлтшыл», «қаскөй», «қаныпезер» деген қара күйе жағылып, көресіні көрді-ау! Отанын, елін, жерін сүйгені үшін қылмыскер атанды. Қызметінен қуылды. Оқудан, жұмыстан шығарылды. Түрмеге тоғытылды. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаевтар опат болды. Жазықсыз жапа шеккендердің арасында қасиетті Тәңіртауының Тоқан Достарбеков сынды түлегі де бар еді.
Айтулы оқиғадан жарты жыл өткенде, 1 мамыр мерекелік шеруін ұжымымен бірге қарсы алып тұрған Тоқаңды аяқ астынан сап ете қалған 5-6 адам қоршап, өздерімен бірге жүруін талап етеді. Сөйтсе, әлгілер «үш әріптер» екен. Мұны кеңселеріне апарып, 6-7 сағат сұраққа алады. Сол сұрапыл шақта алаңға жасырын қойылған бейнекамераға бұл да түсіп қалыпты. Мойындамасқа амалы жоқ. Түсінік берді. Іс мұнымен бітсе, жөн ғой. Артынша-ақ жұмыстан шығарылды. Алайда бұл дүние жаптым жала, жақтым күйеден ғана тұрмайды. Әділдік деген қасиетті ұғым қанша бүркемелегенмен әділетсіздіктің шеңгелін бәрібір бұзып шығады. Жүрегі мейірімге толы, кеудесіне иман ұялатқан жандар да бар. Облыстық байланыс торабының сол тұстағы бастығы Жексенбай Мейрамбаев сұрқай саясаттың сойқанынан қорқып, үрікпей-ақ, жұмысқа қайта орналасуына қолұшын беріп, қамқорлық жасады. Бұл үшін ол кісіге айтар алғысы шексіз. Кейін аудандық «Телекоммуникация» торабының бастығы Сүлеймен Қожахметовпен қоян-қолтық араласып, қызмет атқарды. Марқұм, ақпейіл азамат еді. Өз мамандығын жақсы білетін, жауапкершілікті жете сезінетін, ұйымдастырушылық қабілеті де іскерлігімен шыңдалған Тоқанға зор сенім артып, Нарынқол бөлімшесіне басшылыққа тағайындады. Тоқан аға осы аймаққа тиесілі 3870 телефон нүктесіне 96 интернет жүйесін ақаусыз іске қосып, заманауи техникамен аймақтың барынша қамтылуына тер төкті. Ұжымды абыроймен басқарып, жұртшылықтың алғысына бөленді. Жасы келіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Байланыс саласындағы ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланып, Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды. Қазірде Нарынқолдай іргелі ауылдың ақыл-парасаты толысқан ақсақалы саналады. Асыл жары Нұргүл жеңгей екеуі жұптары жазылмай, балаларының, балаларынан сүйген немерелерінің қызығына кенеліп, бай-қуатты шаңырақтың шаттығына бөленіп отырған жайы бар.
Бүгінгі таңда Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызын аша түсу үшін әлі де жұмыстар жүргізіліп жатқаны анық. Осы мақсатта «Патриоттық қозғалыс. Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылып, іргелі істерге ұйытқы болып отырғанын айтуға тиіспіз. Тоқан Достарбеков те осы қоғамның белсенді мүшесі. Қолында «Желтоқсан оқиғасының қаһарманы» деген куәлігі де бар. 2011 жылы «Желтоқсан Ұлт-азаттық көтерілісінің 25 жылдығына» орай шығарылған медальмен марапатталды. Тәуелсіздіктің айтулы кезеңдеріне қатысты медальдар да кеудесінде жарқырап, абыройын асқақтатады, мерейін тасытады. Айтпақшы, өткен жылы Райымбек ауданы бойынша «Патриоттық қозғалыс. Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық бөлімшесі құрылып, арнайы отырысы өткізілген болатын. Осы басқосуда «Патриоттық қозғалыс. Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б. Құрымбаевтың бұйрығымен Тоқан Достарбеков ауданымызда құрылған аталмыш қоғамдық ұйымның төрағалығына тағайындалды. Асыл ағаның тәуелсіз елінің жарқын болашағы жолында бұдан кейін де тер төгіп, халқына қызмет ете беруіне тілектеспіз.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы