Қонаев қаласында инвестициялық жобалар, жылу және электр желілерін жөндеу жұмыстары, тұрғын үй кешендері мен амбулатория, өндіріс орындарының құрылысы бойынша баспасөз туры өтті.
Ең алдымен БАҚ өкілдері Шеңгелді ауылындағы күрделі жөндеуден өткен амбулаторияға табан тіреді. Мұндағы күрделі жөндеу жұмысы өткен жылдың сәуір айында басталып, инженерлік желілері, шатыры, қазандығы, есік-терезесі түгелдей ауыстырылып, амбулаторияның ауласы абаттандырылған. Аталған нысан бір ауысымда 100 адамды қабылдай алады, күндізгі ем алу бөлімі 10 адамға арналған. Мұнда жалпы тәжірибелік дәрігерлер, педиатр, балалар тіс дәрігері, мейірбикелер қызмет етеді. Барлығы – 18 маман, кадр тапшылығы жоқ. Амбулатория Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасына қарайды.
– Күрделі жөндеуге дейін амбулаторияның тек бір бөлігі жұмыс істеп тұрды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Шеңгелді ауылына келгенде мұндағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлуді тапсырған болатын. Соның нәтижесінде су жаңа амбулаторияға қол жеткіздік. Тұрғындар да бұған дән риза, – деді Қонаев көпсалалы ауруханасының директоры Айман Рақышева.
Пресс-тур бұдан әрі «Оспанова Девелопмент» компаниясында жалғасты. Бұл – форель мен баррамунди өсіруге маманданған заманауи балық өнеркәсібі. Кешеннің құрылысы 2021 жылы басталып, бүгінде оның бірінші кезеңі аяқталған. Компания жобасының жалпы құны – 67,3 млрд теңге. 2023 жылдың қазан айында 25000 дана форель мен баррамунди шабақтарын сынақ ретінде алғашқы суға жіберу сәтті өткен. Кешенге технологиялық, әкімшілік-тұрмыстық және инженерлік-техникалық блоктар кіреді. Әкелінетін балықты орналастыруға арналған бассейндер, сүзгі қондырғылары, инкубациялық резервуарлар, тірі жем өсіру цехтары, соның ішінде артемия мен коловраттар бар.
– Өнеркәсіп 2023 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Мұнда 120-ға жуық қызметкер бар. Жылына 10 000 тоннаға дейін балық өндіру жоспарланған. Қазір кешеннің бір ғимаратының құрылысы толық аяқталып, жұмыс істеп тұр. Егер субсидия алсақ, ғимараттың санын 10-ға жеткізу көзделген, – деді «Оспанова Девелопмент» ЖШС шаруашылық бөлімінің директоры Александр Попов.
Журналистер танысқан келесі нысан – «ASP Arena» бұқаралық мәдени іс-шараларды өткізуге арналған туристік, спорттық ойын-сауық кешені. Бұл – Қапшағай су қоймасының оңтүстік-батыс жағалауында «Laguna Properties» ЖШС іске асыратын инвестициялық жоба. Аумағы – 64 га. Инвестиция қаражаты – 8,1 млрд теңге. Жоба бойынша аумақта қонақүй кешені, 500 орынды мейрамхана, 1000 шатырға арналған кемпинг алаңы, 3600 орынды трибуна және аумағы 15,4 мың шаршы метр іс-шараларды өткізуге арналған арена, пилоттық академия, бассейн қарастырылған. Сондай-ақ 2000 орынды тұрақ бар. Нысан кәсіби ұшқыштарды аттестаттау, спорттық автомобильдерді және квадроциклдерді жалға алу, картинг, көрме павильоны, автосимуляторларда пилоттауды оқыту сынды қызметтер көрсетеді.
– «ASP Arena» – барлық отбасы мүшелеріне ыңғайлы демалыс орны. Өткен жылы мұнда 8000-нан астам мейман болды. Биыл 12000-нан астам адам келеді деп күтілуде. Бірақ біз үшін сан емес, жұмыс сапасы, қонақтардың қауіпсіздігі басты назарда. Наурыз айында дрифт-шоудың үшінші кезеңі өткізілмек. Бұл Орта Азиядағы ең үлкен мұз айдынында өтетін болады. Өткен жылы дрифт-шоуға 10 мемлекеттен келген қатысушылар бақ сынаса, биыл олардың саны 15-ке жетуі мүмкін. Қазір мұнда 70-ке жуық адам қызмет етеді. Алдағы уақытта да жұмысшыларды қабылдайтын боламыз, – деді «ASP Holding» басшысы Олег Воронков.
Қонаев қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайрат Омаров облыс орталығындағы инвестициялық жобалар жайын сөз етті.
– 2024 жылы Қонаев қаласы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 103,1 млрд теңгені құрады. Ал 2025 жылға жоспарланған инвестиция көлемі – 143 млрд теңге. Бұл 42 жоба есебінен іске асырылатын болады. Қазіргі таңда 4 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізілуде. Олар – «Шафран» мейрамханасы, «Оспанова Девелопмент» балық өнеркәсібі кешені, «ASP Arena» және «Run Planet» жеміс өңдеу кәсіпорындары. Бұдан бөлек тағы 10 жобаның жобалау-сметалық құжаты әзірленуде. Сонымен қатар қала кәсіпорындарындағы өндірістік техникалар мен жабдықтар жаңарып, жаңғыртылатын болады. Осы бағыттағы маңызды нысандардың бірі, жүгері таяқшаларын өндіретін – «АЯМ» ЖШС. Кәсіпорын өз өндірісін кеңейтіп, қазіргі таңда нан өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы құны шамамен 400 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС-да 9 млрд теңге көлемінде кешенді модернизациялау жұмысы жүргізілуде. Жоба аясында элеваторды толық жөндеу, астық тиеу жүйесін салу, өндірістік алаңдағы инженерлік желілерді қайта құру, диірмен және май сығу цехын жаңғырту, құрама жем зауыты мен қосымша қоймалар, полипропилен қаптар шығаратын цех салу қарастырылған, – деді ол.
Қонаев қаласын абаттандыруға, қолайлы етуге арналған бірегей жоба – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы. БАҚ өкілдері осы жоба аясында жүргізілген жұмыстармен де танысты. Былтыр осы бағдарлама аясында 10 жоба жүзеге асқан. Оның қатарында «Гүлдер» балабақшасының, Ш. Уәлиханов атындағы №2 мектеп-гимназиясының, «Салтанат» сауда үйінің жанындағы аллеяларды абаттандыру, «Восточный», «Ивушка», «Арна» шағынаудандарына балалар алаңын орнату, №7 саяжайға көше жарығын тарту секілді жобалар болды. Биыл да бұл бағдарлама жалғасын тауып, 20 жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Оған бюджеттен 613 млн теңге қарастырылған. Қазіргі таңда тұрғындардың өтінімдері қабылдануда.
Бұдан әрі жөндеуден өткен жылу және электр желілерінің жұмысы көрсетілді. Былтыр №2, 4 және 5-ықшамаудандардағы жылу жүйелері түгел ауыстырылған. Жалпы ұзындығы – 3,077 шақырым. Облыс орталығы мәртебесін алған сәттен бастап Қонаевта құрылыс айтарлықтай жанданды, сәйкесінше, жылу энергиясын тұтынушылар саны да өсті. Осыған байланысты және нысанның қуатын арттыру мақсатында «Жылу орталығы» ШЖҚ МКК ТҮКШ бөліміне 4 бу қазандығын ауыстыруға өтінім берілген. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тендер өткізіліп, қазандықтар сатып алынған. Қазандықтар 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы басталғанға дейін орнатылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен №19, 20, «Спутник», «Арна» және «Рауан» шағынаудандарына газ жүргізіледі. Бұл ретте жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұдан басқа ауылдарды, саяжайларды және жаңа шағынаудандарды газдандыру бойынша құжаттар әзірленуде.
Электр желілері бойынша соңғы бір жыл ішінде қаладағы негізгі көшелердің бойына 1020 «ақылды шам» орнатылған. Бұл шамдар автоматты түрде өздігінен қосылып, сөнеді. Сондай-ақ энергияны үнемдейді. Алдағы уақытта осындай шамдардың 3500-і орнатылады деп жоспарланған. Былтыр тротуарлар бойындағы 284 дана, жаяу жүргіншілер көпіріндегі 47 дана сәндік шам жаңартылған. Ал тозығы жеткен желілерді жаңғырту мақсатында №18,19,20, «Спутник», «Рауан» ықшамаудандарындағы трансформаторлар ағымдағы жөндеуден өткен. Сондай-ақ №8, 10-шағынаудандарына электр желілері орнатылып, кейбіріне жөндеу жұмысы жүргізілген.
– Соңғы уақытта №8, 10-шағынаудандарда тұрғындар саны артып келеді. Соның салдарынан электр энергиясының өшіп қалуы жиіледі. Өткен жылдың қараша айында Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановқа осы мәселелерді айтып, көмек сұрадық. Қала әкімі бұл олқылықтың орнын толтыру үшін арнайы тапсырмалар беріп, мәселе шешімін тапты. Бір айдың ішінде 4 трансформатор жөндеуден өтіп, қосымша 3 трансформатор іске қосылды. 8000 метр электр сымдары жаңартылды. Жасалған жұмыстар үшін қала әкімдігіне алғыс айтамыз, – деді №8 шағынаудан тұрғыны Светлана Бородихина.
Бұдан бөлек, «Алтын алма» саяжайында 3 трансформатор, 510 жарық бағанасы қойылып, 47 шақырым желі тартылған. №7 саяжайдың 21 көшесі электр энергиясымен қамтылып, РУ-04 құрылғысының желілері ауыстырылған. Сонымен қатар 100 көше жарығы бағанасы, 98 шам қойылып, 2500 метр жаңа желі тартылған. Былтыр Энергетическая, Набережная көшелері мен №1, 2, 3, 4, 5-шағынаудандарға, қалалық жағажайға 68 көше жарығы бағанасы орнатылып, Мира, Октябрьская, Соболева, Қазыбек би, Гүлдер, Ақжол, МО-25 көшелеріне 70 шам орнатылған. Қазіргі таңда «Рауан» шағынауданында электр желілерін реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс жұмысы 2025-2026 жылдар аралығына жоспарланған. Сонымен қатар биыл «Спутник» шағынауданындағы көше жарығы жоқ жерлерге бағаналар орнату көзделуде.
Пресс-тур бұдан әрі №10 шағынаудандағы «Алинур Транс құрылыс» ЖШС-ның «NNS City» атты тұрғын үй кешенінде жалғасты. Мұндағы тұрғын үйлердің жалпы аумағы 53,277 шаршы метрді құрайды. Барлығы – 615 пәтер. Құрылысы биылғы жылдың тамыз айында аяқталады деп күтілуде.
– Былтыр Қонаев қаласында 62 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Оның 18 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй болса, қалғаны жеке инвестор қаржысына салынған үйлер. Қазіргі таңда 6 жеке құрылыс компаниясы 121 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй кешенін салуда. Сондай-ақ былтырдан бері 165 әлеуметтік осал топтан шыққан отбасы баспаналы болды. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш тағы да өседі деп жоспарлануда. Ал №10 шағынауданда мемлекеттік бюджетке салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы жуық арада аяқталады. Пәтерлер «Отбасы банк» арқылы ипотекаға беріледі. Алдағы уақытта 60 пәтерлі 9 тұрғын үй мен 50 пәтерлі бір тұрғын үй бюджет қаражатына салынады деп жоспарланған, – деді Қонаев қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самал Тасқалиева.
БАҚ өкілдеріне таныстырылған соңғы нысан – «Фридом финанс» компаниясының қаражатына салынған жаңа жағажай. Ол былтыр абаттандырылып, қолданысқа берілген №5 жағажайдың маңында орналасқан. Аумағы бір шақырымға созылған жағажайда шағын сәулеттік нысандар, орындықтар, шатырлар, футкорттар, заманауи конструкциялар, бизнес орындары, санитарлық аймақтар орналасқан. Жаңа жағажай осы жылғы шомылу маусымында қолданысқа берілмек.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы