Адам өмірден өткен соң артында не қалады? Біреудің жиған дүниесі, біреудің салған үйі, енді біреудің елге жасаған жақсылығы қалады. Ал өнер адамының артында халықтың жүрегіне жеткен әні, ел жадында жатталған үні, ұрпаққа үлгі болар өнегелі өмірі қалады. Қарадаланың топырағынан түлеп ұшып, қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Жақсылық Мырқаев та осындай өнер иесі еді.

Өкінішке қарай, тағдыр оған елу жыл ғана ғұмыр беріпті. Шонжыдағы аудандық Мәдениет үйінде Жақсылық Мырқаевтың жетпіс жылдығына арналған «Өнегелі өмір – өшпес есім» атты еске алу шарасы өтті. Кешке өнер иесінің көзін көрген замандастары, туған-туыстары, шәкірттері жиналды.
Жақсылық Мырқаевтың өнерге деген құштарлығы бала күнінен басталған. Кетпен ауылында өскен Жақсылықтың әнге ынтықтығы сонша, көшедегі радиодан әуелеген әнді тыңдау үшін мектепке асығып бара жатқан жолынан тоқтап қалатын көрінеді. Әсіресе Дәнеш Рақышевтің орындауындағы «Аңшының әнін» тыңдауға ерекше құмар болған. Әкесі Мырқайдар қарапайым еңбек адамы болғанымен, өнерге жақын жан екен. Анасы Қанымжанның да әншілік қабілеті болған. Демек, Жақсылықтың бойындағы әнге деген құштарлықтың алғашқы ұшқыны өз шаңырағында тұтанған десек, қателеспеспіз.
Жақсылықтың өнердегі алғашқы қадамы да туған жерінде басталады. Кезінде Кетпен ауылына келген белгілі ақын Сырбай Мәуленов оның әнін тыңдап, ерекше ықылас білдіріп, «Бұлбұл бала» деп атаған. Сол бір ауыз сөз ауыл баласының өнерге деген сенімін арттырып, кейін ән өнерінде өз орнын тапқан белгілі әншіге айналды.

Оның өнер жолында қазақтың маңдайына біткен талай дара тұлғаның орны бар. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрадалық студияда Қайрат Байбосыновтан тәлім алды. Жетісудың жезтаңдай әншісі Дәнеш Рақышевтің өнер мектебінен өтті. Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі әйгілі «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрінің жеке әншісі болып жеті жылдай еңбек етті.
«Сарыбидай», «Аңшының әні», «Балқадиша» секілді әндерді оның орындауында тыңдаған жандар әлі күнге дейін сол бір әуезді үнді сағынышпен еске алады. Әншілікпен қатар ұстаздық қызмет атқарып, музыка арқылы ұрпақ тәрбиелеуге де өз үлесін қосты.
Аудандық Мәдениет үйіндегі еске алу шарасы Жақсылық Мырқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмемен танысудан басталды. Мұнан соң «Қарадала» халық театрының әртістері «Өнегелі өмір – өшпес есім» атты театрландырылған қойылымын сахналады.
Кеште алғашқы сөзді аудан әкімі Талғат Байеділов алды. Аудан басшысы Жақсылық Мырқаевтың қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өзіндік орны бар тұлға екенін айтып, оны кейінгі ұрпаққа танытудың маңызына тоқталды. Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Жұмабай Қайранбай әншінің өнерге деген адалдығын, адамдық болмысын, ел есінде қалған жарқын сәттерін әңгімеледі. Аудандық ақсақалдар кеңесінің және «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов өнер иесінің есімін ұлықтаудың ұрпақ алдындағы мәнін сөз етті.
Білім және мәдениет саласының үздігі Нұрмұқа Шаймерденовтің көпшілікке жасаған тартуы тіпті ерекше болды. Ол Жақсылық Мырқаевтың сүйіп шырқайтын әндерінің бірін орындады. Сахна төрінен әуелеген таныс әуен көптің көңіліндегі сағынышты қайта оятты.

Бұл кештің ең бір жүрекке жақын тұсы Жақсылық Мырқаевтың отбасының қатысуы болды. Әншінің зайыбы Кәмила апай балаларымен бірге арнайы келіп, көпшілік құрметіне куә болды. Жылдар өтсе де, жұбайының есімін ұмытпай, өнерін ардақтап жүрген қарадалалықтарға Кәмила апайдың айтар алғысы мол екен. Мінбеге көтерілген ол еске алу шарасын ұйымдастырған азаматтарға, өнердегі замандастарына, туған жердің жұртшылығына ризашылығын жеткізді. Кешке белгілі әнші Дәнеш Рақышевтің қызы Гүлнар да арнайы келіп, жылы лебізін білдірді. Мұның да өзіндік сыры бар. Өйткені Жақсылық Мырқаевтың өнер жолын Дәнеш Рақышевтің есімінен бөліп қарау мүмкін емес. Ұстаз бен шәкірт арасындағы өнер сабақтастығы олардың өмірімен ғана шектелмей, кейінгі ұрпаққа да жалғасып жатқандай әсер қалдырды.
Еске алу шарасының тағы бір ерекшелігі – оның құрметіне ұйымдастырылған «Әнмен өрілген ғұмыр» атты дәстүрлі әншілер байқауы болды. Қазақтың дәстүрлі әні – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Әр өңірдің өзіндік әншілік мектебі, орындау мәнері бар. Арқаның кең тынысты әні, Жетісудың сыршыл әуені, батыстың екпінді сазы – бәрі де қазақ ән өнерінің байлығын танытады. Сол бай мұраны кейінгі буынға жеткізудің бір жолы – жас әншілерді қолдау, олардың өнеріне жол ашу. Бұл тұрғыдан алғанда Жақсылық Мырқаевтың жетпіс жылдығына арналған байқаудың мәні бөлек. Өйткені өзі бүкіл ғұмырын дәстүрлі ән өнеріне арнаған әншіні еске алудың ең жарасымды жолы да сол әнді шырқату емес пе?!
Байқауға Алматы, Жетісу облыстары мен алыс-жақын қалалардан жиырмаға жуық дәстүрлі әнші қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Әрқайсысы қазақтың төл өнеріне деген сүйіспеншілігін ән арқылы жеткізуге тырысты.
Байқау қорытындысында бас жүлде Таңжарық Әлдібайға бұйырды. Бірінші орынды Тілеуберді Бақытұлы иеленсе, екінші орын Заңғар Толымбекке, үшінші орын Сродджаддин Кабдилхаликке берілді. Ал Мәулен Нұржан мен Серікәлі Тұрдәлі ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен кейін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, өнердегі замандастары мен аға-інілері әннен шашу шашты. Қазақтың дәстүрлі әндері шырқалған кеште жиналған қауым Жақсылық Мырқаевтың өнерін тағы бір мәрте еске алды.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы

