Күй – құдірет! Күй – ата-бабадан жеткен аманат! Домбыраның қос шанағынан төгілген күйде халқымыздың жаны, ары, мұңы, зары, бар болмыс-бітімі жатыр. Күйшілік те әркімге бір қона берейтін қасиет. Осы өнердің бұлағынан қанып ішкен белгілі композитор, дирижер, КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына биыл 100 жыл толуда.
Дәулескер күйші 1925 жылы 1 сәуір күні Іле ауданы Шилікемер ауылында (қазіргі Н.Тілендиев ауылы) дүниеге келген. Әкесі Тіленді ауыл-аймаққа белгілі домбырашы болған. Анасы Салиқа да әйгілі Кенен ақынның қарындасы, төңірегін әншілігімен тәнті еткен, тіпті сырнайда да ойнаған жан екен.
Әкесі туралы толғанғанда: «Күй негізін әкемнен үйрендім. Мен соны қолымнан келгенше дамыттым. Әкемнің тартқан күйлері әлі күнге дейін құлағымда тұрады. Пышақтың жүзімен күй тартатын еді. Мен соны үйрене алмай кеттім», – деген екен сазгер.
Өнердің бастау-бұлағы
Нұрғиса бала кезінен бір орында отырмайтын, қолды-аяққа тұрмайтын тынымсыз болыпты. Анасының баласы бір бәлеге ұрынып қалмасын деп, аяғын ағашқа байлап қоятын кездері де болған екен. Артынан баланың қызығушылығын домбыраға қарай бұрған. Сөйтіп, Нұрғиса бес жасында әкесінен домбыра тартуды үйренген.
Жасөспірім шағында-ақ қазақ пен қырғыздың, орыс пен татардың музыкалық аспаптарын тегіс үйреніп, ауыл жұртын таңқалдырады. Бұл Нұрғиса өнерінің бастау бұлағы еді. Ал оны үлкен өнерге жетелеген Ахмет Жұбанов болатын. Бір күні Ахмет Жұбанов Нұрғиса тұрған үйдің жанынан өтіп бара жатып, домбыраның үнін естіп қалады. Ұлттық аспапта сонша шебер ойнап отырған кім екенін білгісі келеді де, баланы көріп, анасынан ұлының тағы бір рет домбыра тартып беруін сұрайды. Шешесі Салиқа келіседі. Бірақ тіл-көз тимесін деп баласы мен Жұбановтың ортасына шымылдық іліп қояды.
Ахмет Қуанұлы баланың күй тартқанын ұйып тыңдап, оған музыкалық білім алуға кеңес береді. Дарынды ұл П.Чайковский атындағы музыка училищесіне бірден қабылданады. Онда баламен басқа композитор Латиф Хамиди айналысып, оны би класына жазып қояды. Іссапардан келген Жұбанов талантты домбырашы балет сабақтарына барып жүргенін көріп, дереу музыка класына ауыстырады. Домбырамен қатар, Нұрғиса бокспен де айналысқан. Алайда Ахмет Жұбанов: «Не бокс, не музыка!» деп шарт қойғаннан кейін Нұрғиса өнерді таңдайды.
Соғысқа аттанған бозбала
Нұрғиса Тілендиев өнерге енді ғана келген шағында Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Күйшінің әріптестері майданға кетіп, 1943 жылы Нұрғиса Тілендиев те соғысқа аттанады. Оған сол кездегі көпшілік жастар сияқты 16 жастағы жігіттің төлқұжатына екі жас қосып жаздырып алуы себеп болады.
«Өз мінезі тік, түрі қатыгез болғанымен, бір айтып адамды именетіндей қылып тастағанымен бұл кісінің жүрегі жып-жылы, кәдімгі бала сияқты. Соғысқа барғанда жанындағы немісті көздеп жатыр дейді. Сонда жанындағы адамдарға: «Мына иттің баласын атсам өліп қалар ма екен?» деп, ана немісті аяп тұр», – деп жазған екен Нұрғиса туралы кезінде журналист, өнертанушы Жарқын Шәкәрім.
Осылайша 1945 жылдың 9 мамырына дейін Нұрғиса Тілендиев Курск шайқасынан бастап Берлинді алғанға дейінгі жолмен жүріп өтеді, бірнеше рет жараланады. «Ерлігі үшін!», «Берлинді алғаны үшін!», «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталады.
Ол әскери қызметте қалуды да ойлаған. Бірақ Ахмет Жұбанов әскери округ бастықтарына соғыстан соң елде талантты музыканттарға деген қатты сұраныс болатынын жеткізіп, Тілендиевті қайтару туралы өтініш жазады. Ақыры Нұрғиса 1945 жылдың қазанында әскерден босатылады.
«Отырар сазы»
1948 жылы Нұрғиса Тілендиев Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясына емтихан тапсырып, оқуға түседі. Ұлт аспаптары бөлімінде екі жыл оқып шығады. Оқуын аяқтаған соң, Мәскеу консерваториясына оқуға барады. Ол осы оқу орнына түскен алғашқы қазақ еді. Елге оралған соң, Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының бас дирижері болып тағайындалады. Одан кейін Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде бас дирижер, көркемдік жетекші болады. Ал 1964-68 жылдары Абай атындағы опера және балет театрының директоры, 1968-81 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет істейді. 1981-1998 жылдар аралығында тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде бас дирижер қызметін атқарады.
Қазақ филармониясы жанынан құрылған «Отырар сазы» оркестрі басында шағын ансамбль ретінде өнер көрсетті. Ал екі жылдан кейін оркестр болып құрылды. Оркестр қос ішекті, үш ішекті домбыра, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, жетіген, шаңқобыз, асатаяқ сынды ұлттық музыкалық аспаптарды жандандырды. Артынан оған кең шанақты және шіңкілдек домбыралар, нарқобыз, жезқобыз, месқобыз, сазген, шертер, адырна, даңғыра және тағы басқа аспаптар қосылды. Композитор өзі құрған «Отырар сазы» оркестрін академиялық деңгейге дейін көтерді.
Нұрғиса Тілендиев қазақ музыка өнерінде өшпес із қалдырды. Ол тұңғыш рет қазақ музыкасын төл аспаптарымен оркестрлік үлгіде дыбыстаудың тамаша үлгісін көрсетті. Сазгер 500-ден астам музыкалық төл туындының авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да кең. Ішінде ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера мен балет бар. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері, «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сынды әндері халықтың рухани қазынасына айналған. Мұның сыртында 40-тан астам пьесаға және 20-дан астам фильмге музыка жазған.
Нұраға музыкасын жазған М.Әуезовтың, Ш.Аймановтың, Т.Ахтановтың, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, сондай-ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа» фильмдері мен «Ақсақ құлан», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмдері қазақ сахнасы мен көгілдір экранының классикасына айналған.
Аққуларды билеткен
Нұрғисаның күйі «Қыз Жібек» фильміндегі аққуларды билеткен. Сценарий бойынша, Төлеген мен Жібек некесі қиылған соң, махаббат нышаны ретінде айдында жүзіп жүрген аққуларды көрсетеді. Алайда, аққулар бір-біріне жақындамайды. Су астындағы сүңгуір мамандар аққуларды қосуға тырысып бақса да, екеуі екі жаққа жүзіп кетеді. Осы кезде фильм режиссері Сұлтан Қожықов пен Нұрғиса Тілендиев ақылдасып, алдын ала таспаға жазылып алынған «Аққу» күйін қосады. Күйді естіген бойда екі аққу бір-біріне жақындап келіп, бастарын түйістіріп, ырғалып билей жөнеледі.
Нұрғиса аға қаладағы Панфилов атындағы саябақта жиі серуендейтін. Бір күні кафедралдық собордың жанында демалып отырған шағында шатырға тырна келіп қонғаны сол-ақ екен, құзғын қарғалар жан-жақтан шоқып, ұшырып жіберді, қайта қонып еді, маза бермеді. Сөйтіп, тырна Алатауға беталып ұшып кетті.
– Жалғыздық деген қандай? – деп Нұрағаң жылап жіберді. Тырнаның тағдыры композитордың жан-дүниесін астан-кестең етті. Кешке Тұманбай ақынды шақырған ол болған оқиғаны баяндап, әннің мәтінін жазуды өтінді. «Құстар әні» осылайша өмірге келген еді.
Дариға, домбырамды берші маған…
Композитор Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Нұтфолла Шәкенов, Бәкір Тәжібаев, Мұқағали Мақатаев сынды ақындармен тығыз шығармашылық байланыста болды. Бір күні Нұрғиса Тілендиевтің шаңырағына қонаққа ақиық ақын Мұқағали Мақатаев келеді. Екеуі әңгіме-дүкен құрып отырғанда Нұрғиса: «Даха, домбырамды берші маған», деп жары Дариғаға домбырасын алғызып, «Аққу» мен «Арман» күйлерін тартып береді. Осы әсерлі сәтті жүрегінен өткізген ақын інісі «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлең жазып береді. Артынан сазы да жазылады.
Бұл кездесуден кейін ақын композитордың үйінде бір ай жатып, екеуі 32 әнді дүниеге әкеледі. Соның ішінде «Саржайлау», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Мен сендерді іздеймін», «Сөнбейді, әже, шырағың» және тағы басқа шығармалар бар. Нұрғиса Тілендиев пен Мұқағали Мақатаевтың бірлесе отырып жазған соңғы әні – «Есіңе мені алғайсың».
Нұрғиса Тілендиевтің Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Куә бол» әні айлы түнде дүниеге келген. Бірде Нұрғиса Тілендиев жан жары Дариғамен Алматы өзенінің жағасында қыдырып келе жатады. Сазгер өзен жағасындағы тастың үстіне шығып, біресе айға, біресе жұлдыздарға қарап: «Куә бол, жұлдыз, куә бол, айым, куә бол, Алатауым!» – деп әндете жөнеледі. Кейін сөзін ақын інісіне жаздыртып алады. Осылайша «Куә бол» әні дүниеге келген. Бұл композитордың сүйген жарына арнаған ең алғашқы туындысы еді.
Жамбылдың көзін көрген
Нұрғиса Тілендиев жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың жақын туысы болып келеді. Бала кезінде Жамбыл атасының алдында отырып, талай ән-жырын тыңдаған. Көз жұмбас бұрын: «Мені Жамбыл атамның жанына қойыңдар. «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар», – деп аманат айтқан екен.
Композитор 1998 жылғы 15 қазанда 71 жасында өмірден озды. Өзінің өсиетімен Жамбыл ауылындағы Ж.Жабаевтың кесенесі жанына жерленді.
Күйшіге көзінің тірісінде-ақ, «Қазақ сазының сайыпқыраны» деген атақ берілген. Бүгінде Нұрғиса Тілендиевтың атымен аталатын музыка мектептері, музейлер мен көшелер бар. Алматы қаласындағы Нұрғиса Тілендиев тұрған пәтер композитордың мемориал-үйіне айналды.
Нұрғиса ағамыздың үміт артқан перзенті Дінзухра әке таяғын қолына алып, «Отырар сазы» оркестріне жетекшілік етуде. Оркестрдің бас дирижері ретінде репертуарын кеңейтіп, алыс-жақын шет елдерде қазақ өнерін насихаттап жүр.
Нұрағаның зайыбы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, киноактриса Дариға Тілендікеліні композитордың мол туындысын шашау шығармай жинақтап, кітап болып шығуына, мұражай-үйінің ашылуына мол септігін тигізді. Ендігі міндет – халқы сүйген өнер иесінің жүз жылдығын өз дәрежесінде атап өтіп, артынан қалған мол мұрасын насихаттау, жас ұрпақ жадында мәңгі қалдыру.
Ұлыдан ұлағат
Жамбыл Жабаев:
«Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар».
Дінмұхамед Қонаев:
«Музыка – адамзаттың әмбебап тілі ғой. Ол біздің жан-дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана-салтымызға баулитын сиқырлы күш. Мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын тыңдаған сайын осындай ойға қалам».
Қанабек Байсейітов:
«Нұрғисаның тұла бойы толған дыбыс қой, оның денесінен бір жапырақ етті үзіп алып, лақтырып тастасаң, ол екеш оған дейін бүлкілдеп, өлең айтып жатады».
Алма Есенбай