Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қонаев қаласындағы «Alatau HUB» орталығында мемлекеттік жастар саясаты мектебінің қатысушыларымен жүздесіп, ашық пікір алмасты.
Аймақта жастар ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік жастар саясаты мектебінің үшінші легі өз жұмысын бастаған болатын. Оған еліміздің әр түкпірінен келген жастар қатысуда. Мәлік Нұржанұлы ең алдымен қатысушыларға ақжолтай тілегін арнап, өңірлер арасындағы өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.
– Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Алматы облысы бүгінде іргесі берік, әлеуеті жоғары аймақтың біріне айналды. Қазақстанның әр өңірі – бәріміз үшін қымбат. Елдің дамуы әрқайсымыздың еңбегімізге байланысты. Президенттің кеңесшісі ретінде еліміздің әр өңірін аралап, жетпістен астам ауданда болдым. Сондықтан сіздердің де ел аралап, түрлі өңірлердің тәжірибесін зерделеулеріңіз кәсіби біліктіліктеріңізді арттырып, дүниетанымдарыңызды кеңейтеді, – деді ол.
Кездесу барысында Мәлік Нұржанұлы қазіргі әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға тоқталып, халықаралық қатынастардағы өзгерістердің мемлекеттердің ішкі тұрақтылығы мен экономикалық қуатына тікелей әсер етіп отырғанын да тілге тиек етті.
– Қазіргі таңда әлем өте күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Әлеуметтік желілер мен халықаралық ақпарат кеңістігінен байқап отырғанымыздай, көптеген мемлекетте тұрақсыздық күшейіп келеді. Халықаралық құқықтың бұрынғы салмағы әлсіреп, енді экономикалық тұрғыдан қуатты, саяси жағынан тұрақты мемлекеттердің сөзі өтетін кезеңге келдік. Осындай жағдайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сыртқы және ішкі саясаттың тепе-теңдігін сақтай отырып, Қазақстанды дамыған елдердің қатарына қосуды мақсат етіп келеді, – деді ол.
Мәлік Нұржанұлы жастарға Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» бастамасының стратегиялық маңызы жайлы да тарқатып айтып, бұл заман көшінен қалмаудың, жаңа технологияларды игерудің нақты жолы екенін жеткізді. Ол өз сөзінде:
– Жуырда Президентіміз Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында Қазақстанның Орталық Азиядағы жасанды интеллект хабына айналуға толық мүмкіндігі бар екенін айтты. Бұл – еліміздің болашағына арналған нақты бағдар. Сондықтан жастар өмірге кең көзқараспен қарап, үздіксіз ізденіп, жаңа білімді игеруге ұмтылуы қажет, – деді. Сонымен қатар ол жастарға бірнеше тіл білудің артықшылығын айтып, мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтардың, салт-дәстүрдің мәртебесі әрдайым бірінші орында тұруы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Президент кеңесшісінің жұмыс сапарының келесі бөлігі Қонаев қалалық кітапханасының 55 жылдық мерейтойына арналды. Жарты ғасырдан астам тарихы бар қара шаңырақтың салтанатты мерекесіне Мәлік Нұржанұлымен бірге облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, ақын-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан, зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар, мәдениет саласының ардагерлері мен оқырмандар қатысты.
Кітапхана – өткеннің өнегесін бүгінмен жалғап, болашаққа жол сілтейтін руханият ордасы. Сан ұрпақтың білім алып, дүниетанымы қалыптасқан қасиетті мекен бүгінгі күні де өңірдің мәдени өміріндегі маңызды орталықтардың бірі саналады. Салтанатты шараның шымылдығын ашқан Мәлік Нұржанұлы жиналған қауымды кітапхана мерейтойымен құттықтап, Мемлекет басшысының интеллектуалды ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларына тоқталды.
– Баршаңызды Қонаев қалалық кітапханасының 55 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдымызға Қазақстанның озық ойлы, интеллектуалды ұлтқа айналуы жөнінде үлкен міндет қойып отыр. Ал ондай қоғам құрудың басты жолы – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, – деп Президенттің Ұлттық құрылтайларда кітап оқуды кеңінен насихаттап келе жатқанын жеткізіп, кітапханаларды заман талабына сай жаңғырту жұмысының мемлекет назарынан тыс қалмағанын айтты.
– Бүгінде мемлекет кітапханаларды жаңғыртуға айрықша көңіл бөліп келеді. Алматы облысында, оның ішінде Қонаев қалалық кітапханасында жүргізілген жаңғырту жұмысы басқа өңірлерге үлгі боларлық деңгейде жүзеге асырылды. Бұл – ең алдымен, кітапханашылардың қажырлы еңбегінің жемісі. Сіздердің кітапты сақтап, оны оқырманға жеткізу жолындағы еңбектеріңіз біз үшін аса құнды, – деген ол ел руханиятының дамуына сүбелі үлес қосқан әдебиет, мәдениет және өнер саласының бірқатар өкіліне Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамоталарын табыстап, төсбелгілер тақты.
Келесі болып мінберге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хатын оқып берді. Онда кітапхананың жарты ғасырдан астам уақыт ішінде рухани құндылықтарды дәріптеп, білім мен мәдениеттің алтын ордасына айналғаны, талай ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, ұлттық мұраны насихаттауға зор үлес қосқаны айрықша атап өтілді. Ғани Айдарұлы облыста кітапханаларды жаңғырту жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынын, жаңарған кітапханалар жастардың, орта және аға буынның кітапқа деген қызығушылығын арттыра түсетінін тілге тиек етті. Сонымен бірге ол Президент кеңесшісінің мерейтойға арнайы қатысуы мемлекет тарапынан кітапхана ісіне көрсетілген ерекше құрметтің белгісі екенін алға тартты. Сондай-ақ Қонаев қалалық кітапханасының директоры Айгүл Бегімбайқызы мен бөлім меңгерушісі Даража Жолымбетоваға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Алғыс хатын табыс етті.
Шараға арнайы келген Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әлидің құттықтауын жеткізді. Хат мәтінінде Қонаев қалалық кітапханасының 55 жыл ішінде өңірдің мәдени-рухани өмірінде өзіндік орны бар орталыққа айналғаны, шығармашылық кездесулердің, ғылыми-ағартушылық жобалардың және қоғамдық пікір алмасудың маңызды алаңы болғаны атап өтілген. Сондай-ақ Ғазиза Құдайбергенқызы кітапхана саласының бірқатар қызметкеріне ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрінің Алғыс хатын табыс етті.
Мерейтой барысында Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов кітапхана ұжымының кәсіби еңбегіне жоғары баға беріп, сала үздіктерін марапаттады. Ал Қонаев гарнизоны әскери прокурорының орынбасары, «ASAU» жобасының авторы Қуаныш Зұлқашев әскери қызметтегі кітап оқудың маңызы жөнінде әңгімелеп, жобаға қатысқан үздік сарбаздардың жетістіктеріне тоқталды. Ақын, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан кітаптың адам тәрбиесіндегі орны мен кітапхананың қоғамдағы қасиетті миссиясы туралы тағылымды ой қозғады. Салтанатты шара Қонаев қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының және «Қонаев әуендері» ансамблінің концерттік бағдарламасына ұласып, әуезді ән мен күмбірлеген күй мерейтой көркін қыздыра түсті.
Құралбек СӘБИТОВ


