Жаңа жылдың алғашқы күндері 15 қарасайлық отбасы баспаналы болды. Пәтер кілтін тапсыру салтанаты Қарасай аудандық әкімдігінің мәжіліс залында өтті.
Бұл күні баспаналы болған тұрғындарды аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров құттықтап, қуаныш иелеріне пәтер кілтін табыстады. Бір айта кетерлігі, тұрғын үй әлеуметтік тұрғыдан осал топтар өкілдеріне бірнеше санат бойынша берілді. Олардың арасында жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және толық емес отбасылар бар. Бұған дейін пәтерлер негізінен «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінен беріліп келсе, бұл жолы олар Қаскелең қаласындағы бірнеше тұрғын үй кешендерінен сатып алынған.
Жаңа қоныс иелері арасында 10 жылдан астам уақыт үй кезегінде тұрғандар да бар. Соның бірі – «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталған көпбалалы ана Кәмила Әшірбаева.
– Мен үшін 2025 жыл ерекше, өйткені ол жақсы жаңалықтан басталды. Біз бұл сәтті 10 жылдай күттік. Кейде сенімімізге селкеу түсіп, көңіліміз құлазыған кездер болды. Бірақ үмітімізді үзбедік. Енді міне, Аллаға шүкір, көптен күткен арманымыз орындалды. Осы қуанышымызға себепкер болған аудан әкімдігіне алғыс айтамын. Елімізде осындай жақсылық көп болсын! – деді ол.
Бұл пәтерлер республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынған. Олар ҚР Үкіметінің 2023-2029 жылдарға арналған «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту концепциясын бекіту туралы» қаулысына сәйкес жалға берілді. Былтырдан бері аудан бойынша әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын 87 азамат пәтер алған екен. Алдағы уақытта тағы жүзден астам отбасы тұрғын үймен қамтылмақ.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы