Сыбайлас жемқорлық. Осы бір аты да, заты да оғаш ұғым ойға оралғанда бойды суық сезім билеп, көңіл көкжиегі кірбең тартатыны, сананың сазға батқандай күй кешетіні рас. Жемқорлық жайлаған жерде әділетсіздік белең алатыны, жауырды жаба тоқу, жоқтан бар жасап асыра сілтеу, өтірікті өрге бастырып қоғам байлығын қымқырудың түрлі айла-тәсіліне жол ашылатыны, халықтың табан ет, маңдай терімен тапқан несібесін өзіне бұйыртпай жеке бастың мүддесіне пайдалану, қасықтап жинағанын шөміштеп шашып, ту-талақайын шығару жоғарыдағы ойымызға дәлел болатыны өзінен-өзі түсінікті.
Еліміз тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет атанған 30 жылдан аса уақыт бедерінде еркіндіктің баянды болуы жолында көптеген игі іс жүзеге асырылуда. Дей тұрғанмен, ата-бабамыз мұраға қалдырған ұлан-байтақ жеріміздің асты-үстіндегі ен байлықты қаншалықты еншіледік десек те көзіміз көріп, көңіліміз сенген, құлағымыздың құрышы қанған сыбайлас жемқорлық жағадан алып, етектен тартып тұрғанын айтпасқа болмайды. Мұның салдары мемлекетіміздің экономикалық тұрғыда дамуына, халықтың күнкөріс деңгейінің артуына салқынын тигізуде. Қоғамның тамырына түскен жегі құртпен күрес бүгінгі таңда тоқтаусыз жүргізіліп, аяусыз әшкереленіп жатса да, жазылмасқа айналған аты жаман ауру сияқты тыным берер емес.
Осы орайда сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін халықтың құқықтық сауатын арттырудың маңызы зор. Өйткені конституциялық тәртіпті қорғау, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту – бүгінгі таңдағы басты мақсат болып саналады. Осы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тың серпін беретін «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Мемлекет басшысының Жарлығы қолданысқа енгізілгені белгілі.
Сыбайлас жемқорлықпен күреске арналған іс-шаралар Райымбек ауданында қарқынды жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, 2024 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өңірде «Халық заңгері» жобасы жұмысын бастады. Құқықтық сауаттылықты арттыру, консультациялық көмек көрсету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру негізінде құрылған мобильді топ елдімекендерді аралап, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырды. Аталған шара аудан орталығындағы Мәдениет үйінде және Халыққа қызмет көрсету орталығында өткізілді. Одан кейін Ақбейіт ауылындағы Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжі ғимаратында жалғасын тауып, көкейкесті мәселелерге назар аударылды.
Жамбыл ауылында 2021 жылдың қыркүйек айында басталып, мердігер компанияның міндетін тиісті деңгейде орындамауына байланысты тоқтап қалған Мәдениет үйінің құрылысы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің араласуымен 2024 жылы қайта қолға алынып, аталған нысан пайдалануға берілді. Қазір ауыл тұрғындары жаңа мәдениет ошағының игілігін көруде. Аудандық және жергілікті жердегі кітапханаларда «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – көпке тиген үлес» тақырыбында конференциялар өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Денсаулық сақтау орындарында, білім ошақтарында, мекеме, ұйымдарда, спорт кешендерінде құқық қорғау саласы мамандарының қатысуымен «Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам», аудандық Мәдениет үйі мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері бірлесіп «Сыбайлас жемқорлық – жастар көзқарасымен» деген тақырыптарда жиын өткізіп, сахналық қойылым көрсетті.
Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны анық. Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бәріміздің ортақ парызымыз. Болашағымыздың жарқын, тәуелсіздігіміздің баянды болуы әділетті қоғам арқылы жүзеге асатынын жан-тәнімізбен сезіне білсек, нұр үстіне нұр болады.
Берік ДҮЙСЕНБАЕВ,
Райымбек ауданының әкімі